Көшет отырғызу еселеп өседі

Экология еріктілері Қазақстан бойынша 18 миллион көшет отырғызбақшы.
 Бұл істі «Байтақ-болашақ» экологиялық альянсы қолға алып отыр. Қазақстан жер көлемі жағынан әлем бойынша 9-ыншы орында тұр, алайда ормандарда ағаш аз. Ағаштың 68 түрі ғана бар, бұл небары 1,2 пайызды құрайды, жабайы бұталар мен сексеуіл ағаштарын қосқанда, 4,2 пайыз. «Бұл климат пен ауаға, адам денсаулығына теріс ықпал етеді. Қазақстанның 58 пайызы шөл, жартылай шөл дала, 10 пайызы тау», – дейді альянс өкілдері.
Сондықтан, осы альянс басшысы Азаматхан Әміртаев барша қазақстандықтарды елімізді көгалдандыру ісіне белсене атсалысуға шақырды.

Димаш көрмеге шақырды

ЭКСПО кезінде Димаш Құдайбергеннің жеке концерті өтеді.
 Астанада ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде танымал әнші Димаш Құдайбергеннің жеке концерті өтеді.
Концерт елордадағы «Сарыарқа» республикалық велотрегінде 27 маусым күні кешкі 19:00-де басталады деп көрсетілген. Кеш 2 сағатқа созылады. Әзірге билеттер сатылымға шыққан жоқ. Естеріңізге сала кетейік, Димаш Құдайберген бұған дейін «Жэньминь жибао» («Халық газеті») басылымына сұхбат беріп, қытайлық азаматтарды Астанада өтетін ЭКСПО көрмесіне шақырған болатын.
Қазір Димаш осы елде өтіп жатқан «Singer 2017» ән байқауының финалына жолдама алды.

Головкиннің
кезекті қарсыласы

Бүкіләлемдік бокс кеңесі Геннадий Головкиннің кезекті қарсыласын анықтады.
Жерлесіміз енді аргентиналық Хорхе Хейланд пен америкалық Джермалл Чарло арасындағы кездесудің жеңімпазымен жұдырықтасады. Бұл туралы Вести.кз порталы ESPN Deportes порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл жекпе-жекте Бүкіләлемдік бокс кеңесінің (WBC) белбеуі сарапқа салынады. Чарло өзінің соңғы кездесуін өткен жылдың желтоқсан айында өткізіп, Джулиан Уильмстан үстем түскен еді. Хейланд болса, бірнеше уақыттан бері орта салмақта WBC рейтингінде көш бастап келеді.

Су тасқыны
бой бермеуде

Перуде су тасқынынан қаза болғандар саны 90-нан асты.
Елді жайлаған табиғат апатынан 20 тұрғын із-түссіз кетті. 350-дей адам түрлі жарақат алған. Төтенше жағдай жөніндегі орталықтың хабарлауынша, бірнеше ай бойы тоқтамай тұрған нөсер жаңбыр мен су тасқындарынан  200 мыңнан астам үй мен ғимарат қирап, жүздеген мың адам баспанасыз қалған. Ал, жалпы табиғат апатынан 860 мыңнан астам тұрғын зардап шегіп отыр.
Табиғат апатына Тынық мұхитындағы «Эль-Ниньо» ағымы себеп. Өйткені, бұл ағым елге нөсер жаңбыр әкелген.

Үй ішінен
өтетін пойыз
Көпшілік адамдар  тұрғын үй таңдағанда, оның қоғамдық көлік аялдамаларына жақын болғанын қалайды.
Ал, Қытайдың Чунцин қаласында пойыз ғимараттың ішінен өтеді, деп жазады CNN. Жеңіл рельсті жолаушылар пойызы 19 қабатты тұрғын үйдің 6-8-қабаттарынан өтеді. Яғни, тұрғындар ғимараттан шықпай, пойызға отырып кете алады.
Чунцин – Қытайдың оңтүстік шығысында орналасқан мегаполис. Онда 49 миллион халық тұрады.

Кәрілікке қарсы
дәрі жасалды

Голландияда кәрілікті жеңетін дәрі табылды.
Эразм Роттердамский атындағы университеттің іргесіндегі медициналық орталықтың ғалымдары кәрілікке қарсы дәріні тышқандарға сынап, жақсы нәтижеге қол жеткізген.
Cell журналында жарияланған баяндамада кәрілікке қарсы препаратты қабылдаған тышқандардың белсенділігі артып, олар жүгіріп өткен қашықтық екі еселенгені айтылған. Сондай-ақ, ғалымдар кеміргіштердің жүні жылтырап, кейбір ішкі ағзаларының, әсіресе бауыр жұмысы жақсарғанын аңғарыпты. Сынақ бір жыл шамасында жүргізіліп, оған адам өмірімен салыстырғанда 90 жастағы қариямен шамалас тышқандар қатысқан. Енді ғалымдар бұл дәріні адамдарға сынап көруді жоспарлап отыр.
inform.kz, baq.kz.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар