Халық қалаулысына шешімін күткен мәселелер айтылды

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлнәр Бижанова Ақмола облысына жұмыс сапарымен келіп, алғашқы күні облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті ұжымымен кездесті. Кездесуге «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов қатысты. 

Кездесу барысында қылмыстық атқару жүйесіне қатысты заңнамалардың орындалу жайы сөз болды. Сонымен бірге, қылмыстық атқару жүйесі департаментінің жұмысында кездесіп отырған түрлі түйткілді мәселелер де ашық айтылып, халық қалаулысының назарына ұсынылды. Ең алдымен, білікті мамандардың жетіспеушілігі жұмысқа үлкен қиындық келтіруде. Материалдық-техникалық базаны нығайтуда да бірқатар шешімін күткен мәселелер бар. Шартты мерзімге сотталғандармен жұмыс жүргізетін психолог маман штаты жоқтығы да іске қолбайлау болып отыр. Кездесу барысында атқарылып жатқан жұмыстар да, кездесіп отырған қиындықтар мен жоғарыдағы құзырлы органдар арқылы шешімін табатын өзекті мәселелер де бүкпесіз айтылды.
Бұдан кейін Мәжіліс депутаты «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында бірқатар азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға Көкшетау қаласында тұратын үшінші топтағы мүгедек Меңдіғали Алшынбаев Астанадағы Ұлттық медициналық орталықта көзіне ота жасату үшін порталға тіркеуге көмектесуді сұрады. Депутат бұл мәселені өз бақылауына алып, қолдан келген көмегін беретінін айтты. Ұзақ жылдар облыс орталығындағы тігін фабрикасында еңбек етіп, зейнет демалысына шыққан Бәтима Жақина тәнін қинаған дерттен түн баласына ұйықтай алмайтынын, ал, ардагерлерге арналған емхана қараша айында ғана емделуге кел деп кейінге ысырып отырғанын айтып, шағымданды. Осыған орай, «Нұр Отан» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов сол арада емхананың бас дәрігеріне телефон соғып, осы мәселені шешуге жәрдемдесуін сұрады.
Сөйтіп, еңбек ардагері алдағы аптада емделетін болды. Халық қалаулысының қабылдауына келген Александр Бойконың мәселесі сот шешіміне байланысты болып шықты. Бурабай ауданындағы «Зеленый бор» шипажайы маңындағы үш бөлмелі пәтерін әлдекімнің рұқсатсыз басып кіріп, иеленіп алуына орай, жиырма жылға тарта соттасып келе жатқан ол осы мәселеге қатысты барлық құжаттарын көрсетті. Мәжіліс депутаты бұл мәселені Бас прокуратураға жолдап, сот шешімдерінің қаншалықты заңды-заңсыз екендігін анықтауға уәде берді. Халық қалаулысы  сондай-ақ, облыстық сот сараптамалық институты ұжымымен кездесіп, Парламенттегі атқарылып жатқан жұмыстары жайында ой бөлісті және өзіне қойылған түрлі сауалдарға жауап берді.
Мәжіліс депутатының облысымыздағы жұмыс сапары Бұланды және Шортанды аудандарында жалғаспақшы.  

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар