Көрнекті суреткер туралы елеулі еңбек

«Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің отырысында Қазақстан Республикасы Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Амангелді Қашқымбаевтың «Ілияс Есенберлин» атты ғылыми-танымдық шығармасы көпшілікке таныстырылды.

  Аталған қоғамдық кеңес төрағасы Мейрамбек Қиықов ашып,  жүргізіп отырған игі шараға партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, жазушы Жабал Ерғалиев, басқа да зиялы қауым өкілдері қатысып, тарих,  жаңадан жарыққа шыққан еңбек жайлы келелі ойларымен бөлісті.  
Тарихшының Ілияс Есенберлиннің өмірі мен шығармашылық жолға түсуінің елеулі тұстарын қамтыған, тарихи-танымдық тұрғыда жазылған бұл еңбек «Ұлы дала тұлғалары» сериясымен шығып отыр. Кітаптың алғы сөзін жазған тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Аяған автордың жеке тұлға өмірін зерттей отырып сол заман ахуалына, саясат пен әдеби ортадағы ағымдарға шынайы баға бергенін атап өткен екен. Мұндай пікірлер Ақмола облысының тарихи  өлкетану мұражайында өткен жиында да зиялы қауым өкілдері тарапынан көп айтылды.
Сенатор Жабал Ерғалиев бұл шығармада Ілияс Есенберлиннің көпшілік біле бермейтін қырлары тамаша суреттелгенін  айта келе, соны Көкше қауымына әдейілеп келіп таныстырғаны үшін авторға зор ризашылығын білдірді. Атбасардағы Есенберлин атындағы әдеби мұражайдың директоры Ұлбосын Камбатырова ұлы жазушының туғанына 100 жыл толуына орай туған жерінде қыркүйек айында ғылыми-практикалық конференция өткізуге дайындық шараларының басталып кеткенін айтса, мерейлі датаның биыл ЮНЕСКО көлемінде атап өтілетіні жайлы хабар да жиналған қауымды бір қуантып тастады. Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында тұрған тәуелсіз еліміз үшін бұл үлкен мерей.
Қатысушыларға өзінің еңбегі жайлы әңгімелеп, сұрақтарына жауап берген тарих ғылымдарының кандидаты Амангелді Қашқымбаев Ақмола облысының тарихи өлкетану мұражайына, кездесуге келген басқа да қонақтарға өз кітабын сыйға тартты. Онан әрі жиын пікір алмасуға ұласып, қатысушыларға арналып мұражай ішінде экскурсия ұйымдастырылды.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар