Көп ұлтты отбасы

Ақмырза деп аталатын өзеннің жағалауында Бимжановтардың шаттыққа толы шаңырағы тату-тәтті күн кешіп жатыр. Бұл әулет аталған өзеннің атымен аталатын ауылда тұрады. Отағасы Секен Қалиұлы мен от анасы Нина Васильевна 57 жыл отасып, бес бала тәрбиелеп өсірген, өз ортасына сыйлы жандар.

  Нина әжей Қазақстанға 1955 жылы Кировоград облысынан қоныс аударған. Ол кезде небәрі 15 жастағы бала еді. Олар алғашында Веренка ауылында тұрады, анасы сол елді мекендегі ірі ауыл шаруашылығы кешенінде жұмыс істейді. Қызы да анасының жолын қуды, оның да бар еңбек жолы осы саламен тығыз байланысты. Сауыншы болып, сүт жинау-дан жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Әкесі Василий Антонович Фин соғысынан оралғаннан кейін отбасының қасында көп бола алған жоқ. Ұлы Отан соғысы басталып, ол тағы майдан даласына аттанады. Кейіпкеріміз арада біраз жыл өткеннен кейін ғана әкесінің Латвияда ерлікпен қаза тауып, сонда жерленгенін естіген. Оның ендігі мақсаты – өзі ес білгелі өмір сүріп келе жатқан Қазақстанда әкесі жайлы тым болмаса, естелік тақта қалдыру.
Сөйткен апамыз бүгінде сүйікті жарымен қалай танысқандығын да ерекше ықыласпен еске алады. Қазақ жігіті оның ашық мінезі мен жан жадыратар күлкісін ұнатса керек. Сәкен атамыз мектепті бітірісімен тракторшылар курсына барып, өзінің еңбек жолын механизатор болып бастайды. Жалпы, Бимжановтар әулетінің  ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек жолы – биыл 91-інші жылға кетті. Өз істеріне деген адалдықтары болар, олардың еңбек кітапшалары қызметтеріне деген зор жауапкершіліктері мен қол жеткізген табыстары үшін берілген алғысқа толы.  Осы саналы ғұмырында бұл тағдырлы шаңырақ иелері тек өз әріптестерінің ғана емес, ауылдастарының да құрметіне ие болды. Нина Васильевна халық депутаты болып сайланды, осы бір қайсар мінезді арудың арқасында сол кездегі Тимофеев кеңшарының талай толғақты мәселелері өзінің оңтайлы  шешімін тауып жатты. Олар ферма мен астықты алқапта жан аямай, бірлесе еңбек еткен тұстастарын аса бір жылылықпен еске алады. Бұл азаматтардың өмір жолына зер салар болсаңыз, қазіргі ауылдың тарихымен астасып жатқандығына куә боласыз.
Бүгінде өздерінен тараған ұрпақтан он немере, алты шөбере сүйіп отырған олар өздерін бақытты жандар санайды.  Келіндер мен күйеу балалардың арасында  да әр ұлттың өкілдері бар. Бұл шаңырақтан қазақтармен қатар, орыстарды және татарларды да көруге болады. Олар – келіндер мен күйеу балалар. Маңыздысы олардың қай ұлттан болғандығында емес, адамгершілігінде, тәрбиесінде болса керек. Секен ата мен Нина әжейдің балалары бойларына ата-анасының асыл қасиеттерін сіңіре білді. Олар қашанда үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсетуді, еңбекқорлықты,  сөзді іспен дәлелдеп отыруды және басқалармен жылы қарым-қатынаста болуды басты орынға қояды. Отағасының айтуынша, осы саналы ғұмырында ол өзінің сенімді серігімен үй салды, ұрпақ өсірді және ағаш отырғызды. Ең бастысы, ұл-қыздары өмірден өз орындарын тапты.
Кез-келген қазақ отбасындағыдай, мұнда да азаматтардың есімі бірінші болып аталады. Секен атаның тұңғышы  Серік – Астанада бір құрылыс компаниясының басшысы, оның еңбегінің нәтижесін ата-анасы тұрып жатқан кең де жайлы үйден  көруге болады. Былтыр дәл осы жігіттің бастамасымен Новомарковка ауылында жан-жағы абаттандырылған жылы мешіт салынды. Бүгінде ол Алла разылығы жолында құлшылық етушілер үшін жұмыс істеп тұр. Ауыл тұрғындары осы бір игі ісі үшін оған ұдайы ризашылықтарын білдіріп отырады. Қазіргі таңда Серік ауыл шаруашылығын дамытуды да қолға алып отыр. Екінші ұлы – Мейрам да Елордада жемісті еңбек етіп жатқан жанның бірі. Нина Васильевна сол ұлдан тараған бір немересінің күрестен ел чемпионы, ал, тағы біреуінің Франция, Испания сияқты бірқатар Еуропа елдерін аралаған биші екендігін бізге мақтана айтты. Ал, үйдің кенжесі Төлеген – жүк көлігінің жүргізушісі, оның да екі баласы бар. Қыздары Раиса болса, өз бақытын осы ауылынан тапқан жан. Мария – Калининградта. Бірақ, бала-шағасын ертіп, ата-анасына келіп тұрады.
Сөз соңында басынан талай қиыншылықты өткерген ата-әжеміз бүгінгі бейбіт күнге жетер дәуреннің жоқтығы мен елдегі тұрақтылықты сақтаудағы Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың айрықша рөлін тілге тиек етті. Олар осы тыныштықтың ешқашан бұзылмай, келер ұрпақтың оның жемісін көргендігін қалайды.
Раушан НҰРҒАЗИНОВА.

Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар