Әке көрген оқ жонар

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, облыс орталығындағы «Арна» колледжінде «Шаңырақ» әлеуметтік-психологиялық зерттеу қоғамдық қоры мен қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Әке асқар тау» байқауы   болып өтті.

Отбасындағы  әкенің рөлін арттырып,  бала мен әке арасындағы   қарым-қатынасты  нығайту мақсатында өткізілген байқауға жеті әке қатысып,  бала тәрбиесіне ана ғана  емес,  сонымен қатар, әке де  жауапты екендігін  айқындай түсті.
Шараның  алғашқы кезеңі   «Менің әкем неге үздік?» деп аталды.  Мұнда   әр бала өз  әкесін таныстырып,  бос уақыттарын қалай өткізетіндіктері туралы арнайы түсірілген бейнероликтерді көрсетті.  Байқау барысында әке мен  бала арасындағы байланыс-ты айшықтайтын әртүрлі жағдаятқа толы сүйеніп қойылған сұрақтар көптің көңілінен шықты.  Сондай-ақ,  әкелер қандай өнегелі сөздермен балаларын  тәрбиелейтіні жайлы да айтылды.
Ал, «Күшті әке» спорттық   бөлімінде  байқауға қатысушылар өзара күш сынас-ты.  Сайыстың  қорытындысы бойынша  өнер мен білімді қатар өрген Жарас Қалдаров жеңімпаз атанса,  екінші орынға  балаларының шымыр болып өсуі үшін спортқа ден қою керектігін ұғындырып жүрген  Ринат Аяпов ие болды. Бар тәрбиенің бастауы  –  ұлттық құндылықтарды ұмытпау керек  екендігін басты мақсатым деп білетін Нұрлан Рақымжановқа жүлделі үшінші орын берілді.
Мәдени шарада  қоғамдық қордың директоры Берік Рақышев сөз сөйлеп, байқаудың маңыздылығына тоқтала кетіп, жеңімпаздарды құттықтады. Ал, әділқазылар алқасының мүшесі, облыстық «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов болса,  әке мен бала арасындағы махаббат ерекше болатынын айтып, байқауға  қатысуға  ниет білдірген әкелерге ризашылығын білдірді. Шара соңында қатысушыларға  мадақтама қағаздар мен  сыйлықтар  табыс етілді.  

Назгүл РАБИЛОВА.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *