Халқының бақыты жолында

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Өмір өткелдері» атты сұхбат кітабы кештеу болса да қолымызға тигендігіне қарамастан, әрі өзім қаламгерлігі мен білімпаздығын жоғары қоятын Сауытбек Абдрахмановтың сол сұхбаттарын сүзіп шығуды парыз санадым. Олай болса, 35,5 баспа табақтық толымды еңбекті оқу үстінде көңілге түйген кейбір тұстарға өз назарымды құлатумен қоса, оқырман қауымның да ой жүгірткені дұрыс болар деп шештім. Өйткені, ширек ғасырға жуық жүріп өткен туған еліміздің тарихын сырттай бақылау бар да, сол тарихты өз қолымен қабырғасын қаттап қалаған тұлғаның өз таным түйсігін, пайым парықтауын сезіну тіптен басқа құбылыс екендігі сөзсіз ғой.

Ұзақ жылғы журналистік тәжірибемізде интервью алудың, яғни, сұхбаттасудың үнемі оң жамбастан келіп отырар ұшқыр да ұтқыр тәсіл екендігін бағамдаушы едім. Ендеше, Сауытбектің де сұхбаттасу арқылы көптеген жағдаяттардың қырық қатпарлы астарына үңіліп, көкейдегі көп сырды барынша жарқырата ашып берсем деген арман аңсарының орындалғандығын қадай айтуға қақылымыз.
Ол жөнінде Сауытбектің өзі де «Сіздің өз өміріңіз туралы әңгімеңізді, адам, заман, қоғам туралы ойларыңызды бір кітапта, жүйелеп айтып шығуға қандай тақырыпты да емін-еркін баяндауға мүмкіндік беретін сұхбат жанры ыңғайлы келеді», – деп мойындайды. Екеуміздің де бір арнадан табыла қалған ой сорабымыз сұхбат жанрының өтімділігі мен өміршеңдігін, өрістілігі мен өркенділігін аңғартса керек.
Кітап мазмұнына үңілсеңіз де сол ойымыз айқындала түседі. Оқып көріңіз: «Ұшқан ұя ұлағаты», «Құрыштың құйылуы», «Теміртау – алтын бесік», «Кемелдену кезеңі», «Тоқырау тұсында», «Сергелдеңнің соңы», «Сын сағаты соққанда», «Тәуелсіздік табалдырығында», «Егемендіктің елең-алаңы», «Тажалды тұншықтыру», «Конституция үшін күрес», «Шекараны шегендеу», «Сыртқы саясат соқпақтары», «Тар жол, тайғақ кешу», «Нұрлы жол», «Астана – елдік ерлігі» болып жалғасып жатыр. Мазмұнда түзілген тақырыптардың өздері-ақ тәуелсіз Қазақстанның жүріп өткен жол ізінің соқтықпалы соқпақсыз алағай да бұлағай бел-белестермен өткендігін аңғартады. Ал енді осы тарам-тарам тақырыптар тамырына үңілсеңіз мәлім-беймәлім оқиғаларға тап боласыз.
Қайын жұртым Ұзынағаштан шылбыр тастам жердегі Қарғалы шұға комбинаты болғандықтан, Алматыдан осы тұсқа жеткенше жол бойында Үшқоңыр, Шұбарат деген жер атаулары көзге шалынып қалатын. Сондағы Шұбарат Нұрекеңнің аталарының жайлауы екен ғой. Теміртауда жүрген Нұрсұлтан жер төресі Шұбарат жайлауын сағынғанда: «Шұбарат Алатаудың етегінде, Шамалған тұрады екен жетегінде. Арқадан асыл жарды тапсам дағы, Туған жер, сенен алыс кетемін бе?» деп те өлең жолдарын қағазға түсіргенін айтады. Үшқоңырдың биігіне шыққан бала Нұрсұлтан қияға, тым биіктерге бой салып қиялдайды. Тіпті, ұшқыш болуды да армандайды.
Сұхбатта Нұрекең әкесі мен анасы жайлы перзенттік сезімге толы жылы пікірлер айтады. Екеуінен алған ұлағат – еңбекқорлық, адалдық, мақсаткерлік қасиеттерді тебірене сөз етеді. Әжесі Мырзабаланың өз атын Нұрсұлтан деп қойғанын, әжесінің бес жасқа дейін аялап өсіргенін де жылы сезімге орап жеткізеді.
Бұл да ата-ана, үлкендер өнегесінен өріс ашқан тағылым ғой.
Сұхбатта Нұрсұлтан Әбішұлының комсомолдық жолдамамен Украинадағы Днепродзержинскіге инженер-металлург мамандығын игеру үшін оқуға келгені, ол арадағы студенттік тірлік жан-жақты сөз болып, ақыры Қазақстан Магниткасы аталған даңқты Теміртауға келгені бақайшақтай айтылады.
Ал оған дейін не болды екен? Ол үшін Нұрекеңнің өз жазғанына үңілсек те жетіп жатыр.
«Несін жасырайын, «жаңа келгендердің» көпшілігіне, соның ішінде менің өзіме де, Днепродзержинск металлургия комбинаты алғаш барып көргенімізде-ақ жүрегімізді мұздатқандай ауыр әсер етті. Мәселе мынада еді: біздің арамызда қалада өскен, ондағы өнеркәсіп жұмысшыларының қандай жағдайда және қандай тәртіппен еңбек ететінінен тым болмаса жалпылама хабары бар жастар өте-мөте аз екен. Кең сахара төсінде өскен баланың металлургия заводына туа бітті алғаш рет келуін көз алдыңызға елестетіңізші. Айнала төңірек тарсылдап-гүрсілдеп жатқан бір нәрсе, жарқ-жұрқ еткен ұшқындар жаңбырдай шашырайды және осының бәрі де сенің үстіңе қарай ұшып, құлап келе жатқандай. Балқыған шойын арықтағы суша ағады – жақындап баруға шошисың. Міне, осындай тозақта бүкіл өміріңізді өткізуге тура келетінін ойлаудың өзі де бізді сораптан шығарып жібере алмады. Оның үстіне бір ұят іс болды. Шамасы, жүйкесінің жұқарғандығынан немесе тәжірибесіздіктен зиянды газды көп жұтып қойған біздің жігіттеріміздің біреуі қалжырап құлап түсті. Сөйтіп, алғашқы танысу экскурсиямызды жедел түрде тоқтатуға тура келді. Арада бірнеше күн өткенде және бір жігітіміз үйіме қайтамын деп қиғылық салды».
Бұл Қазақстан Магниткасы атанған Теміртауда құрыш пен шойынды қамырша илеймін деген арманы асқақ Нұрсұлтанның басынан өткерген қиындықтарының бір ғана көрінісі еді.
Теміртауда да шеке шылқыр еш жақсылық болмапты. Нұрекеңді тыңдаңыз:
«Домна пеші іске қосылған күні салтанатты жиналыс-
тан соң, рапорт сөздерден кейін өмір баяғы қалпына қайта түсті. Қаладан едәуір алыста тұрамыз. Күн сайын екі сағаттай уақытың жолға кетеді. Жатақхана суық, бір бөлмеде төрт адам. Тар төсекте екі адамнан, матрац жамылып жатамыз. Демалыс, көңіл көтеру қызметі деген атымен жоқ. Жұрттың негізгі ермегі – арақ ішу, төбелесу».
Нұрсұлтан Әбішұлы Теміртауға келген алғашқы айлардан-ақ жұмысына ыждаһаттылығымен, үйренсем, игерсем деген ұмтылыстарымен ерекшеленді. Оған бір жыл ішінде жұмыс сатысымен өрлегендігін айтуға болады. Ендеше, бұл орайда Нұрекеңнің өзін тыңдалық.
«…Алғашқы шойынды алған адамдардың арасында болғанымды мақтаныш етемін. Ол кезде домна операторының кіші көмекшісі едім… Жұмыста көзге түскендігім шығар, бірінші жылдың өзінде-ақ әуелі кіші көмекшіден аға көмекшіге, одан газшының көмекшісінен аға газшыға ауыстырылдым… Арада тағы бір жыл өткенде аға горновойға жоғарылатылдым. Мұның бәрі айтуға оңай. Шынтуайтында мен қалайда осы отты мамандықты игеріп шығуға, жасыратыны жоқ, жұрттың алды болып игеруге жанымды салдым. Оның алдында мектепте де, училищеде де озат оқып, көзге түскен қалпыммен мұнда да намысты қолдан бермеуге тырысып бақтым».
Қазақстан Магниткасы Теміртауда, домна пешінің алдында өткен жылдар Сауытбек Абдрахманов айтқандай, шын мәнісіндегі «Құрыштың құйылуы», яғни, адамның еңбек үстінде шынығып, шыңдалуы еді ғой. Ол үшін Нұрекеңнің мына бір сөзін де еске сала кеткен жөн болмақ:
«Иә, пештің температурасы екі мың градусқа жетеді. Бір жағынан шаң, бір жағынан газ. Былайша қарағанда, нағыз тозақтың өзі. Жұмысты бір сәтке де тоқтатуға болмайды. Тоқтау тұрмақ, қарқынын бәсеңдете тұруға да болмайды. Металл қатып қалса – апат. Әйтсе де, сол азапты, сол тозақты ештеңеге айырбастағым келмейтін.
Әкесінің «Құрысын, таста мына жұмысты!» деп зар илегендей болғанында да алған бетімнен қайтпай қойғанмын», – деп шегелейді. Жобасы бұл намыс деген рухы күштілерде ғана болатын табандылық қасиеті болар.
Нұрсұлтан Әбішұлының қалалық комсомол комитетінің хатшысы, комбинат парткомының хатшысы қызметтерінде елеулі-елеулі оқиғалар болды. Комбинат жұмысындағы елеулі кемшіліктер партком хатшысын қатты алаңдатқан. Ақыры «Правда» газетінің тілшісі Михаил Полтораниннің «Артта қалғандар есебінде…» деген мақаласын Нұрекеңнің ұсынысымен газет бетінде жария етті.       
КОКП Орталық Комитетінің хатшысы Владимир Иванович Долгих Теміртауға келді. Артынан елу адамдық бригада тексеріске келді Мәскеуден. Осы арада Владимир Долгихтың 2011 жылғы 11 сәуірдегі үнтаспаға жазылған сөзінен үзінді келтіре кетсек деймін.
«Проблемаға терең зерттеу жүргізудің арқасында КОКП ОК атына тиісті ұсыныстарды келтіріп, хат дайындадым. Бұл құжат ОК секретариатының талқылауынан өтті. Комбинаттың қиын халі жөніндегі мәселелер айтыла келіп, оны түзетудің іс-шаралары нақты көрсетілген ауадай қажет шешім қабылданды.
Сөз жоқ, Нұрсұлтан Әбішұлының сол кездегі еңбегі ересен. Ол Қазақстанның Магниткасын аяғынан тік тұрғызды!
Несін жасырамыз, егерде Назарбаев сияқты батыл партком хатшысы болмай, жалтақ, жағымпаз біреу кезіккенде, қазақтың маңдайындағы жалғыз комбинат әлдеқашан жабылып қалар ма еді?».
Міне, болашақ Президентіміздің сонау Теміртауда өткен пәрменді ұйымдастырушылық қызметінің бір парасы осындай. Бұл – жобасы, ұйымдастыру, басшылық жұмыстағы тым әріден қалыптасқан қасиеттерінің қуатты көрінісі болса керек.
Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің «Әділеттің ақ жолы» атты кітабында да ірі мемлекет басшысы М.А.Сусловтың алдында болып металлургия комбинатының тағдыры жөнінде егжей-тегжейлі баяндай келіп Секретариат отырысында сөз сөйлеп, комбинат тағдырын шешуде оң да батыл қадамдар жасалғандығын айтады. Осындай қуатты сілкіністерге арқау болған жас басшы Алматыда да назарға ілініп, қызмет сатысына ілгерілей түсуінің заңды көріністеріне көз жеткізгендей боласың.
Сұхбат кітабының салмағын арттырып тұрған бір жағдаятты айналып өтуге болмас. Ол екеуара әңгімемен қоса дәйектеменің беріліп отыруы дер едім. Екеуара әңгіменің дәлелін бекітіп, дәйектемелермен шегелей түспесе көбіне көп бос әңгімедей болып қалары бар.
Бұл сұхбат жүргізуші Сауытбек Абдрахмановтың оңтайлы да оралымды тәсілді таба білгендігі деп бағалау керек.
Сұхбат кітабының көлемін айттым, ал, енді оны түгелдей сүзіп, баяндап шығу мүмкін де, шарт та емес.
Осы орайда, Президенттің еңбек туралы әрі терең, әрі қарапайым тілмен жеткізген талдауына кімнің болсын үңіліп, ой тұтатқаны жөн деп білемін.
Президент: «Қажетті мөлшерден артық материалдық игілік өндіру жаңа проблемалар туындатты. Бұл идеология, тұтыну идеологиясы бүлдіруші болып шыққанын қазір бүкіл әлем көріп отыр. Мұның өзі мәселенің бір жағы. Екінші жағы – бүкіл әлемге еңбектің, еңбек болғанда – нақты материалдық немесе рухани игілік жасайтын еңбектің рөлі төмендетіліп бара жатқаны… Біз әлеуметтік жаңғырту саясатын қолға алып жатырмыз. Ол саясаттың негізіне шынайы өндірістік еңбек алынуға тиіс. Мен өз мақаламда еңбекті шешуші ұлттық фактор деп атадым. Мұның әсіресе, жаһандық бәсекелестік жағдайындағы маңыздылығын ерекше қадап айттым… Еңбек әртүрлі. Оқу да еңбек. Үлкендерге көмектесу де еңбек… Мына дүниедегі игілік атаулының бәрі тек еңбектің арқасында жасалады».
Нұрсұлтан Әбішұлының еңбекке деген осындай ақылман көзқарасы жасынан еңбектің қара қазанында қайнап піскен, маңдай тер, табан ақының шын мәнісіндегі құнын білетін адамның пікірі екендігін сезінбей қалу мүмкін емес. Президенттің өзі де бұл мәселеде ешкімді жерге қаратқан, болмаса ауырлықтан қаймыққан адам болмаған, әсіресе, қазақ Магниткасындағы өзінің еңбек жолын сөз еткендегі тұстарға көңіл көзін қадай алсаңыз.
«Сырттан келген мамансымақтар: «Да, им только баранов пасти, зачем их приняли на завод?» деп тұратын. Қаның қайнамай ма сол кезде? Оның үстіне қара металлургиядағы қара жұмыстың нағыз азап екені де рас. Әйтсе де, біз сол азапқа шыдас бердік. Жас кезіңде сондайға шыдап, шыңдалмағанда қай кезде шыңдаласың! Сондайға шыдағанның арқасында қазақтың намысын сақтап қалдық» дейді Нұрекең.
Бұл пікір өзін қазақпын, қазақтық намысым бар деген кез-келген қандасымызды ойландырумен бірге, жол сілтеп, бағыт-бағдар белгілеп тұрғаны да ақиқат.
Кітаптан намыс туралы да, білімділік қақында да, бой жарыстыру емес, ой жарыстыру жөнінде де көшелі пікірлерді, аталы сөздерді Президентіміздің өз аузынан естіп, оқи аласыз.
Тәуелсіз еліміздің келешектегі тірек-ұстыны – жастар десек, сол жастардың ұлағат алып ұлықтар, тағылым тұтып, ту етіп көтерер қуатты қағидаттарды осынау сұхбат кітабынан молынан ұшырастырары даусыз. Сондықтан да, бұл кітап тәуелсіздік туын Қазақстан күмбезіне қадағанша бастан өткерген алағай да бұлағай кезеңдерді тереңірек сезінумен бірге, соның қос тізгін, бір шылбырын ұстаған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тартысты, күресті, ұлағатты жолдарын тануға, қисынды-қисынсыз әңгімелердің анық-танығын пайымдауға жол ашатындығын қатты ескермекке керек. Бұл еңбектің ерекшелігі де, үнемі ескере жүрер құндылығы да осында.
Желтоқсан шындығы, Горбачев, Ельцин тартыстары, ядролық тажалды тұсаулау, шекараларды шегендеп бекіту, тәуелсіз еліміздің елең-алаң кездерінен мол хабар алуға болатындығын ескерткім келеді, әрі бұл оқиғалар туралы ауық-ауық сөз болып келгендіктен, бұл тұстарға шылбыр шалуды артық санаймын.
Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы теңдессіз оқиға, бұл – ел ордасының Ақмола, бүгінгі Астанаға қоныс аударуы болды.
Бұл арада да Елбасымыздың сындарлы саясаты мен кемелді көрегендік қасиеттерінің басшылыққа келгендігін қадай айтуға тиіспіз. Ең алдымен тәуелсіздік тәжін киген қазақ жұртының бірақ уыс өлшемі ұшан-теңіз бабалар жұртын иеленіп қалу-қалмауы мизам таразысына тартылғанда басқа ұлттары басым Сары Арқа, оның теріскейіндегі Петропавл, Қостанай, Көкшетау, Павлодар, Қарағанды облыстарын қазақыландырудың біз үшін өмірлік маңызының барлығы былай да андағайлап тұрса, осы кемшін тұсты қалай теңестірмекке керек еді. Бұдан басқа да саяси аспектіде жаңа елдің келешегіне қатысты мәселелердің қордаланып қалғандығы ақиқат еді ғой. Осылардың бәрін он ойлап, тоғыз толғап шешуді қажет еткендігі сөзсіз.
Міне, осы орайда Нұрсұлтан Әбішұлының мына пікірлеріне құлақ түруге тура келеді:
«Жаңа қала тұрмақ, жаңа үй салудың өзі едәуір оқиға саналатын сол шақта аяқ астынан астана ауыстыру
туралы әңгіме көтерілгенде кім-кімнің де қайран қалуын түсінуге болады.
Тәуелсіздік – қасиетті ұғым. Ел қатарлы Одақтан бөлініп шыққаннан, тәуелсіздік алғаннан, Біріккен Ұлттар Ұйымына қабылданғаннан, Туды, Гимнді, Гербті бекіткеннен ел бірден шын мәніндегі тәуелсіз мемлекет бола қалмайды. Тәуелсіздіктің басты белгісі – өзіңнің тағдырыңды өзің шешуге қабілеттілігің. Тәуелсіз саясат жүргізе алуың. Еуразияның қақ ортасында біз орнатқан Астана – Қазақстан халқының таңдауы. Астана – елдің болашаққа салған көпірі. Жаңа қоғамның символы.
Мемлекет мәдениеттілігінің бір белгісі де қалалар. Мәдениет сөзінің өзі де арабтың маданият – қала деген сөзінен шыққан».
Осы орайда, Иманғали Тасмағамбетовтың дәйектемесін келтіре кетсек, Президент пайымы толымды бола түседі.
«Арқада, солтүстік облыстарда демографиялық ахуалды қалайда өзгертуіміз керек. Мына елдің негізгі иесі кім екенін бүкіл әлем білуге тиіс. Тым болмаса соны түсінсеңдерші. Экономиканы ел орталығынан басқарған тиімді, Ақмола тоғыз жолдың торабында тұр, облыстардың астанамен байланысы да оңайлайды» деп бастап, біраз әңгіме айтты. «Бұл мен үшін емес, бүкіл ел үшін керек, елдің ертеңі үшін керек, мұның мәнін қазіргі адамдар толық ұғар-ұқпас, бірақ болашақ ұрпақтарымыз ұғатын болады» деп бітірді сөзін Нұрсұлтан Әбішұлы. Шынымды айтсам, менің астана ауыстыру идеясын жан-тәнімен қолдайтындардың қатарына нық сеніммен қосылуым да сол күнгі әңгімеден болып еді», – деп мойындайды.
Міне, шынайы әңгіменің шырайын келтірген шын сөз осы. Бұл әркімнің тереңіне бойлап, байыбына бара қоймаған пікірдің келе-келе парасатты парықтауға әкелген әспетті қалпы осылай болатын.
Сөз жоқ, Нұрсұлтан Әбішұлы «Өмір өткелдері» сұхбат кітабында көбімізге бәймәлім жағдаяттарды барынша айқара ашып көрсеткен шыншылдығымен, турашылдығымен, сарабдал көрегендігімен даралана түседі, өз болмыс-бітімінің кемеңгер кемелдігімен кесек те келісті тұлғасымен биіктей береді.
Көп біліп, көп түйетіндігі, ұлылар дәйектемелерімен мық шегедей бекіте білетін ой қазынасы да бізді бейтарап қалдыра алмайды.
Әлемдік деңгейдегі мәртебелі небір қайраткерлер өткен. Солардың өмір жолдары, жүргізген саясаттағы жол сораптары Нұрекеңе де сабақ, Нұрекеңе де өнеге болғандай. Ендеше, біздер де – тәуелсіз елдің ұрпақтары да осынау толымды ой толғаныстары тоғысқан еңбектен өзіне керекті, кәдеге жаратарлық пайым ұшқындарын саналарына сіңіріп, рухани сіміре түссе, Тәуелсіз Қазақстанның келешегіне деген сенімділігі селкеу тартпай, толыса түседі, кемелді кезеңдерге соны құлшына түседі деген аңсарлы арманға жетелейді бұл кітап. Лайым да солай болғай!
Төлеген ҚАЖЫБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағы Ақмола облыстық  филиалының директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар