Көп тілегі – татулық пен сыйластық

1. «Бірлік» деген ұғымды қалай түсінесіз?
2. Ел бірлігі сізді қалай толғандырады?

Қарақас ІРГЕБАЕВА,  
«Ақмола облыстық мұсылман әйелдері лигасы» қоғамдық бірлестігі  төрайымының орынбасары:

– Ел басына күн туған қилы замандарда халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған ынтымақ пен бірлік екені баршамызға аян. Еліміздің басты байлығы да  көпұлтты халқының татулығы болып табылады. Оны көздің қарашығындай сақтау әр азаматтың борышы. Бүгінгі берекелі басқосу тарих беттерінде алтын әріптермен жазылары хақ.
 Ауызбірліксіз биік мақсат үдесінен шығу мүмкін емес.  Тек бірлесе еңбек етіп, қиындыққа бірге төтеп берген халық қана  дербес елдіктің шаңырағын тіктей алады. Осылайша еліміздегі ішкі ынтымақтың нәтижесінде Қазақстан экономикасы қарыштап дамып, мәдениеті өсіп-өркендеп келе жатқан мемлекеттердің қатарында. Халқымызда «Бақ берерде елге ырыс қонады, ұстанған жолы дұрыс болады» деген даналық сөз бар.
Олай болса, ынтымағы мен бірлігі жарасқан еліміздің көк байрағы көгімізде желбірей берсін демекпін. Жүзге бөлініп жүзіміз күймей, руға бөлініп іштей ірімей тәуелсіздігімізді, ауызбіршілігімізді  бағалай білейік.
Елдің бірлігі мен татулығы тәуелсіздігімізді мызғымастай етіп нығайтудың ең құдіретті құралы болып табылады. Бейбітшілік пен тұрақтылық ел өміріне күрделі өзгерістер енгізіп, ел саясатының ең басты қағидасына айналып отыр.  Осы ретте, Қазақстан халқы Ассамблеясы халықты жұмылдырудың құрылымы, ел бірлігінің тұтқасы десек, асыра айтқандық емес. Оның  жүйелі жұмысы жерімізді  бейбітшіліктің киелі бесігі атандырды. Соның нәтижесінде Ассамблеяның халықаралық қатынастарының аясы да күн өткен сайын кеңейіп келеді. Барша халықты бір атаның балаларындай татулық пен түсіністікке, тыныштық пен тұрақтылыққа ұйытты.  Еліміздің ең басты байлығы – ел бірлігі болып қала
бермек.

 

 

 

 

Сағынай СЕЙІТЖАНОВ,
Астрахан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясында сөйлеген сөзінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз бірліктің негізінде тұрған халықпыз. Елде кез-келген адамның құқықтары тапталса, барша Қазақстанның құқығы тапталып жатыр деп есептеу қажет. Барлық заңдар, Конституция осыны айтып отыр», – деген болатын. Ұлт Көшбасшысының бұл пікіріне толық қосыла отыра, бірлік көпұлтты еліміздің басты қазынасы дегенді айтқым келеді.
 Жиырма бірінші ғасыр кейбір елдер үшін қантөгіс, соғыс дәуіріне айналғаны ешкімге жасырын емес. Осының бәрі түсінбестіктен, бірліктің жоқтығынан болып отыр. Ардагерлер кеңесіне төрағалық еткен он үш жыл ішінде ақсақалдар бірлесіп, кейінгі жастарға ең әуелі Отанды сүюге, онда тұрып жатқан халықтарды құрметтеуге, сыйлауға үйретіп келеміз. Ауданда 3 Ұлы Отан соғысының ардагері, 311 тыл еңбеккері тұрады. Жастар бейбітшіліктің қаншалықты маңызды екенін ұғынсын деген ниетпен оларды мектеп, колледж оқушыларымен жиі кездестіреміз.
Менің ойымша, үнемі жұмыс үстінде жүрген адам бірліктің, ұйымшылдықтың да қадірін біледі. Қырық жыл «Сауда» аудандық тұтынушылар кооперативінде тапжылмай еңбек еткендіктен, бірлік бар жерде тірлік болатынын, «ұжым» сөзінің мағынасын жақсы түсінемін. Қызу еңбек ортасында жүріп, ешқашан ұлтқа бөлінген емеспіз. Керісінше, қиын-қыстау күндері бір-бірімізге демеу бола
білдік.
Бүгінде зейнеткерлікке шықсам да, көпшілікпен жұмыс істеуге деген құштарлығым мені үйде отырғызбай, ардагерлер ұйымына алып келді. Біз секілді қарттардың басты тілегі – тәуелсіз Қазақстанымыз аман болса екен дейміз. Ұлттар арасында достық ешқашан
таусылмасын.

 

 

 

 

Роза СӘДУАҚАСОВА,
Ақпан Үкібаев атындағы орта мектептің директоры:

 

– Дана халқымыз «Бірлік түбі – тірлік» деп бекер айтпаған. Әлбетте, халық айтса қалыс айтпайды ғой. Бұл екі ауыз сөз  ынтымақтың, ауызбіршіліктің мән-маңызын айқындай түседі. Бірлік ұғымы өте киелі. Қаншама қиыншылық пен қарсылық күштер көп болғанымен, ынтымағы мен бірлігі бар ортаны жау алмайды. Біздің мектепте оннан аса өзге ұлт өкілдері оқып жатыр. Балалармен тез тіл табысып,  қазақ тілінде білім алуда. Сонымен бірге,  олар домбыра үйірмесіне қатысып, мектепішілік іс-шараларда көрермендерді  өнерімен тәнті етіп жүр.
Әлбетте, бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі елдің ғана ырысы мол болмақ. Сондықтан, жеткен жетістіктеріміз бен табысымыз  елдігіміздің кілті – бірліктің арқасы екенін ұмытпайық. Ел бірлігі – ең асыл қасиет. Ел бірлігі дегеніміз ең алдымен қазақтың бірлігі, елімізде өмір сүретін өзге ұлт өкілдерінің бірлігі. Біздің елімізде тұратын 130-дан астам этнос өкілі бір шаңырақ астында уыздай ұйып, өзге мемлекеттерге  отансүйгіштіктің, бірліктің  үлгісін паш етуде. Демек, бейбітшілікті аңсап, ынтымақтастыққа ұмтылып отырған әлем халықтарына үлгі бола аламыз. Сонымен бірге, барлығымызды елімізді өркендету жолындағы ортақ мүдде, ортақ мақсат бір арнаға тоғыстыруда. Дүйім дүние дүрбелеңге түскен қазіргі таңда оның өзектілігі, тіптен арта түсуде.  Қазақстан халқы қазір ынтымағы жарасқан, бірлігі берік ел екенін көрсетті.
Алдымызда әлі бағындырар асу көп. Біздің мұратқа жетуіміз еліміздегі бейбітшілікке, рухани тұтастығымызға, қоғамдық келісімді сақтауымызға байланысты. Ел бірлігін сақтау өте күрделі іс. Ол үнемі жетілдіруді, заманауи сын-қатерлерге уақытында тойтарыс беріп отыруды қажет етеді. Осы орайда, Елбасымыздың ұстанып отырған саясатының дұрыстығын өмірдің өзі көрсетуде.

Жарқайың ауданы.

 

 

 

Николас СИРБИЛАДЗЕ,
«Казгру-Холдинг»
жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры:

 

– Бүгінгі таңда біздің елімізде көптеген ұлттар тұрады, олар бір-бірімен тату-тәтті араласады. Берекелі ел болуымыз  үшін ынтымақ пен бірлік қажет.
Біздің «Казгру-Холдинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бастапқыда «Бай-Азат» серіктестігі деп аталып, 2007 жылы құрылған болатын. Осы серіктестікте «Шортанды шұжығы» маркасымен шұжық өнімдерінің бірнеше түрі шығарылып, Астана қаласы мен Ақмола облысының 500-ден астам сауда орындарында сатылады. Серіктестікте 150-ге жуық адам еңбек етеді. Бір сөзбен айтқанда бірнеше ұлт өкілдерінен тұратын ұжым еңбеккерлері бір отбасының баласындай бірлікте, достықта тіршілік жасауда. Шаруашылықтың игі істерден көрінуі әрине, ұжым мүшелерінің бір-бірімен түсінісуінің арқасында дер едім.
«Бірлік қайда болса, ерлік сонда, еркіндік қайда болса, елдік сонда» демекші, биылғы 1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі күні мерекесін жылдағыдай ерекше қуанышпен тойлаудамыз. Бүгінгі таңда Қазақстан халқы ынтымағы жарасқан, бірлігі берік ел екенін көрсетіп отыр. Соңғы кездері бірлік сөзін жиі айтып жүрміз. Елдің барлығы бізге бірлік керек деп жатады. Ел болған соң, бірлік бізге ауадай қажет. «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген аталы сөз соның айғағы іспеттес. Бірақ та бүгінгі алмағайып заманда сол сөздің қадірін, мағынасын ғана біліп қоймай оны қалай жасау керектігін түсінгеніміз абзал.  
Мәселен, осы күні бірлікті бекіту қажет, міне осы тұрғыда терең ойланып барып әрекет еткен дұрыс. Мен оны былай деп түсіндірер едім. Осы күні жаһандық дағдарыс салдарынан көптеген мемлекеттер неше түрлі қиыншылықтарды басынан өткізіп жатқан кезде біздің елімізде қолға алған ісіміз оңға басып жатыр. Осының барлығы ненің арқасы?! Бірліктің арқасы дер едім.

Шортанды ауданы

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар