Хамит тағы

Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Хамит Ерғалидың 100 жылдығына арналып шығарылған «Ақын сыры» атты мерейтойлық журналды жиі парақтаймын. Хамаңа деген айрықша махаббатпен шығарылған.

Ақын мен азамат болмысы жақсы өрнектеліп ашылған мұнда. Шығарушы – «Хамит Ерғалиев» қоғамдық қоры. Ал, бұл игі іске мұрындық болып, барлық сурет-материалдарын жинақтап, құрастырған, барлық жұмысын перзенттік ықыласпен аялап атқарған Хамит-атаның қызындай болған сүйікті келіні Алтын Мұхамедиярова. Алтын апай өткен жылдың соңына қарай «Егеменнің» редакциясына арнайы келіп, осы журналдың бір-бір данасын белгілі қаламгер Жанболат Аупбаев екеуміздің қолымызға табыстап кетіп еді. 

 Әкесі кәмпескенің лаңында жер аударылып бара жатып Текенің түрмесінде мерт болған, замана қиындықтарының бәрін кәтепті қара нардай көтерген қайсар жүректі майдангер ақын қай кезде де, қай сөзде де арына кір жұқтырмағанын байқаймыз. «Қатты соққы тигенде құлап тұрып, мыстан ғасыр үніне құлақ түріп, аялауға келгенде ардың ісін» өз әлінше қуаттылық көрсетіпті. Кеңестің кер саясатына көзсіз батырларша қарсы шаппаса да, «жаныңның інжу-маржанын жоғалтып алсаң – өлгенің!» сипаттас рухпен өмір кешіпті. Шын сеніп қалған көңілмен жұрт қатарлы Сталинді мақтаса да, сол кездерде де елдегі «мерейліге қоса мешеуді, ерлік пен елдікке қоса ездікті қазбалап айтпаған» күні болмапты. «Домбыраны жұмсап музейге, Табақтағы еттен аттаған. Қашанғы момын киіз үйге, Қарғыс жоқ олар айтпаған» деп, қазағының киесін, халқының дәстүр-салты мен болмысын қорғай жүріпті. Ендеше: «Зауалды жақсылықпен жанаспаған, Осылай осып айтпау оғаш маған. «Сен бұрын қайда жүрдің» – дей алмайсың, Күнім жоқ жаныққанда жақ ашпаған» деп жырлау көп шайырлардың ішінде тек Хамаңа ғана жарасады, күллі ағзасымен ақиқатшыл ақынның нағыз жүрек сөзі – осы.
Хамит Ерғалиев ақындығы қа­шан­­нан азаматтықпен астарлас, арқау­лас өріліп келгенін аңғару қиын емес. Өмірінің ең басты, өрелі шығар­ма­ла­рының бірі, екі кітапқа жүк бол­ған «Құрманғазы» поэмасын жазып, халық­ты толқын-толқын күй-дастандармен сусындатып қана қоймай, 1952 жылы Бозан, Қиғаш бойларын жаяу шиырлап, ұлы күйшінің зиратын тауып, әмсе-әмбеге әйгілеген де өзі болатын. Сол сапарда күйшінің әйелінің, шешесінің аттарын анықтап, бұрын белгісіз бірсыпыра күйлерін де біліп қайтады. Екі жылдан кейін Құрекеңнің басына қазақ музыкасының абыз қайраткері, академик Ахмет Жұбановты ертіп апарады. Күйшінің басына күмбез көтеру мәселесін сол жолы екеулеп қозғап, бұған Гурьев облаткомынан арнайы қаржы бөлгізеді. Сөйтіп, 1959 жылы Құрманғазы зиратына жаңа күмбез көтеріледі. Бес мың адам жиналған осы салтанатқа бас қонақ болып Ахаң мен Хамаң қатысады. Бұл салтанат сол жылы Алматыдағы Артиллерия көшесінің күйші атына көшірілуімен түйінделеді.
Осы азаматтық па? Жай ғана азаматтық емес, азаматтықтың көкесі деп ай­та алсақ керек. 1980 жылы өзінің «Жанарымда жұмыр жер» атты тамаша жыр жинағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғанда Үкімет комиссиясына «само­отвод» жазып, марапаттан бас тартып, бұйырғалы тұрған бұл сыйлықты арғы жылдан бері күтіп жатқан Қадыр Мырзалиев кітабына беруді өтінуі де екінің бірінің қолынан келмес ақжолтай ерлік емес деп айтып көріңізші. Айта алмайсыз.
Әйткенмен, «жүгірген жетпейді, бұйырған кетпейді» демей ме?! Екі жыл өткенде шау тартқанына қара­май шалқар шабытпен жазылған «Ал­тын зерең» кітабы сол сыйлықты, мәртебелі лауреат атағын да Хамаңның қанжығасына байлап берді. Еңбегі мен ниетіне Құдайдың бергені шығар, жетпіс жылдығы тұсында «Халық жазушысы» атанып, омырауына «Ха­лық­тар достығы» орденін таққан еді. Иә, тынымсыз еңбек болмаса, Хамит ақын өлеңмен жолдас болған өз өмірінде ұзын саны 50-ден астам кітап шығарар ма еді? Соның ішінде бес кітапқа жинақталған өлеңдері мен сонеттері, поэмалары мен балладалары, ой-толқынысын өзек еткен таңдамалы жырлары, қара сөзбен өрілген толғамдары – ақынның өлмес мұрасы, қазақ әдебиетіне салып кеткен олжасы, поэзиядағы Хамаңның жыр тағы.
Өлеңдегі бақыты осындай Хамаң өзінің өмірден еншілеген тағы бір бақыты бүгінгі «Егемен», бұрынғы «Социалистік Қазақстан» газетінде істеп, оның өнегелі мектебінен өтуі деп біліпті. Майданнан жараланып оралып, жарақаты жазылып та болмай жатып, екі ай өтер-өтпесте «СҚ»-ға жұмысқа тұрған. Сол күні түскен суретінің сыртына Хамаң: «15.VІІ.1945 ж. Тап осы күні «Социалистік Қазақстан» газетіне жұмысқа шықтым. Қабырға жарасы әлі біткен жоқ» деп жазыпты.
Майдангер ақынды газеттің сол кездегі редакторы Балтабек Асанов, одан кейінгі Қасым Шәріпов те жақсы мағынасында еркелетіп, еркін ұстайды. Ол журналистік қызметті, әсіресе, очерк, публицистиканы тез меңгеріп әкетеді. Мұқан Иманжанов, Әбен Сатыбалдиев секілді дос-жолдастар табады. Қасым, Тайыр, Ғали, Ғабдол, Қайнекей сынды қазақтың белгілі ақын-жазушыларымен аралас-құраласы қоюланады. Әзіл-қалжыңдары жарасады. Бір-біріне тілектес болады. «Иманжанның Мұқаны, Көрмедім сендей жұқаны. Колхоздың малы не болар, Сендейден қойса бұқаны?!» деп келетін рия-
сыз әзіл жырлар ақтарылатыны да осы кез. Бұл естелікті Хамаң сол уақыттарда, одан кейін де дос-жар болып сыйласқан сатирик-қаламгер, «СҚ»-ның фельетоншысынан редакторлығына дейін жеткен Балғабек Қыдырбекұлы ағаның зайыбы Сапура апайдан естіп мәз болғанбыз.
Хамаң өз жазбаларында: «Бұл газет мені Сәтбаев, Марғұлан, Базанова, Қастеев, Қажымұқан, Мәриям Жәгөр­қызы, Ілияс Омаров, Нұрмолда Алда­бергенов секілді небір жайсаң жандармен кездестіріп, кішкене бойымды кісі танитын дәрежеге көтерді… Жаманды жаманша, жақсыны жақсы күйінде танып, қайда да адал, ақ сөйлеудің жолдарын көрсетті. Түптеп келгенде, осының бәрі талайдан талпынып, көзін аша алмай жүрген ақындық өнеріме аңғар, арна белгіледі…. «Әке сыры», «Жас ана», «Үлкен жолдың үстінде», «Біздің ауылдың қызы», «Құрманғазының» бастапқы бөлімдері, Пушкин, Некрасовтан аудармалар – бәрі-бәрі осы редакцияда жүрген жылдарымда жазылды… Әрине, бұлай ету үшін жүйке жұқартпайтын, жанға жайлы орта керек. Сол орта менде болды. Соның арқасында талайғы арманымды іркілмей іске асырдым. Сондықтан да, мен өзімнің ең үлкен университетім «Социалистік Қазақстан» газеті деп есептеймін» деп алғаусыз жан сырын жалпақ жұртқа жария етіп салған болатын. Бұл бұл ма, атақты Сәбит Мұқанов Жазушылар одағына шақырып, «Осы сен бірінші өлеңім облыстық газетте 36-шы жылы шықты деп соғысқа кетерде айтқан секілді едің. Содан бері аттай 14 жыл өтіпті. Сені ел таныды. Газетте бес жыл істедің. Сол жетер. Енді осы аппаратқа келіп, жас ақындар жөніндегі бюроны қолыңа ал, деген кезде алтын коллективін қиып кете алмай қатты қиналған екен. Бірақ, Сәбеңнің меселін қайтара алмайды. Жылы ұядан жылжиды. «Қайран менің мейірімді мекемем» деп, Маған парыз өлгенше оны сүймек!» деген жүрекжарды сөзді елдің бас басылымына қазақтың Хамит ақыны арнапты. «Социалистік Қазақстан», Асылым, саған не деймін: Бар байлығым – қаламұштан, Атан нарға кедеймін…» деп ардақты Хамаң толғапты.
Хамаң бір жазбасында: «…мен жастары елуге толған Зейнолла Қабдоловты Гурьев, Ғафу Қайырбековті Торғай, Еркеш Ибраһимді Көкшетау облыстарына бастап бардым» деп естелік айтады. Міне, осылардың ішінде, ол да «Егеменнің» ардагері, өмір бойы табан аудармай «Социалистік Қазақстан» газетінің Көкшетау және Қарағанды облыстарындағы меншікті тілшісі қызметін атқарған қазақтың айтулы ақыны Еркеш Ибраһимнің Көкшеде елу жылдығы тойлануының бір куәгері біз едік. Әйгілі Хамаңды алғаш көруім де сол жолы.
Марқа піскен, қымыз майланған масаты жаз. 1980 жыл. Еркештің туған еліне ақынның шашбауын көтере, ағасы Хамаң бастап, інілері Сағи Жиенбаев пен Қадыр Мырзалиевтей шашаларына шаң жұқпас шайырлар қостап-қоштап келді. Алуан-алуан ән-жыр мен аңыздар еліндегі, сұлулық төріндегі абыз ақын Хамаңның осы сапары да жұрт қиялында керемет бір аңызға айналып қалды.
Иә, Еркеш ақынның елуі тойланған сол бір сері жаз есімде. Бұған мәз болған халық қаланың қақ ортасындағы Ленин атындағы Сарайға ағылды. Зал лықа толған. Ақын деген халық ел еркесі екендігіне көзіміз жеткендей. Және де бастап әкелген серкесі атақты Хамит шеріңіз болса ше! Еркештің өзі де жыр айдынында аққудай қалықтап, Көкшені жырға қосуы ғаламат еді ғой. Елдің осындай сүйікті ақынын Қадыр мен Сағи қос ақын қалаулы төрге қолтықтап шығарғаны қандай жарасып тұрды десеңізші сонда. Көкшенің жұрты көңілдің гүлін кереметтей бүр­ле­тіп, осы ақындардың бәріне нұрын себелеп, алып сарайдың ішінде тербетіп тұрғандай болды.
Қаншама құттықтау сөздер, ағыл-тегіл лебіздер ақтарылды. Негізгі баяндаманы облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Бейсен Жұмағалиев жасады. Бұл ағамыз баяғыда Оралдың Шалқарында Шоло­ховқа Нобель сыйлығы берілгені тура­лы сүйінші хабарды жеткізген бек­зат­тың өзі. Еркеш ақынның шығарма­шылығын да, мейман ақындар жайында да майын тамыза, келісті кестелеп айтты. Ақындардың көңілі тасқын. Тағы бір мезетте сөздің кезегі көп кешікпей Хамаңа келді. Жиылған жұрт та осы сәтті тосып отырғандай екен. Тосыннан дүркірете қол соғып жіберді.
Ойпырмай деймін, сондағы Хамаңның шешендігіне таңырқамаған жан қалмады. Жауатын бұлттай торлады, күркіреп күндей толғады десем де болады. Көкшені көкке тік көтеріп әкетті. Еркеш ақынды Оқжетпестің шыңына шығарды, інісіне арнаған өлеңін оқыды. Сөз нөсерін төккен Хамаңды көптің ішінде тыңдап отырып керемет әсерленіп, бір ғажап күйге бөленгенім естен, сірә, кетер ме! Ақынның өр тілі барған сайын екпіндеп, оған құдды бір Құдайым қуат бергендей елестеді. Көкшеге Атырау теңіздің толқыны көшіп келіп қотарылғандай көрінді. Орайы келгенде тілдің тиегін орысшалап та ағытып-ағытып жібереді. Залда отырған Арқаның орыс-қазағы бұл ғажапқа сүйсініп, таңдайларын қосыла қақты. Шешеннің шүлендігіне жырғаған көңілдердің көктемі Хамаң­ның маңдайынан сүйгендей еді.
Осылай толғаған Хамаңның айдыны асты, аруақты ақынның мысы басты, арқалы жыраудың айбыны Құрманғазының «Көбік шашқанындай» тулады. Өстіп көсіле толғап кеткенінде Көкшенің құрағы көктеп сала берді. Не керек, әйтеуір, көз алдымда әлі күнге дейін осы сурет. Ақшулан самайы жалбырап, ақшәулі Хамаң самғады. Осынау алай да дүлей арнаны тоқтатар пенде болмады. Бұл Хамаңның күні, Хамит ақынның Көкшетаудағы жұлдызды сәті еді!
Мінбеге бұдан кейін шыққан Қада­ғаң – Қадыр ақын: «Хамаң сөйле­ген кезде комбайн ғой, міне, біз тағы да масақ теріп қалдық!» деп мойындады. Сөйтіп, ғаламат шешеннің әлемет әсерінен дел-сал айыға алмай отырған жұртты әп-сәтте ду күлдірді. Одан соң елуінде еліне еркелеген ақын ағасы туралы қысқа қайырып айта келе: «Елдің бәрі Еркештей болғысы келеді, бірақ бола алмайды!» деп қазақтың Қадырына ғана тән қысқа-нұсқалықты бұл жолы да халыққа мойындатты.
Ертеңіне Еркеш ақынның тойы ат басын Зеренді ауданына бұрды. Сол кездегі аупарткомның жауапты қызметкері, қазіргі ардақты ақсақал Мұхит Қабдешевтің айтуын-
ша, мей­ман­дарды шекарада аупартком төрағасы П.Михайлов, оның орынбасары Есімбек Кенжеғалиев, аудандық газеттің редакторы, жазушы Баймұрат Азнабаев қарсы алады. Көкшетаудан облыстық газеттің редакторы, белгілі жазушы Жанайдар Мусин жолбасшы болып келеді. Қонақтарды Зеренді көлінің зерлі жағасындағы облыстық тұтынушылар одағының демалыс үйіне орналастырады. Бірнеше ауылда, аудан орталығы Зерендіде, демалыс үйінде халықпен кездесулер ұйымдастырады. Ат мінгізіп, шапан жауып, сый-сияпаттарын жасайды.
Хамаң Зеренді жерінде де жасындай жарқылдайды, жалын жырының шалқуы жалғасады, от ауыз, орақ тілінің уы мен балы алмасады! Барлық жиын-мәжілістерде де ақтарып айтқан Хамаң әсте ішінде сырын жасырмайды, зеренділіктерге деген ырза жүрекпен тасына буырқанған ақбура шабыты бір сәтке де басылмайды. Қадырға масақ тергізгенімен қоймай, қалжыңның да қандайын айтып, жұртты өзі жусатып, өзі өргізеді. Бәрі жарасымды! Зеренді көлінің қарағайлы жағасындағы кетераяқ отырыста көпті көрген аупартком біріншісі, соғыстың ардагері, Социалистік Еңбек Ері Баян Жанғалов аға: «Хама! Осы күндерде біз көп ойландық. Сізге қандай сый береміз деп. Мен сізге Зеренді елінің беретін сыйы тозбайтын, өшпейтін, ұрпақтар айта жүрер мәңгілік ескерткіш болуын қаладым. Зеренді де қазақтың қасиетті, киелі жерлерінің бірі. Мына өздерің отырған, табиғат-шебер жаса­ған тақталы түйектасты Зерендінің елі өзіңізге кәделеп сыйлайды. Бұл жар­тастың аты енді «Хамит тағы» болады» деп толғанып барып тоқтаған екен.
Иә, менің Зерендім осылай жолынан жығылмай, қадірменді қонаққа керемет кәде арнаған еді, жақұт кемерлі жағада сөйтіп Хамит тағы орнаған еді. Қазір ол жер «ҚазМұнайГаздың» «Сұңқар» демалыс аймағының аумағында. Бір шеті кетілсе де, сақталып тұр. Қарағай нулы қалыңнан Хамиттің тағы қарайып көрінеді. Бүгінде оның қандай тақ екенін жұрттың көбі біле де бермейді. Оған ескерткіш-тақта орнатып, баяғыда тартылған сыйды ақынның рухына біржола еншілеп табыстаған дұрыс болар еді. Зерендідегі Хамиттің тағы – жыр тағы. Келешек жырдың ұрпағы осынау жыр тағын ұмытпай, сәлем беріп, тағзым етіп тұрса құба-құп. Хамит тағы қазақ жырын қастерлейтін қара орман елінен хабар күтеді…

Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар