Халықты жұмыспен қамту – жұмысымыздың басты бағыты

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында халықты жұмыспен қамту бағытында жүзеге асырылуға тиісті бірқатар міндеттер белгіленген болатын.  Осыған орай, Үкімет отырысында «Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020» бағдарламасы бекітілген еді. Онда дағдарысқа қарсы күрес пен еңбек нарығын реттеудің тиімділігін арттыру, оның ішінде еңбек нарығын болжау мен бағамдау, табысы аз, жұмыссыз жүрген халықты жұмыспен  қамтудың белсендi шаралары қарастырылған.  
Бүгінгі күні халықты жұмыспен қамту және әл-ауқатын арттыру мемлекеттік маңызы бар мәселе болып отырғаны белгілі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған жыл сайынғы Жолдауларында адамдардың тұрмыс жағдайын жақсарту, әлеуметтік жағынан қорғау мәселесіне үнемі назар аударылып келе жатқандығы қуантады. Осы бағытта еліміз де 2011 жылдан бастап «Жұмыспен қамту–2020» бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асырылып келеді. Аталған бағдарламаны жүзеге асыруда орындаушылық тиімділікті арттыру бағытында 2013 жылдың шілдесінен «Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020» бағдарламасы қабылданды. Бағдарламаның алғашқы кезеңінен бас-
тап,  оның негізгі мақсаты мен міндетін түсіндіру жұмыстары жан-жақты жүргізіліп, біраз оң нәтижелерге қол жеткізілді.
Осы аталған бағдарлама шеңберінде Ақмола облысында да көптеген жобалар қолға алынып, нәтижесін беруде. Облыс-та 16,6 мың адамды мемлекеттік қолдау шараларымен қамту жоспарланған. Өткен жылдан бастап халықты жұмысқа белсенді түрде тартудың кешенді жоспары қолға алынған. Оған әлеуметтік жұмыс орындары, жастар тәжірибесі, қоғамдық жұмыстар, кәсіби оқыту, шағын несие беру, жұмысқа орналастырудың бағыттары бойынша «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020», «Өңірлерді дамыту», «Нұрлы жол», «Агробизнес – 2020», «Бизнестің жол картасы – 2020» сияқты мемлекеттік бағдарламалар кіреді.
Биыл алты бірдей мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Бұл – облыстағы жұмыссыз жандардың жартысынан астамын жұмыспен қамтуға мүмкіндік бермек. Оған қоса, алты мыңнан астам адам мемлекеттік қолдауға ие болып, он мыңнан астам адам кәсіпорындарда қосымша ашылған жұмыс орындарына орналастырылатын болады. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жұмыстар жалғасуда. Оны жүзеге асыруға 5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.
Бірінші бағыт «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылымды дамыту есебінен жұмыспен қамтамасыз ету» шеңберінде 222 инфрақұрылым жобасын жүзеге асыру көзделген. Ал, «Кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру» екінші бағыты шеңберінде 371 бағдарлама қатысушыларына несие беруге 1 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған. Қазірдің өзінде 550 миллион теңгеден астам сомаға 240 шағын несие берілген.  Кәсіпкерлік негіздеріне 115 адам оқып шыққан. Үшінші «Жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде қоныстандыру және оқыту арқылы жұмысқа орналастыруға ықпал ету» бағыты бойынша 1286 адам қамтылған. Оның ішінде арнайы курстан өткен 776 қатысушының 735-і тұрақты жұмысқа орналастырылған. Осыдан-ақ, облыста жұмыссыз жүрген тұрғындарды жұмыспен қамту бағытында ауқымды шаралардың қолға алынғанын байқауға болады.
Әйтсе де, әлеуметтік салада түйткілді мәселелер де баршылық. Оларды жергілікті басшылар «Бизнестің жол картасы – 2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламалары арқылы шешуге тиісті. Сол себепті, бұл бағытта қолға алынған жұмыстар одан әрі  жалғасын табуда.
Жалпы, өңірде тұрғындарға бағдарламаның мүмкіндіктерін түсіндіру мақсатында ауқымды ақпараттық-насихаттау жұмыстары жүргізілді. Бағдарламаның барлық бағыттары бойынша мемлекеттік және орыс тілдерінде жергілікті газет беттерінде, телеарналарда ақпараттық-насихаттау бейне роликтері мен мақалалар  жиі жарық көріп тұрады.
Оған қоса, жақында биылғы жылдың тоғыз айында атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығарып, БАҚ өкілдеріне брифинг өткіздік. Онда «Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру нәтижелері кеңінен сөз болды. Сонымен қатар, республикалық және аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін Атбасар тәрізді бірқатар аудандарға ұйымдастырылған баспасөз туры барысында журналистер жергілікті жерлерде бағдарламаның жүзеге асырылуымен қатар, мүгедектердің өмірі мен құқығын қамтамасыз етуде қолға алынған әлеуметтік көмектің белсенді түрі қарастырылған «Өрлеу» бағдарламасының да орындалуы мен «Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020» бағдарламасы шеңберінде тұрғындарды тұрақты жұмысқа орналастырылуына қанықты.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында алдағы жақын уақытта ғаламдық сынақтан тек жұдырықтай жұмылған, мықты мемлекеттер ғана өте алады деген болатын. Осы орайда, мықты мемлекет – ол оның еңбекке жарамды әрбір азаматының табысты жұмысқа орналасқан кезінде бола алады. Бұл Қазақстанның ішкі саясатындағы басымдықтардың бірінен саналады.
Жалпы алғанда, халықты әлеуметтік жағынан қорғау, жұмыспен қамтамасыз ету, әл-ауқатын арттыру сияқты алдымызда тұрған стратегиялық міндеттерді түгел қамтып, оны шешудің нақты жолдары айқындалған 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған бағдарламаны жүзеге асыру, бүгінде қордаланып қалған көптеген өзекті мәселелерді шешуге жағдай жасары анық. Біздің жұмысымыздың басты бағыты да дәл осы болмақшы.

Дина АХМЕТЖАНОВА,
облыстық жұмыспен қамтуды
және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар