Кейіпкері – ауылдан

Жазушы мен туған жері қашанда тығыз байланысты. Талантты топырағы тудырады, айналасы қалыптастырады. Өмірлік нәр берген сол бұлақ кейіннен қаламгер туындыларының арқауына айналады.Өз басым Мәди ағаға немере іні болып келемін.  Ол кісінің жолын қуып, мен де журналист атандым.

 

Қағаз беті мен әңгіме-дүкен құрған адам сөзінен інжу-маржан теру кәсібімізге айналды. Осы орайда айтайын дегенім, кітаптарын әр жолы қайталап оқыған сайын бұрын назарыма ілікпеген дүниелерді табамын, кейіпкерлерінің бітім-болмысы мен сөз саптауларына қарап, ауылымыздың сол тұстағы дария кеуде, тау мүсін қарттары, заманы бір қатарластарымен қайта қауышасың. Осыдан соң қаламының қуатымен жазушының жерлестеріне мызғымас ескерткіш тұрғызып кеткендігін сезінеді екенсің!  
«Тұлпардың дүбірінде» («Жазушы» бас-пасы, 1971 жыл. Повесть және әңгімелер жинағы) мынадай сөз бар: «Құркөлдің мәні де, сәні де кетіп барады. Баяғыда Қылшақты өзені келіп құйғанда кемерінен асып, адам айтарлықтай дария боп шалқып жататын. Қазір ол күйінің бірі жоқ. Қылдырықтай Қылшақтыны кез-келген жерінен бейберекет буып, ақырында арнасын топырақ басып қалған жоқ па? Ен жайлаудағы жалғыз көлшімек құрғаса, жылқының күні не болмақ?».
Менің білуімдегі Құркөл бір үйдің аумағындай ғана орынды алып жатыр. Көлшіктің көрінісіне көз үйренгені соншалық, дария болғанын елестетудің өзі қиын. Жылқышы Түнқатардың аузынан шыққан сөз арқылы жазушы экология зардабының шаруашылыққа соққы болып тиетінін мәселе етіп көтерген.
Әкелі-балалы жылқышылар Жаубасар қарт пен Түнқатар бейнесінде Қарамолда атамыз бен ұлы Айтпай (Мұқышевтар) ағамыз алынған. Қарамолданың құрығы құтты жылқышы болғанын әкем Сағди «жылқының шөліркеп тұрғанын түгіне қарап айыратын» деп сипаттаушы еді. Өмірде нақты болған сәтті жазушы былай таратқан: «Балам, осы малыңның күйі көңілімді көншітпей тұр. Мамыр өтіп, маусым туды. Жер отайғалы қашан. Шабындыққа шалғы да салынды. Ал, сенің малың аузы тола шөп жемей, тақыр жерді жайлаған сияқты. Әлі тойынбапты. Әлде нәрі шамалы шөп сұйық па, әлде бағуы бапсыз болып жүр ме?» Енді баласының жауабына назар аударыңыздар: «Меніңше гәптің бәрі – суда жатыр. «От арық, су семіз» деген емес пе, күннің осы ыстығында жылқыны 15 шақырым жердегі Құркөлге айдаймыз. Оның өзінде мән қалған жоқ. Айнала балдыр қаптап, қопалы қорысқа айналып барады».
Қостағы қымыз баптаушы Нұржамал келін – Ажар апамыз. Ал, жылқышының көмекшісі, есімі өзгеріссіз қалған Толқынбек осы апамыздың ұлы. Ас-су тапшы болған соғыс жылдары мен одан кейінгі кезеңде Ленин (Қошқарбай ауылы) колхозы 4-5 шақырымдағы жайлауы Қоскөлде жылқы ұстап, бие сауған. «Үйірілген сары алтындай сары қымыз, ауруға ем, сауға қуат, дәру қымыз» деп Абай атамыз айтқандай, қымыз алдымен қара жұмыстағы колхозшыларға тамақ болған. Одан артылғанын Көкшетаудың базарында саудалап, табыс көзіне айналдырған. Қымыз баптаудың шебері болғандықтан әжем Тұржан Мұсақызы қос іргесін қалаушылардың бірі. Кітапта «әйелдердің басын құрап, сауылатын биелер мен байланатын құлындарға ноқта естіретін, семіз жылқының терісінен саба жасаған» әжеміз шындығында сол шаруаларды атқарған. Ферма жұмысын жолға қойып берген соң әжеміз, жасым жер ортасынан ауып барады, асаулармен арпалысатын бұрынғыдай қуат жоқ деп, шаруаны жастау абысыны Ажар апамызға (кітапта Нұржамал келіні) тапсырған. Соғыстың соңғы жылдары естияр бала Мәди аға қос басында құлын байлап, бие саудырып, саба пісуге көмектескен.
Осы арада айтып өтетін бір пікір, жылқы шаруашылығын дамытуды жазушы өмірінің соңына дейін қаламына нысана етіп өтті. Осы тақырыптың айналасында көтерген мәселелері қызмет еткен «Арқа ажары» («Коммунизм нұры») газетінде, кейіннен жарық көрген кітаптарының барлығында толығымен қамтылды. Қара қостағы көзбен көріп, қолымен өткерген бала кездегі өмір жылқы түлігінің білгірі де жанашыры етіп қалыптастырды.
Жазғы демалыстарында ауылға келгенде сүйсініп істейтін жұмысы – піспе пісу болатын. Аңқыған хош иісі мұрын жаратын қымыз бетіне кілкілдеп сары майы шыққанша өзіне де, біздерге де тыным жоқ. Халқымыздың асыл асына деген сүйіспеншілігі жазушының отбасы  аясымен шектелген жоқ, облыстық газеттегі жылқы шаруашылығына қатысты дүркін-дүркін көтерген проблемалық мақалалары, республикалық теледидардан берілген сұхбаты Целиноград қаласында қымызхана ашуға себеп болды. Сондағы ниеті, қазақтың қанындағы арда мінезінен айырмаудың бір ұшығы, жылқымен тікелей байланысты деп қарады.  
Мінез-құлқы, түр-тұлғасы сол қалпында алынған кейіпкердің бірі, Қойбағар. «Бойшаң, жауырыны қақпақтай балуан тұлғалы құрдасын өзгелерден ерек санайды. Екеуі Айдарлы бауырында дүние табалдырығын бір мезгілде аттаған, ертелі-кеш жұмысқа шыққан аналарының соңынан тел қозыдай бірге томпаңдап, құлын-тайдай тебісіп өскен тату құрбылар. Төргі қабырғада ілінген әскери киімдегі әкесінің суретіне телміре қарап, шешесінің көз жасын сығып-сығып алатынын да ол ерте аңғарды». «Бұлшық еттері бұйра қайыңдай білеулене, екі иығы екі кісіні еркін көтерердей зорайып, атан жілікті аптал азаматқа айналған». Бұл кісі жазушының құрдасы – Қалымтай. Ауылдастары бала кезінен Өкай атап кеткен. «…тойда құрдастарымен әлдеқалай егеске түсе қалған Қойбағар қазысы үш елі семіз жылқының үйме табақ етін жалғыз өзі жеп тауысып, көптің көзін сүріндірген-ді. «Той жасасаң – Жаубасардай жаса, ет асасаң – Қойбағардай аса» деген сөз содан былай мәтел боп тарап кетті…». Жазда демалысқа келген сәттерінде ағам «ой, соққан» (ең қатты сөзі) деп ол кісімен емін-еркін араластын. «Соққан» дейтін себебі, Өкай марқұмның артында қалдырған күлдіргі әрекеттері әлі де айтылып жүр. Соның бірі, бір қойды тауысып қойғандығы. Ал, әскери киімдегі әке суреті оның інісі Қазезтайдың төрінде күні бүгінге дейін ілулі тұр.
Зеренді өңірі мен ауылдастарын өзек еткен енді бір кітабы – «Нартәуекел» («Жазушы» 1975 ж.) романы. «Бірлестік те, Үлгілі де бұрынғы кішкентай колхоздар ғой. Ауылдың құрылысына, көрік-келбетіне енген жаңалық аз. Әрқайсында екі-үшеуден салынған тұрғын үй мен шағын дүкеннен басқа көзге түсері шамалы. Үлгілі ауылының бері шетінде тұрған ескі мешіт әлі күнге дейін клубтың міндетін атқарып келеді. Әрине, басындағы айшықты күмбезі тоқал ешкінің мүйізінше қағылып тасталған.
Алғашқы сыр-сымбатынан жұрдай болған жүдеу мешіт қарттарға әлі ыстық көрінеді. Әрлі-берлі жанынан өткенде кәрі көз досын көргендей елжірей қарап: «құттыханам, күнің не болған» деп аяушылық білдіретін.
Бөренелері ақжем болып тоза бастаған көне мешіттің көрмегені бар ма? Сонау отызыншы жылдары ешқайда көшіп-қонбай, мешіт төңірегінде қалып қойған он шақты кедей шаңырағы бас қосып, колхоз құрады. Колхоздың кеңсесі де, мектебі де, қызыл отауы да осы клубта болатын. Қара қасқа кедей бола тұра, пысықтығымен ертерек көзге түсіп «атқамінер» атанған Мәкетай колхоздың тізгініне таласып, председательге нақақтан жала жапты. «Мектепті де, кеңсені де, қызыл отауды да мешітке, ескі діннің ордасына әдейі қамап отыр. Советке мұның пейілі  жаман» деген айып тағып, председательді қуды да орнына өзі қонжиды. Сондағы Мәкетайдың қолға алған ең бірінші жұмысы – мешітті мұқату болды. Алдымен мешіт төбесіндегі айшықты құртуға ниеттенген ол бірнеше адамды жұмсап, сөзін өткізе алмады. Мәкетай қанша дікіңдегенмен діндар халық мешітке қол сала алмады.
Ашу-ызадан жарылып кетердей болып ісінген Мәкетай шегіншектеген кедейлердің ата-енесінен мықтап тұрып сыбап өтті де, мешітке өзі жармасты. Төбеге өрмелеген тасбақаша тырбаңдап, мешіт төбесіне шықты да тура айшыққа жармасты. Ашумен келіп, айшықтың діңгегін қатты итеріп қалғанда, омырылған ағашпен бірге өзі де етпетінен түсті. Мешіттің шатыры құлама еді, Мәкетай сол жығылған екпінмен сырғанап отырып жерге құлады. Еңселі мешіттен құлаған соң оңсын ба, жамбасы сынып, аяғын үш ай дегенде әрең басты. Оң аяғынан сылтитыны да содан. Сол оқиғадан кейін «киелі» мешітке ешкім жоламай қойған-ды. Тек бертін келген соң ғана есігін қайта ашып, клубқа айналдырған.
Көне мешіттің клубтан басқа да атқаратын қызметі аз емес, колхозда егін бітік шығып, жапырайған саман қойма астыққа сықай толғанда, клубқа да бидай құйылатын. Қар қалыңдап, аяз күшейіп кеткенде жылы клубқа төл де қамалатын».
Қошқарбайда болған оқиға кітапқа сол қалпында түскен, тек кейіпкердің есімі өзгертілген.
Басты кейіпкерлердің бірі Ақжан және Мағрипа (түрлі себептерге орай есімдерін атамауды жөн санадым). Студенттік жылдарды Алматыда бірге өткерген, кейін түрлі себептермен бір-бірінен көз жазып қалған. Өзімен қатарлас жастардың сыйластығы, сүйіспеншілігі туындыға арқау етілген. Олармен жазушы аралас-құралас болған. Ниеттері ақ ғашықтар кітап соңында ақыры бір-бірімен табысады. Қалам киесі деген сол шығар, шығарма жарық көрген 15 жылдан соң Ақжан мен Мағрипа қайта табысып, жарасымды шаңырақ құрды.
«Қайсар» («Жалын» баспасы 1979 ж.) балаларының кенжесі Қайсардың құрметіне аталған. Жоғары оқу орнын бітіріп келген жігерлі жас ауылдағы аяқтан шалуға тырысқан әрекеттерді жеңе жүріп, шаруашылық пен мәдениетті жаңа деңгейге шығарады. Азамат атанғанда ұлымды осындай биіктен көрсем деген жазушы арманы ғой бұл! Егер Кеңес билігі тарамағанда ұлының өмірі расында да солай қалыптасар ма еді? Қазір ізбасары «Астанателеком» филиалында заңгерлер бөлімінің жетекшісі.
Осы кітабынан бастап жазушы шығармаларын Ақмола төңірегіне ойыстыра берген. Кейіпкерлердің кейбірін шырамытамын, көпшілігі бейтаныс.
Сөз түйіні ретінде мынадай жайтты келтіргім келеді: Мәди аға ауылдастарын әдебиет әлеміне енгізіп кетсе, жерлестері орталау мектепті жазушы есімімен атап, рухына құрмет көрсетті. «Тұлпар аунаған жерде түк қалады» деген, қазір осы білім ордасынан атамыз секілді жазушы боламыз деп, балалар қалам тартуға талпыныстар жасауда.

Жанғали ХАСЕНОВ,
журналист, жазушының немере інісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар