Көрсеткіштер жақсарған, алға басушылық та бар

дегенмен, ірі  ауыл шаруашылығы құрылымдарының  аздығы алаңдатады

Қорғалжын ауданы бүгінгі таңда облысымыздағы жер көлемі орташа аудандардың қатарына жатады. Бір кездері екі жүз мың гектардан астам алқапқа дәнді дақылдар егіп, әр шаруашылықта кемінде он мың қара мал, ал «Құмкөл» кеңшарында жиырма мыңға жуық қой өсірген ауданда бүгінде ірі ауыл шаруашылығы құрылымдары шамалы. Сонау жекешелендіру басталған кезде аудандағы 9 кеңшар тұрғындары «ортақ өгізден оңаша бұзауды артық» санап бөлініп, көптеген шаруа қожалығы ашылып, облыс бойынша алдыңғы қатарға шыққандығы ұмытыла қойған жоқ. Өкінішке орай, бүгінде әрқайсысы 100-200 гектар жер өңдейтін шаруа қожалықтарының жағдайлары ойдағыдай деуге келмейді.

 Дегенмен, соңғы уақытта ауданда жағдай күрт жақсарып кетпесе де, алға басушылық бар деуге болады. Әрине, ондаған жылдар бойы қалыптасқан  шаруашылықтардың іргесі сөгілген соң, тез арада ол кездегі деңгейге жету қиын. Жоғарыда айтып өткеніміздей, қазіргі уақытта бұрынғы 20-30 мың гектарға егін егіп, мыңдаған бас ірі қара өсіретін шаруашылықтар тарих қойнауында қалды. Оның айғағы ретінде аудандағы 22513 ірі қара малдың тек төрт мыңнан астамы ғана ауыл шаруашылығы құрылымдарында екендігін айтуға болады. Қарапайым тілмен айтсақ, аудандағы мал негізінен тұрғындардың қораларындағы бірді-екілі сауын сиырлары мен бұзаулардан құралады. Ал, отыз мыңнан астам қой мен ешкінің тек екі мыңдайы ғана ауыл шаруашылығы құрылымдарына тиесілі. Рас, кейінгі жылдары «Балтабеков и К» серіктестігі Біртабан ауылында, «Агроэкспорт ЛТД» компаниясы Екпінді ауылында мал бордақылау алаңдарын іске қосып, жағдай біршама алға баса бастады. Сондай-ақ, Қараегін, Арықты, Үшсарт елді мекендеріндегі шаруашылықтарға артар үміт мол. Алдағы уақытта олардың қатары көбейсе  жағдай жақсара түсер еді.
Енді нақты деректерге сүйенер болсақ, 2016 жылдың қаңтар-сәуір айларында 586,6 миллион теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері шығарылған. Бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 140 пайызды құрайды. Оның ішінде жыл басынан бері тірі салмақпен 880,9 тонна ет өнімдері өндірілсе, бұл да өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда 127,8 пайызды құрап отыр. Сондай-ақ, сүт өндіру де біршама көбейген екен.  Әрине, бұл мүмкіндігі мол Қорғалжын ауданы үшін соншама жоғары көрсеткіш емес. Алайда, өнім өндіру осындай қарқынмен (20-40 пайыз өсім аз емес әрине) өсетін болса іс алға басып келеді деуге әбден болады.
Жоғарыда көрсетілгендей, ауданда 22513 бас ірі қара мал бар. Өкінішке орай, бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда сәл төмен көрсеткіш. Ал, ауыл шаруашылығы құрылымдарындағы мал саны өткен жылмен салыстырғанда 67 пайыз ғана.  Яғни, етке өткізілген малдың орны толтырылмаған деуге болады. Сондай-ақ, сиырлардың жалпы саны аудан бойынша өткен жылғы деңгейден сәл көптеу болғанымен, ауыл шаруашылығы құрылымдарында кеміп кеткен. Мұның бәрі ауданда әлі де болса мал саны негізінен үш-төрт қара малын талғажау қылып отырған тұрғындарға тәуелді болып тұрғандығын көрсетсе керек.
Егіс саласында биыл жаздық егіс алқабының 100 мың гектардан асқандығы көңілге демеу. Әрине, бір кездердегідей екі жүз мыңнан астам алқапқа дән сіңіруге ерте болар. Дегенмен, ауданда егіс көлемі 70 мың гектардан төмендеп кеткен жылдар болғандығын еске алсақ, алға басушылық бар дейік. Сондай-ақ, 350 гектарға майлы дақылдар, 200 гектарға зығыр, 151 гектарға  картоп, 63 гектарға көкөніс себілетіндігін қоссақ егіс саласын әртараптандырудың қолға алынғандығын көреміз. Сонымен қатар, 3979 гектарға азықтық дақылдар, оның ішінде 1830 гектарға көпжылдық және 2149 гектар алқапқа біржылдық шөп егілетіндігі де мал азығы мәселесінің  басты назарда екендігін байқатады.
Бүгінгі таңда экономиканы алға бастыру үшін түрлі инвестициялардың алар орны ерекше екендігі белгілі. Осы тұрғыда цифр тіліне жүгінсек, биылғы жылдың қаңтар-сәуір айларында аудан бойынша негізгі капиталға 225,7 миллион теңге көлемінде инвестиция жұмсалған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда небары 33,2 пайызды құрайды. Оның себебі, 2015 жылы республикалық бюджет есебінен 442 миллион теңге инвестиция салынса, биыл республикалық бюджеттен инвес-тиция жұмсалмаған.
Әрине, экономика алға басу үшін шағын және орта бизнесті дамыту керек екендігі белгілі. Бұл орайда аудандық статистика бөліміндегі мәліметтерге сүйенсек, үстіміздегі жылдың өткен төрт айында барлығы 658 шағын және орта кәсіпкерлік нысандары бар екен. Олардың 69-ы шағын, біреуі орта және 474-і жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Сондай-ақ, 114 шаруа қожалығы жұмыс істейді деген мәлімет бар. Бір қарағанда біршама жоғары көрсеткіш деуге болады. Алайда, шығарылған өнімдерге қарасақ, ауданда шағын бизнестің «тасы өрге домалап» тұр деуге ертерек. Яғни, кәсіпкерлік негізінен сауда саласында ғана қарқын алып тұр. Айтпақшы, өткен жылдың осынша кезеңімен салыстырғанда кәсіпкерлікке ден қойғандар біршама артқаны көңілге демеу. Үстіміздегі жылдың қаңтар-сәуір айларында ауданда сауда айналымының көлемі 28,3 миллион теңгені құраған екен. Дегенмен, бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда 83,3 пайызды құрап отыр. Әрине, теңгенің құнсыздануы, соған орай өнеркәсіп және азық-түлік тауарларының қымбаттауы, тұрғындардың сатып алу мүмкіндіктерінің біршама төмендеуі әсер етсе керек. Ауданда кейіннен ашылған Қараегін ауылындағы «Ақман» жол бойы дәмханасы, «Нұрдәулет» дүкені, жеке кәсіпкер Бекмағамбетов ашқан монша, «Тарлан» дәмханасы сынды нысандардың шағын бизнестегі үлес салмақтары қомақты болса игі.
Жоғарыда айтылған мәселелердің бәрі сайып келгенде аудандағы әлеуметтік көрсеткіштерге әсер етеді. Осы орайда ең бастысы, тұрғындарды жұмыспен қамту. Үстіміздегі жылдың өткен төрт айында ауданда 88 адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Бүгінге дейін олардың 67-сі жұмысқа орналастырылыпты. Әлі де 23 адам жұмыссыз отыр. Бір назар аударарлығы,  2016 жылдың бірінші тоқсанында орташа жалақы көлемі 88480 теңгені құраған. Бір қарағанда бір-екі малы, қой-ешкісі, бау-бақшасы бар ауыл тұрғындары үшін (облыс бойынша шамамен 99 мың теңге)  бұл біршама жақсы көрсеткіш деуге болады. Дегенмен, «орташа» деген ұғымның қалай құралатыны да белгілі ғой. Қысқаша айтқанда біреу өте жоғары жалақы, ал енді біреу мардымсыз жалақыны місе тұтуға мәжбүр.
Міне, жоғарыда айтылған мәселелерге қарап Қорғалжын ауданындағы әлеуметтік-экономикалық ахуалдың қандай деңгейде екендігін біршама пайымдауға болатын шығар. Аудан басшылары мен мамандарының біраз мәселелерді шешуде біліктілік танытып отырғандығы қуантады. Дегенмен, «бәрі ойдағыдай» деуге ерте. Егіннің шығымдылығы негізінен ауа райына тәуелді болатын, жерінің құнарлылығы да мақтауға тұрарлық емес аудан үшін мал шаруашылығын қарқынды дамытуды қолға алу керек-ақ. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл орайда мал бордақылау алаңдары ашылып біраз істің беті қайтарыла бастаған сыңайлы. Бірақ, әсіресе мал өсіруде ауданның мүмкіндігі мол екендігі ақиқат. Сондай-ақ, әзірге ет өндіруде негізгі салмақ жекеменшік иелеріне түсіп тұрғандықтан мұнда шөп, жалпы мал азығын дайындауға жете көңіл бөлінсе дұрыс. Бірлі-екілі малын етке өткізіп, аудан көрсеткішіне қомақты үлес қосып отырған тұрғындардың ол малды қалай асырап отырғандығына да назар аударған дұрыс. Мал бордақылау алаңдарын ашып, тұрғындарды жұмыспен қамтып, істің алға басуына септігін тигізіп отырған ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының болашағы зор екендігі дау тудырмайды. Алайда, негізгі мәселені шешіп отырған әзірге жекеменшік иелері екендігін ұмытуға болмас.
Міне, Қорғалжын ауданындағы бүгінгі жағдай осындай. Ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға қарап біраз істің беті қайтарыла бастағандығын байқауға болады. Тек, қарқынды бәсеңдетпей, бюджеттің бүйірін толтыра түсуге сеп болатын жұмыстарды тезірек қолға алу қажет-ақ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар