Кәсіптің көзі – тәуекелдікте

Отбасының береке-бірлігін сақтап, сүйікті жар, ардақты ана атанып, әрі заман талабына сай кәсіпкерлікті де дөңгелетіп отырған нәзік жанды әйелдер аз емес. Аудан орталығында алғашқылардың бірі болып дүкен, дәмхана ашып, халықтың ықыласына бөленіп жүрген кәсіпкер Клара Шуманқызы да сондай жандардың бірі. Мереке қарсаңында кәсіпкерге жолығып, атқарып жатқан жұмыстары туралы сұрастырып, білген едік.

– Клара Шуманқызы, сіз ауданда алғашқы болып, кәсіптің көзін ашқан нәзік жандардың бірісіз? Әйел адам үшін кәсіпкерлікпен айналысу қаншалықты қиын?
– Әрине, бұны бір сөзбен айтып шығу мүмкін емес. Сондықтан, оны еске түсіру үшін жастық шақтың естеліктеріне көз жүгірту керек. Институтты оқып бітіргеннен кейін аудандық тұтынушылар одағында жұмыс істедім. Кәсіпкерлікті  ең алғаш сіңілім Күләш екеуіміз бастадық. Әуелі қажетті тауармен сауда жасауды бастадық. Қиындықтар да болды. Біз оған мойымадық. Сөйтіп, 2003  жылы ауданымыздағы алғашқы бизнес орталығы – «Мини маркет» дүкенін аштық.  Тұтынушыларға қолжетімді бағамен ұсынып, қажетті барлық тауар түрлерімен қамтамасыз ету басты мақсатымыз еді. Міне, содан бері 14  жылдың жүзі болды. Өткен жылы бизнесімізді кеңейту мақсатында Тәшенов көшесінің бойынан «Гүлнар» дәмханасын аштық. Дәмханамыздың жұмысы сәтті басталып, қазіргі уақытта аудандық деңгейдегі түрлі іс-шаралар мен аудан қонақтарының тамақтануға келетін орнына айналды. Мұндағы ас мәзірін сіңілім Күләш пен қызым үшеуіміз дайындаймыз. Таза табиғи азық-түліктерді пайдалана отырып, қонақтарымыздың қалауына сай кез-келген тағам түрлерін дайындауды да үйреніп алдық.  Осы еңбегімізді бағалап, ел тәуелсіздігінің  25 жылдығына орай мерекелік медальмен марапатталдым.
– Кәсіпкерлікпен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласасыз? Осының барлығына қалай уақыт табасыз?
 – Адам өмірге келген соң қайырымдылықпен және сауапты іспен айналысуы қажет. Елбасымыздың жанұялық бизнес бас-тамасын қолдау мақсатында құрылған кәсіп болашақ ұрпақ үшін қажет. Яғни, қыздарымыз бизнестің қыр-сырын танып, болашақта біздің бастап берген игі істерімізді жалғастырып әкетсе деген арманым да жоқ емес. Ауданымызда өтетін барлық іс-шаралардан қалыспауға тырысамын. Менен көмек сұрап келушілер көп. Адамға қарапайымдылық жарасады. Қазіргі уақытта аудан әкімі Азамат Тайжановтың бастамасымен жаңа мешіт ғимараты бой көтеріп келе жатқаны қуантады. Жас кезімізден ата-анамыз адамдарға қамқор болуға, қоғамның дамуы-
на үлес қосуға тәрбиеледі. Аудандық деңгейдегі кәсіпкерлермен кездесу, ашық есік күндері сияқты маңызды шаралардан да қалдырмай шақырып отырады.  
– Мемлекет тарапынан бизнеске қолдау көрсетілуде. Осы қолдауды қаншалықты сезінудесіз?
– Елбасымыз өз сөзінде кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, қанатын кеңге жаюға жағдай жасау қажеттігі туралы үнемі айтады. Мен өз кәсібімді ашқан уақыттан бастап аудан басшыларының қолдау- көмегін көріп келемін. Аудан әкімі Азамат Тайжанов үнемі  жағдайымызды сұрап, көмек қолын ұсынып жатады. Бұған дән ризамыз. Мемлекеттік бағдарламалар несие алып, кәсіпкерлікпен айналысуға зор мүмкіндік береді.  Мемлекеттің мойнына отырып алып, маған бер дей бергеннен гөрі, мен не бере алам дейтін уақытқа жеткен сияқтымыз. Жаңа жұмыс орындарын ашып, табыс көзін кеңейтіп, отбасылық бизнесті ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп қалдырып отырса қандай тамаша. Мен де жастарды кәсіпкерлікпен айналысуға шақырамын.  
– Кәсіпкер әйелдердің өкілі ретінде 8  наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай, қандай тілек айтар едіңіз?
– Халықаралық әйелдер күні жылына бір-ақ рет келетін көктем мерекесі. Ал, көктем  сұлулық пен шынайылықтың мейрамы. Өңірдің барша нәзік жандыларын көктем мерекесімен  шын жүректен құттықтаймын. Осы бір тамаша көктем мерекесі әйелге тән әдемілік пен нәзіктіктің мәңгі белгісі сияқты. Сіздердің атыңызға айтылатын ақ алғыстар мен жылы сөздер ешуақытта толастамасын. Көктемнің басымен келетін мерекелік көңіл-күй сіздердің сергектіктеріңіз бен күш-жігерлеріңіз қуат көзіне айналсын. Сіздерге және отбасыларыңызға әрқашан бақыт және сәттіліктер тілеймін!
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбатты жүргізген Майра МЫРЗАТХАНҚЫЗЫ.
Аршалы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар