Көрерменін қуантқан қойылым

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры драматург Баянғали Әлімжановтың «Супер жеңгетай Серкеш» комедиясын көрермен назарына ұсынды.

Қазіргі замандағы адам баласын толғандырған бірқатар өзекті мәселелерді арқау еткен спектакльдің қоюшы-режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Жанат Хаджиев, қоюшы-суретшісі  ҚР мәдениет қайраткері Серікқан Омаров. Комедиялық қойылымның басты кейіпкерлерін Елдар Отарбаев, Гүлбаһрам Байбосынова, Сафуан Шаймерденов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Сағызбай Қарабалин сомдады. Пьесаның авторы шығарманың астарына үңілген жан терең сыр аңғаратынын айтты.
– Бұл қойылымда бүгінгі замандағы халқымыздың қазіргі қалпы мен мінезінің кейбір қырлары көрсетілген. «Қаптан шыққан қара қыз» деп аталған бұл пьесамды осыдан бірнеше жыл бұрын Қызылорда театры «Еңсұлу-Меңсұлу» деген атаумен сахналаған болатын. Шынын айтсам, бұл шығарма халқым бір рахаттанып күліп, демалсын деген ниеттен туған туынды. Біле білсек, күлкінің астарында терең ой мен өмірдің шындығы жатады. Күлдіре отырып, көрермен көңіліне ой ұялатқымыз келетіні рас. Қойылымдағы әр образдың, әр оқиғаның астарында өрілген ой бар. Қаламның қуатымен өмірдің шындығын, адамның тағдырын көрсете отырып, оқырманды ойландыруға ұмтылдым. Бұл қойылымның 70 жылдық тарихы бар киелі өнер ордасында сахналанғанына шын жүректен қуаныштымын, – дейді Баянғали Әлімжанов.
Адамды күлдіре отырып, ойландыратын қойылымнан көрермен жақсы ой түйіп, рухани қуат алып тарқасты. Қара басының ғана қамын күйттейтін, көңілді кірлететін қасиеттерден арылу қажеттігі туралы сыр шертетін қойылымның астарынан адамгершіліктің асыл қасиеттерін сақтап қалған адам ғана өмір сынағынан сүрінбей өтетіндігі айқын
аңғарылады.  

«Арқа ажарының»  өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар