Кешіріммен қарау да – адамгершілік

 Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, Тәртіптік кеңес төрағасы Қуаныш Жапақовтың төрағалығымен Тәртіптік кеңестің кезекті отырысы болып өтті.

  Жиын барысында алдымен, Бұланды аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясының басшысы Марат Айжарықовқа қатысты іс қаралды. Ол «ВАЗ – 21705» маркалы автокөлікті қызметтік емес мақсатта қолданған.  Өзі Теміртау қаласына жол жүріп кетіп, көлікті әкімдік гаражында емес, үйінде қалдырыпты. Ал,  келерде туысына хабарласып, жолдан күтіп алуын сұрайды. Неге екені белгісіз, сол екі арада өзі қызметтік көліктің ұрланғандығы жөнінде полицияға хабарлап, бірер сағаттан кейін арызын қайтарып алған. Бұдан бұрын да тәртіптік кеңесте ісі қаралған оған кеңес мүшелері  қатаң сөгіс берген жөн деп шешіп, аудан әкіміне осындай шара қолдануды ұсынды.
Осы ауданның ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Амангелді Кәмелинов асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту үшін жергілікті бюджеттен бөлінер субсидияны шаруашылық субъектілеріне оңды-солды үлестірген. Ал, «Фирма Нанар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен келіп түскен өтінімді кері қайтарып, тек қайта жазылған өтінішті ғана қанағаттандырған. Оның өзінде сұралған соманың тек жартысын  берген. Осылайша, заңды тұлғалардың өз құқықтарын толық пайдалануына кедергі жасады. Кеңес оны өз лауазымына толық сәйкес емес деп тауып, қызметтен төмендетуге ұсыныс білдірді.
Аршалы аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Руслан Құспеков көлігіндегі жарықты қосуды ұмытқаны,  осы аудандағы Ижевский селолық округінің әкімі Жұматай Ахимов өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамағандықтары үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Отырыс барысында ақылдаса келе, кеңес мүшелері олардың айыппұлдарды уақытылы өтегенін, әрекеттерінде мемлекет мүддесіне қайшылықтың жоғын ескеріп, тәртіптік істі тоқтату қажет деп шешті.
«Ақмолажолзертхана»  республикалық мемлекеттік мекемесінің басшысы Геннадий Долгих зертханаға қажетті құрылғыны мемлекеттік сатып алулар бойынша алып, оның тіркеу нөмірін қоймағаны, ақауы бар екендігіне қарамастан, уақытында сотқа шағымданбағаны үшін  айыпталып отыр. Алайда, кеңес қазір аталған құрылғының дұрыс жұмыс істеп тұрғандығын, мемлекетке материалдық шығын келтірілмегенін ескеріп, зейнет демалысына шығуына алты ай қалған тәжірибелі басшыға қатысты істі тоқтатуды жөн санады.
Облыстық құрылыс басқармасындағы заң бөлімінің басшысы  Дәулет Қасенов мемлекеттік сатып алуларды өткізу барысында конкурстық комиссия мүшесі ретінде бір субъектіге басымдық беріп, қалғандарының заңмен белгіленген құқықтары мен мүдделерін шеттеген болуы мүмкін. Алайда, ол комиссия отырысы өткен күні өзінің іссапарда болғанын алға тартты. Істі жан-жақты таразылаған кеңес мүшелері  тәртіптік істі тоқтатты. Тәртіптік кеңес отырысы нәтижесінде қаралған барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

 

Перизат ӘБІЛҚАСЫМҚЫЗЫ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар