Көрмеден көргендерім қайран қалдырды

ЭКСПО көрмесі – әлемдік деңгейдегі өте ауқымды, маңызды шаралардың бірі. Халықаралық көрме Қазақстанды әлемге барлық қырынан танытуға ықпалын тигізері даусыз.

  «Жасыл экономика», болашақтың энергиясы тақырыбы аясында өтіп жатқаны халықаралық көрме балама қуат көзін табуға үлкен ықпал жасайтыны анық. Бұл тақырып өте тың, әрі қызықты. Сондықтан да болар, көрме жер бетіндегі барлық мемлекеттерді қызықтыруда. Өзім барып тамашалаған уақытта  көрмеге келіп жатқан қатысушылардың санының көптігіне таң қалдым. Көрме дүниежүзіне осы саладағы қазақстафндық ақыл-ойдың қуаты мен әлеуетін паш етуде десем, артық айтқандық болмас.
ЭКСПО нысандары үшін салынған жол, қоғамдық көлік, коммуналдық шаруашылық, әуежай, вокзал тәрізді нысандарды көріп таңданғанымды да жасыра алмаймын. Бұл дегеніміз – жаңа жұмыс орындары, Астана мен оның маңындағы аймақтарда шағын және орта бизнестің, туризмнің дамуына серпін беруде деген сөз. Елімізге шетелдік туристердің көптеп келе бастағанын айтпаса да түсінікті.
ЭКСПО болашақта Қазақстанды ірі инвестициялар құюға болатын тартымды экономикалық алаң ретінде тануға мол мүмкіндік береді. Сонымен, ЭКСПО-2017 көрмесі Қазақстанды әлемге тағы да бір жаңа қырынан танытты. Яғни, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында дамып-жетіліп, құқықтық-техникалық негіздері күшейіп жатқан, келешегі жарқын еліміз Азия мен Еуропаның арасындағы алтын көпірдің рөлін атқаруда. Екіншіден, халықаралық көрме Қазақстанның 25 жылда жеткен толайым табыстарын күллі әлемге паш етуде. Үшіншіден, мамандандырылған көрме қазақстандықтарды Мемлекет басшысының 2050 жылға дейінгі белгілеген стратегиясында әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 мемлекеттің қатарына қосу мақсатына жігерлендіретін күш-қайрат деуге болады.
Бір күннің ішінде 20-ға жуық павильонмен танысып шыққаннан кейін, көргенімнен көретінім көп екен деген ойда қалдым. Әр павильонды аралап болған соң, ішіндегі ең көзтартатыны Қазақстандікі екендігіне көз жеткізгенімде, бір марқайып қалдым.
Жалпы көлемі 25 гектар жерді алып жатқан көрме аумағында ірі елдердің павильонынан бөлек, тақырыптық залдар,  «Болашақ энергиясы» музейі ретінде ұсынылған «Нұр Әлем» кешені бар. Алып ғимаратта негізгі энергия түрлері: ғарыш, күн, жел, су және кинетикалық энергия үлгілері көрсетіледі және «Астана – болашақтың қаласы 2050» экспозициясы ұсынылған. «Нұр Әлемде», сондай-ақ, 5000 шаршы метрлік алаңда Қазақстанның Ұлттық павильоны орналасқан. Оның бірінші бөлігінде келушілер Қазақстанның тарихы мен мәдениетімен, осы күнгі тынысымен және болашаққа құрған жоспарымен таныса алады. Ал, «Жасампаз қуат» аймағында көрме тақырыбы аясында отандық ғалымдардың үздік жобалары, Мемлекет басшысының энергетика және қоршаған ортаны қорғауға қатысты бастамалары, табысты іске асырылатын өңірлердегі «Жасыл экономика» жобалары қойылыпты.  «Үздік тәжірибелер аймағы» атты арнайы павильонда тұрақты энергия көздері саласындағы технологиялар мен жобалары көрініс тапқан.  Үш айға созылатын көрменің бұдан басқа да қызықтары көп екен.
Өткенге көз жүгіртсем, Елорданы Алматыдан Астанаға көшіру мәселесін Президент Нұрсұлтан Назарбаев алғаш рет 1992 жылы көтергені, Ақмола деп аталған Астана Елбасының Жарлығымен 1997 жылы Қазақстан Республикасының Астанасы деп жарияланғаны, 1998 жылғы 10-шілдеде Қазақстанның жаңа елордасы – Астананың халықаралық тұсауы кесілген сәттері әлі есімде. Сөйтіп, кезінде тыңгерлердің астанасы ретінде белгілі болған қаламыз – бүгінде Орталық Азия өңіріндегі жедел дамып келе жатқан тәуелсіз Қазақстанның бас қаласы. Қазақстандықтардың барлық ұрпақтарының арманы мен үміті астасып жатқан Астана, бір қырынан, жаңа Қазақстанның мақтанышы, екінші қырынан – ұлттық идеяны орнықтырудың және елді біріктірудің нышаны.
Бүгінде саяси ерік-жігердің, батылдық пен батырлықтың көрінісі болып тұрған Астанамыз ЭКСПО-2017 көрмесіне жиылатын миллиондаған халықты сыйғыза алатын, сыйғызып қана қоймай, әсем ән мен тәтті күйге бөлейтін, қонағына сый-құрмет жасайтын құтты шаңыраққа айналды. Осындай шаттыққа толы шақтарымыз бен қуаныш кернеген күндеріміз ұзағынан сүйіндірсін.

Ерлан АХМЕТ-СӘЛІМ,
 «Ақкөл өмірі»  газетінің редакторы.
Ақкөл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар