Конституциямыздың құндылығына бойлады

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Ақмола облысы бойынша  педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында Ата Заңымыздың 20 жылдығына арналған облыстық ғылыми-практикалық конференция болып өтті.

«Қазақстан Республикасының Конституциясы – тұрақтылық, бейбітшілік пен келісім кепілі» тақырыбында  ұйымдастырылған бұл шараны аталған институт директоры Еркін Исімбаев ашып, жүргізіп отырды. Конференция барысында алдымен, Ата Заңымыз жөніндегі шағын бейнефильм көрсетіліп, Самара облысы Білім және ғылым министрлігі Отрадный басқармасының басшысы, Әлеуметтік-педагогикалық инновациялардың халықаралық жәрмеңкесін ұйымдастыру комитетінің төрағасы Владимир Гусаровтың бейне-құттықтауы тыңдалды. Ол өз әріптестеріне алда келе жатқан Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай жылы лебізін жолдапты.  
Ал, облыстық әділет басқармасы басшысының орынбасары Жаннат Тәшенова  бұл мейрамның еліміздің әрбір азаматы үшін маңызының зор екендігін атап өтті. Олай болатын себебі, біздің өмір сүру сапамыз осы басты тұғырнамамыздың шынайы өмірде жүзеге асырылу деңгейіне тікелей тәуелді. Жиырма жыл тарихта қас-қағым сәт болғанымен, осы шамалы уақыттың ішінде еліміздің қол жеткізген табыстары орасан. Мұның барлығы да Конституцияның әр бабының сақталғандығының айнасы. Ал, егер оған белгілі бір өзгерістер енгізіліп жатса, бұл құжаттың әлсіз екендігін, не дұрыс жасалмағандығын білдірмейді. Ол – уақыттың бір орында тұрмайтындығының, соған орай қоғамда жаңа қажеттіліктердің туындайтындығын көрсетеді. Әділет органдары мемлекеттік мекемелер мен әр деңгейдегі мәслихаттар қабылдаған нормативтік-құқықтық құжаттардың Ата Заң нормаларына қайшы келмейтіндігін тексеріп отырады. Тек содан, кейін ғана барлығы сәйкес болған жағдайда олар тіркеліп, қолданысқа енгізіледі. Шешен өз сөзінде кеңестік дәуірде тәрбиеленген ұрпақтың заңға толық бағынатын жандар екендігін, енді осы рухта бүгінгі жас ұрпақты тәрбиелеу қажеттігінің туындап отырғанын айтты.
Ал, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің сырттай оқу бөлімінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты  Марат Өтегенов Ата Заңымыздың тарихи құндылығына тоқталды. Шығыс пен батыстың, Азия мен Еуропаның, социализм мен капитализмнің, жоспар мен нарықтың, тоталитаризм мен демократияның тоғысқан, шарпысқан, кіріккен, біріккен, қақтығысқан қазанынан қайнап туған тұлға – Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың осы негізгі құжатқа сүйене отырып жүргізіп отырған саясаты елімізді тек алға бастауда. Конституциямыз осы жылдар ішінде өз өміршеңдігін дәлелдеді. Қазақстанның қуатты экономикасы мен сенімді саяси жүйесінің қалыптасып, татулық, бірлік пен берекенің бесігіне, ең бастысы, болашағы бар мемлекетке айналуы – Ата Заңның арқасы.
Осы орайда, сөз алған «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалының кеңесшісі Күләш Кәршалова, №18 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Арман Әбдіқадыров, Көкшетау қаласындағы №1 сервистік-техникалық колледж директорының орынбасары Наталья Румянцева, «Нұрай» бала бақшасының меңгерушісі Айгүл Маментикова да Конституцияның бүгініміз бен келешектегі өркендеуіміздің, жаңарып, жаңғыруымыздың, адам құқықтарының сақталуының кепілі болатындығын тілге тиек етті.  Шараға арнайы келген «Аленушка» бала бақшасының тәрбиеленушілері Ата Заң жөніндегі тақпақтарын айтып, патриоттық ән салып берді.
Перизат ӘБІЛҚАСЫМҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар