Кішілік пен кісілік кетіп, мейірімділік азайып бара ма?!.

Өткен жылдың 24 қазанындағы «Арқа ажары» газетінің №121 санында жарияланған журналист Байқал Байәділовтің «Шет елде оқып жүр талай қазақ баласы!..» атты болашақ үшін маңызы зор ойсаларлық мақаласын оқып шықтым. Бүгінгі жастардың «еркін» санасы, ұлттық салт-дәстүрге деген теріс көзқарасы, төл тарихын білмеулері барша елім деген азаматтарды алаңдатпай қоймасы анық. Осы орайда, журналист ағамыздың ізінше мен де бірер оқиғаны баяндап, кие деген ұғым жайында қалам сілтеуді жөн санадым.

Құрбан айттағы кесел ой
Құрбан айттың бірінші күні болатын. Мешіттен кейін жолдасым екеуіміз ата-анамызға кіріп шығып, ұлық мейраммен құттықтадық. Осы өмірге бес баланы дүниеге әкеліп, өсіріп өндірген енеміздің ыстық бауырсағы мен сары майынан ауыз тиіп, сүт қатқан тәтті шәйін ішіп алып, жақында кішкентайлы болған жолдастарымызға соға кетуді жөн көрдік. Болаттың (есімін өзгертіп алып отырмын) үйіне кірсек, келіншегі көңілсіздеу екен. Жолдасым үйдің отағасымен сөйлесіп, балконға шығып кетті. Ал, мен құрбымды әңгімеге тарттым. Іштен тынып жүрген бар сырын маған айтып, біраз жылап алды…
…Таңертең құрбымның енесі оқыған-тоқығаны мол деп барша жұртқа мақтанатын үлкен баласымен үйдің алдына келіп, кірмей кетіпті. Машинада отырып, кенже баласына далаға шығуға бұйрық беріпті. Анамның Құрбан айтында төргі бөлменің бірінде дастарханын тәулік бойы жайып, үстіне жайма нанын, бауырсағы мен сары майын қойып, үйге келген адамды қарсы алып, аруақтарға Құран оқытып, солардың батасын алып жүретіндігін осы күнге дейін көріп жүрдім. Бірінші келген кісіні Құдайындай күтетін. Осындай қонақжайлылық пен кішіліктің, мейірімділік пен салт-дәстүрге беріктікті көріп өскендіктен бе, әйтеуір, жаңағыдай бейсаналы жайларға үрке қараймын. Тіпті, айт мейрамы былай тұрсын, жолаушылап жүрген адамыңа дәмнен ауыз тигізбей жібермейтін қазақпыз. «Дәмнің киесі болады» дегенге сенеміз. «Асты аттап кетуге болмайды» деген тыйымдарды да аталарымыздан жиі еститінбіз. Дастарханның байлығын тілеп, үлкендердің ақ батасын аламыз. Ал, мына алпысты алқымдаған ене мен қайын ағаның ешбір себепсіз жасаған осы қылығына мен түсінбедім. Құрбыма: «олардың үйге кірмегеніне мүмкін сенің де кінәң бар шығар. Мүмкін оларды өзің ренжітіп алған боларсың. Жарайды, алдағы уақытта барлығы жақсы болып кетеді» деп, ақыл қостым. Бірақ, Құрбан айтта баласының үйіне келе тұра, ішке кірмей, жаюлы дастарханнан дәм ауыз тимей, кетіп қалған әлгілердің қылығын көңіліме секем алып қалдым. Сыртқа шығарып айтпасам да, бір сұмдық болмаса екен деп ойладым ішімнен. Арада бірнеше ай өткен соң, құрбым енесінің үлкен баласының қолына көшіп келгенін айтты. Бірақ, көп ұзамай үлкен баласы түннің бір уағында әлгі шешейді үйінен қуып жібереді. Ауылдағы қара шаңырағын сатып жіберген шешей қайда барарын білмей, түнделетіп қаланың бір шетінен екінші шетінде тұратын кенже баласына жаяулап жетеді. Құрбым ештеңе айтпастан өз анасынан көрген өнегесімен дастарханын жайып қарсы алып, жылы-жұмсағын алдына қойып, төсегін салып береді.
Ал, құрбан айт мейрамындағы ақ ниетпен әзірленген дастарханға қайырылмайтын, қасиет дегенді білмейтін әлгі шешей мен баласы осыдан кейін неше түрлі қиыншылықтарды бастарынан өткерді. Әлгі ағамыздың жайы қазір өте төмен. Келіншегі мен балаларынан ажырасып, қызметінде де бар абырой-беделінен айырылған.

Анасын ренжіткен көгермейді

Қасиетті Рамазан айының бірінші күні болатын. Қарашаштың қайын атасы мен енесінің көшіп келгендеріне көп уақыт бола қойған жоқ. Келіні мен баласының қасына келгеннен кейін шаруашылықтан қолы босаған Дәмелі әжей биыл бірінші рет ораза ұстауға ниеттенген-ді. Келіні де осы ораза уақытына сәйкестендіріп, бір айға жұмыстан демалыс алыпты. Түс кезінде Қарашаштың жолдасы, яғни, әжейдің кенже баласы түстенуге үйге келді. Дастарханға отыра бергенде, қалада үлкен қызметте істейтін «оқымысты қайын аға» да келе қалды. Анасының бүгін бірінші рет ораза ұстағанын естіген, бірақ, түрі суық.
Үйдің үлкендері түстеніп жатқан соң, анасы немерелерін ойната тұрайын деп, есік алдына шығып кеткен. Әлгі үлкен ағамыз үстел басына анасын шақыртты. Құтты бір қол астындағы адамдарына бұйрық беріп жатқандай. Сөйтіп, далада отырған анасы: «балам, бір жақсы жаңалық айтатын шығар, әлде қызметінде өсті ме екен?» деген оймен ішке кірді. Сол-ақ екен, әлгі ағамыз неше түрлі әңгімелерді айтып, «анда-мында жүріп, барлығына кесіріңді тигізе берсең, қарттар үйіне өз қолыммен апарып тастаймын. Отырсаң, тыныш отыр» деп айқайлап, ұйып отырған шаңырақтың берекесін алды. Анасына болысып, баласына қарсы шыққан әкенің де ақылына құлақ аспады. Осы кезде Қарашаш: «біз тұрғанда ата-енеміз қарттар үйіне бармайды» деп, орнынан атып тұрып, жазықсыздан еңіреп отырған қайын енесін далаға алып шығып кетті.
Жоғары лауазымды қызметін мақтан тұтқан «оқыған қайын аға» болса, қарнын тойдырып алып, томсырайып өз жұмысына кетті…
Осыдан кейін «оқыған азаматтың» жұмысында қиындықтар басталды. Бір қайшылықтан соң, екіншісі күтіп тұрды. Бастығының тарапынан оның жұмысына көңіл толмаушылық секілді ескертулер жиі айтылды. Ораза айының екі аптасы өтер өтпестен әлгі ақырған қайын ағаның дауысы бір демде басылып қалды. Оқымысты ағамыз қылмыспен істі болды. Сөйтіп, сотта жауапқа тартылып, қызметінен айырылды. Көп ұзамай әйелімен де ажырасты. Сонда ақша мен мансаптың соңында жүрген адамдар сол қызметтің қолдың кірі екенін неге түсіне бермейді деген ой келді маған. Мұның бәрі уақытша ғой білген адамға.
Мені осы күнге дейін ойлантатыны, әлгі ағамыз белгілі бір заң шеңберінде ата-анасын қарттар үйіне апарып тастауға болатынын білгенде, «Жұмақтың кілті – анаңның табанының астында», «Ананың батасымен көгеру» деген аталы сөздер мен «Алдымен, анаңды сыйла, сосын тағы анаңды сыйла, кейін тағы да анаңды сыйла. Содан кейін барып әкеңді құрметте» деген хадистерді естімеді ме екен? Адамгершілік пен сыйластықты, мейірім мен кішіпейілділікті, ата-анаға деген қамқорлықты білмейтін осындай қаншама оқымыстылар ортамызда жүр. Олардың сырты бүтін болғандарымен, іштерінде не жатқандары белгісіз.
Кезінде осы ұлдарын әке-шешесі бар-жиған тергенін салып, оқытып еді. Осы баламыз ертең тірегіміз болады деп сенген, қарттар үйіне апарып тастайды деп емес…

Қарлығаш БАҚЫТНҰР.
Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар