Концлагерь – сол соғыста адамзат баласына жасалған ең бір сұмдық қиянат

Соғыс жылдары неміс-фашист концлагерьлерінде 18 миллионға жуық әскери тұтқындар мен  қарапайым адамдар, олардың ішінде балалар да   азапты күндерін өткізген екен. Солардың бірі – Мария Тутуева болатын. Бір өкініштісі, Мария Васильевна биыл наурыз айында 82 жасында қайтыс болды. Көзі тірісінде іздеп барып сұхбаттасқанымда кейуана тар қапаста басынан кешкендерін айтып берген еді. 

 

Мария Васильевна 1934 жылы Ресейдің Калуга облысы Думиничес-кий ауданының Чернышино селосында дүниеге келген. Деревняны фашистер басып алғанда Мария жеті, ағасы Сергей он үш, апасы Александра он бір жастағы, тағы бір інісі небары төрт айлық балалар екен. Әкелерін майданға алып, үйдегі шиеттей балалар аналарымен қалады. Селода кескілескен шайқастар болып, үш рет қолдан қолға өтеді.
– Әркімге жан керек,  бір үйдің жертөлесіне барып жасырындық. Немістер жертөленің есігін бұзып кіріп, барлығымызды далаға қуып шықты. Сосын селоның орталығындағы шіркеуге апарып қамады. Содан Германияға баруға үгіт жүргізе бастады. Ылғи кемпір-шал, бала-шаға, оқымаған қараңғы адамдар. Ешкімнің де ерікті түрде ол жаққа барғысы келмеді, – деп еске алған еді сол жолы  Мария Васильевна көрген тауқыметін.
Германияға ерікті түрде барғысы келмегендерді немістер жаяу күзетпен алып шығады. Жүруге жарамаған адамдарды әйел, еркек, бала демей, табан астында атып отырады. Олардың өлі денелері сол  жерде көмусіз  қала берген. Кенет ойламаған жерден атыс басталып кетеді де, бәрі жан сауғалап, жан-жаққа қашады. Денесіне оқ тиген Машаны сол тұстағы бір деревняда қарт фельдшер үйіне паналатып, жарақатынан айығуына көмектеседі. Бірақ, соның өзінде жас қызды анасы және бауырларымен бірге немістер тауып алып, Эстониядағы конц-лагерьге апарып қамаған. Мұнда  Мария апай 6 мың адамның ажал құшқанын айтады. Бір күні барлығын топырлатып, пойызға тиеп, Германияның өзіне жөнелтеді.  
Ондағы екінші концлагерьдегі күндері қалай болар еді?! Бірақ, бұларды жолдағы бір станцияда жергілікті помещиктер қара жұмысқа бөліп-бөліп әкетіпті.  Оларға жұмыс істегендердің ішінде орыс, поляк, француз ұлтынан әскери тұтқындар да  болған екен.
– Міне, небары 9 жасымда осының бәріне қалай шыдадық десеңізші. Әйтеуір, «шықпа жаным, шықпамен» небір құқайды көріп, соғыстың соңына қарай жауды өкшелей қуып, батысқа бет алған Кеңес әскерлерінің тегеуріні арқасында бұл құлдықтан да босадық-ау. Сол сәттегі қуанышымызды айтып жеткізудің өзі қиын.  Жалғыз кенже інімнің шетінегені болмаса, мынандай ит қорлықпен анам, бауырларым, төртеуміздің де қалай аман қалғанымызға  әлі күнге таңым бар. Сондағы жастайымнан бір байқағаным, адамның жанынан сірі ештеңе жоқ екен, –
деп еді сол жолы Мария апай.
1955 жылы тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны басталуымен,  Ақмола облысының Атбасар ауданына келіп қоныстанған Тутуевтардың отбасы осы жерден өз бақытын табады. Атап айтқанда, өмірлік жары Александр атаймен 50 жылдан астам дәм-тұздары жарасып, бірге ғұмыр кешеді. Бала екеш бала жүрегіне де айықпас дертін салған концлагерь екінші дүниежүзілік соғыста неміс фашистерінің адамзат баласына жасаған сұмдық бір қиянаты еді. Сондықтан, оны және ондағы миллиондаған құрбандарды ешқашан ұмытуға болмайды.  
     Темірбек ҚАСЫМЖАНОВ.   

Атбасар қаласы.
Суретте:  концлагерь тұтқыны  Мария және Александр Тутуевтар.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар