Күні кеше ғана Ақмола облысында ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні зор өрлеумен атап өтілді. Еңбек озаттары марапатталып, жүзден жүйрік шыққан үздіктерге жеңіл автокөлікке дейін сый-сияпаттар жасалды.

 Берекелі, мерекелі жыл

Бұрынғы жылдары бұлай болмап еді. Осы жолы салтанатты жиналысты жүргізушілер алты адамның жеңіл көліктерге ие болғанын хабарлап жатқанда, біз, залда отырған еңбек ардагерлері бұған шын мәнісінде қуанып отырдық. Өйткені, бұл еңбек адамына, оның күнді түнге ұластырған қажырлы еңбегіне берілген шынайы баға екені айдан анық. Екінші жағынан мұның өзі Елбасы атап көрсеткеніндей, еңбектің қадіріне жете бастағанымыздың көрінісі болса керек. Бір кезде әртүрлі мерекелерде тек басшылар, соның ішінде шаруашылық жетекшілері ғана марапатталған кездер де болған. Ал, қазір қарапайым еңбек адамына іш тартып жатқанымызды өте орынды деп білеміз.
Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күнін атап өту бұрыннан келе жатқан дәстүр. Біздің кезімізде де солай болатын. Облысымызда кейінгі жылдары сол үрдістің жандандырыла түсуін тек қолдауымыз керек. Ауыл шаруашылығы өте ауыр сала. Ауа райының қолайсыздықтары әр кезде бірдей көздеген нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік бере бермейді. Сол себепті, осы салада жұмыс істейтін адамдардың еңбегі нағыз адал еңбек.
Биыл облыс ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің маңдай тері мен қажыр-қайраты өз жемісін беріп, Ақмола облысы жалпы жиналған астық көлемі жөнінен республикамызда бірінші орынға шықты. Орташа гектар түсімі де жылдағыдан анағұрлым жоғары болып, 14 центнерге жуықтауы біздің өкшемізді басып келе жатқан кейінгі ұрпақтың Жер-Анамен жақсы жұмыс  істей білетіндігін көрсете түсуде. Шетелдік жаңа техниканың мүмкіндіктері, озық технологияның қолданылуы ауыл шаруашылығы өндірісін жаңа сапалы деңгейге көтеріп келеді.
Мен ауыл шаруашылығын барлық салалардың ішіндегі ең бастысы деп айтар едім. Өйткені, біздің сала бүкіл елді азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыр. Биылғы мол астық облыста оның жеткілікті қорын жасап қана қоймай, сонымен бірге, жыл аяғына дейін 2 миллион тонна сапалы астықты шетелдерге экспортқа шығаруға да қолайлы жағдай туғызуда. Бұл біздің осы тұрғыда алға басқанымыз.
Жуырда Парламент палаталарының бірлескен отырысында қабылданған Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы Декларациясында «Басты бағдары Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы құндылықтары болып табылатын әлеуметтік тұрақтылық қоғамы құрылды» деп атап көрсетілді. Декларация-да айтылған осы және басқа да тұжырымдамаларды біздің ардагерлер де қолдайды.
Қазір біздің облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ардагерлер ұйымында әр жылдары ауылдық жерлерден облыс орталығына қоныс аударған  көптеген ауыл еңбеккерлері есепте тұрады. Олардың ішінде кешегі басшы да, Социалистік Еңбек Ерлері, басқа қызметкерлер де бар. Ұйымымыз осы ардагерлермен  тығыз байланыста болып, түрлі іс-шаралар өткізуі үшін шаруашылық басшылары мен шаруа қожалықтарының жетекшілері шама-шарқынша демеушілік көмек көрсетеді. Оған біз әрине, ризамыз.
Дегенмен, ең басты ризашылығымызды Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа, облыс әкімі Сергей Витальевич Кулагинге айтқымыз келеді. Облыс басшысының ардагерлерді қолдауының арқасында мерекелік шаралардан қалмаймыз. Соның бір айғағы, өзіміз де облыс табысына ортақтасқан ауыл шаруашылығы қызметкерлері мерекесі. Мұндайда біз, аға ұрпақ өкілдері де тәуелсіздігіміздің, 25 жылдығы  қарсаңында қолға алынып жатқан игі істердің бір жағынан шығысып, еліміздің облысымыздың алға өрлеуіне қолымыздан келген көмегімізді көрсете беретініміз сөзсіз.  

 Алтай НҰРҒАСЫМОВ,
облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы
ардагерлер ұйымының төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар