Халықты да түсіну қажет

Елбасы Жер кодексінің  баптарына мораторий жариялағаннан кейін бұқаралық ақпарат құралдары жаңалықтарды жаппай осы мәселемен бастап жүр. Өйткені, жер мәселесінде еліміздің экономикалық, ұлттық, әлеуметтік, қауіпсіздік, ақпараттық мүдделері тоғысып жатыр.

Жер реформасы бойынша 75 адамнан құрылған комиссияның алғашқы отырысынан толық есеп берілді. Сондай-ақ, қоғам қайраткерлерінің, саясаттанушылардың, ғалымдар мен жазушылардың, жер иелерінің пікірлері газеттердің әр санында жарияланып жатыр. Осы орайда, жер мәселесі көтерілгеннен бері көкейде жүрген, басқа жұрт не деп жатыр екен деп, оқып, естігендерімізден туындаған өз пікірімді ауыл шаруашылығы маманы ретінде білдірмек болып қолыма қалам алдым.
Алдымен айтарым, комиссияның алғашқы отырысында айтылған ұсыныстарға тақа көңіл толмады. Көбінің сайып келгенде айтқандары «халыққа Жер кодексінің баптары жете түсіндірілмегендіктен, қоғамда үлкен дау туындады» болды. Мұндай пікірлерді қазағым деп жанұшырып жүрген кейбір азаматтардың аузынан естігенде, заман не болып барады деп таң қаласың. Құрметті комиссия мүшелері, «халыққа түсіндіру қажет емес, халықты түсіну қажет» дер едім. Халық жерді сатып, жалға берудің не екенін білмей ме? Сіздерден артық білмесе, кем білмейді.
Қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы өз атынан емес, халықтың атынан жазып отыр десем қателеспеспін. «Аbai.kz» ақпарат порталында жарияланған А.Айталының сол дәйексөздерін келтіре кетейін. «Жер қазақтар үшін табыстың көзі ғана емес, рухани құндылық, қазақты қазақ ететін атамекені.
ҚР Конституциясының преамбуласында «байырғы қазақ жерінде мемлекет құра отырып» деген ұлағатты сөздер тегін жазылмаған. Жер сатуға қарсылық тек қазақтар арасында орын алуы да осыдан. Қазақ жерді басқадан қызғанбайды, бірақ, намысын қорғайды. Кезінде Қазақстанда «неміс автономиясының» жасанды көрінгені де сондықтан. Талай ғасыр отарлау саясатының тепкісін көрген қазақ шетелге жерді жалға беруді де қабылдай бермейді. Осы нәзік психология төңірегінде үкімет комиссиясы терең ойланбайтын сияқты.
Жер қатынасын реттеу, жерден табыс табудың жолы жерді тек жеке- меншікке сату деу – біржақты пікір.
Көрші Өзбекстан жерді сатпай-ақ ауыл шаруашылығын дамытып отыр».
Міне, Амангелді Айталы ағаның осындай салмақты пікірі мен парасатты сөздерін Елбасына жеткізу керек. Мұндай пікірді екінің бірі айта бермейді.
Пікірлер тоғысында өзімнен қосып айтарларым да бар. Бірінші, біздің алтын бесігіміз – ауыл төңірегіндегі 15-20 шақырым жер ешқашан сатылу түгілі жалға берілмеуі керек. Өткен қыста Зеренді ауданындағы Игілік ауылына барғанымда, алдымызға соғым етін тартқан үй иесі аздап қуыстанып, «биыл соғымымыз онша болмады, ауыл маңында мал жаятын жер тарылды, тіпті мынау ормандардың да иесі бар, мал жайғызбайды» деді ағынан жарыла. Шынында, жалға алынған жер қазір кімдерде? Алпауыттарда, қалталыларда. Ал, қарапайым халық күнкөрісіне айналып отырған аз-маз малын қалай асырайды?..
Екінші,  жер өзіміздің азаматтарға сатылған күнде, ол жер сол азаматтың жекеменшігінде болады. Жеке- меншік иесінде кімнің қандай жұмысы бар, басқа біреуге сатсын, жалға берсін, өз еркінде емес пе? Мәселен, сенің жекеменшігіңдегі үйді немесе автокөлігіңді шетелдіктерге сатуға болмайды деген заң бар ма? Жер де солай емес пе?!.
Үшінші, жер кімге қажет? Ағылшын, француз, тағы басқаларға жер қажет емес, жер көршіміз Қытайға ғана қажет екені баршамызға аян. Ендеше, 25 жылға жалға алатындар қытайлар. Қытайдан келген қазақ азаматының радиодан айтып жатқан бір әңгімесі есімде. «Біздің ауылға қытайлықтар жұмысшы ретінде келіп жүрді, бара-бара сол ауылға  өздері қожа болып, біз оларға жұмысшы болып қалдық, қытайлардан сақтаныңдар» деген болатын ол. Бабадан қалған сөзге сүйенер болсақ, қара қытайлықтарды қаптатпайық…
Тарихтан естеріңізде болса, XX ғасырдың басында Ресей империясының реформаторы Столыпин қазақ жерінде аграрлық реформа жасап, колонизаторлық мақсатпен қазақтардың құнарлы жерлерін тартып алып, орыс мұжықтарына үлестірген еді. Соның салдарынан 1906-1913 жылдары Ақмола, Торғай, Орал және Семей облыстарына 430 мыңнан астам шаруалар қоныстанған болатын. Міне, бұл қазақ жері не көрмеді?..
Жердің астындағы, үстіндегі негізгі байлықтардың «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткені» аян. Қазіргі байлар жер астынан шықты ма? Ата-бабалары «ат басындай алтын» қалдырған жоқ еді ғой. Олар сол жердің астындағы, үстіндегі байлықтарды әртүрлі  сыбайлас жемқорлық жолдарымен иемденгендер десек, тым қателеспеспіз. Енді жердің өзін сатып, жыртығымызды жамамақпыз. Мұнда да коррупциялық элементтердің орын алатынына күмәндануға болмайды…
Біздер өткен ұрпақтың баласы болсақ та, келер ұрпақтың атасы емеспіз бе? Жер деген халық игілігінде болашақ ұрпақтың да сыбағасы бар. Сонда ата болып ұрпағымызға не қалдырамыз? Ұрпақтар сабақтастығының тамырына балта шабамыз ба? Әлде, 25 жылда құнары сорылып, қытайлықтардан бізге тандыр болып қалған жерді қалдырамыз ба?..
Сөзімнің соңын ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Несіпбек Айтұлының Жұмабек Тәшенев жайлы жазған поэмасының мына бір  өлең жолдарымен аяқтаймын:
Оянса ел намысы жасын атқан,
Тау бұзар көк өзендей тасып аққан.
Өз жерін өлсе бермес біздің қазақ,
Мың жылғы бабасының басы  
                                            жатқан!
                Совет  ХАМИТҰЛЫ,
зейнеткер.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар