Үкіметтік емес ұйымдар меморандумдарға қол қойды

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов облыстағы  үкіметтік емес ұйымдардың өкілдеріне жаңадан қол қойылған меморандумдарды салтанатты түрде табыс етті. 

Ақмола облысы азаматтық қоғам институттарымен конструктивті әріптестік орнатуда жоғары рейтингке ие бес аймақтың қатарында. Бүгінгі күні облыстық әділет департаментінде саяси партиялардың филиалдарын, кәсіподақ ұйымдары мен аймағымыздан тыс жерлерде бұрын тіркелгендерін қоса есептегенде, біздің облысқа жататын 1002 үкіметтік емес ұйым бар. Бүгінде бұл үкіметтік емес ұйымдар жастар, этномәдени, экологиялық, патриоттық, спорттық, қайырымдылық, құқық қорғау, кәсіпкерлікті дамыту, гендерлік, сауықтыру-алдын алу, ғылыми, мүгедектерге қолдау көрсету бағыттарында өз жұмыстарын жүзеге асырып жатыр. Мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара қарым-қатынасын орнататын негізгі тетіктің бірі – азаматтардың бастамаларын қолдауға бағытталған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс.
Ең алғашқыда 2006 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа облыстық бюджеттен небары 4 миллион теңге ғана қаражат бөлінген болса, бүгінде яғни, он жылдан кейінгі жағдай бойынша жергілікті бюджеттен 167,4 миллион теңге қаражат қарастырылған. «Нұр Отан» партиясы азаматтық сектормен бірлесіп, әлеуметтік мәселелерді шешу барысында жауапты жұмыстар атқаруда, қажет болған жағдайда олар билікпен және «үшінші» сектормен әріптестік қарым-қатынастар орната алады.
Партияның басым бағыттарының бірі –
партиялық жобаларды, мемлекеттік стратегиялар мен бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы азаматтық секторды дамыту, олармен өзара қарым-қатынас орнату. Сондай бағдарламалар ішінде «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі, «Қазақстан-2050» стратегиясы, «Нұрлы жол», «Ақпараттық Қазақстан-2020», «ЭКСПО – 2017» және «100 нақты қадам» Ұлт жоспары сияқты маңызды құжаттар да бар.
– Бүгінгі күні біздің облыста партияның үкіметтік емес сектормен әріптестік қарым-қатынасы жүйелі сипатқа ие. Жыл сайын партия мен азаматтық қоғам секторы арасында өзара қарым-қатынас пен әріптестік туралы меморандумдар жасалады. Бүгінде консультативтік-кеңес беретін «Қазақстан-2050» демократиялық күштердің одағы» ұйымы құрылып, оған мүшелікке саяси партия мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кірді. Былтыр ҮЕҰ-мен жасалған меморандумдар аясында 63 іс-шара өткізілді. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқығын қорғау қоғамдық бірлестіктерімен бірлесіп ұйымдастырылған қарттар мен мүгедектер айлығы шеңберінде өткізілген іс-шараларды атап өтуге болады. Осындай бірлесіп атқарылған жұмыстар көп, алдағы уақытта да сіздермен өзара тығыз қарым-қатынаста көптеген маңызды шараларды жүзеге асырамыз деп сенемін, – дей келе, Ғалым Бекмағамбетов мүмкіндігі шектеулі Еркін Ғаббасовтың тағдыры туралы айтып, оған және оның жары Шынарға 4 254 000 теңгенің сертификатын тапсырды. Еркін Ғаббасов жиырма сегіз жасында құрылыс сатысынан құлап, мүгедектік арбасына таңылған. Бүгінде ол үш баласымен 18 шаршы метрді құрайтын аядай бөлмеде тұрып жатыр екен. «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының қабылдауына келіп көмек сұраған соң, облыстық мәслихаттың депутаттары оған өз қалталарынан ақша жинап беріп, баспаналы болуға қолдау көрсетіпті.  
Аталмыш шараның модераторы Ғалым Мәдешұлы биылғы жылдан бастап қолданысқа енгізіліп жатқан «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша алдағы уақытта 180 пәтерлі үйлер салынып, олар мүмкіндігі шектеулі жандарға сатып алу мүмкіндігінсіз жалға берілетіндігін атап өтті.
Бұдан әрі үкіметтік емес ұйымдардың басшылары мен жетекшілері өз ұсыныстарын айтып, партия тарапынан қолдау сұрады.
Бұрынғы қалыптасқан дәстүр бойынша жаңа меморандумдарға қол қойылып, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдеріне салтанатты түрде табыс етілді. Олардың ішінде «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық қозғалысы,  «Kazakhstan Innоvations»  қоғамдық қоры, облыстық ардагерлер кеңесі, «Ақмола облысының Азаматтық альянсы» қауымдастығы, «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер қоғамдық бірлестігі, «Думан» облыстық педагогикалық жасақтары және тағы да басқа қоғамдық бірлестіктер мен қорлар бар.

Ырысгүл Шамшиева.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар