Өлең өрлеген күн

Таяуда Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Алып елім – Алашым» атты әдеби-музыкалық композицияның премьерасы болып өтті.

 

Көкшетаулық белгілі ақын Алмас Темірбайдың өлеңдерін өзек еткен өзгеше кейіптегі поэтикалық қойылым жарқын жаңалықтың жылы лебі десек те боларлық. Сахна төріндегі қос актер телевидение қызметкерлері, бірі – журналист болса, екіншісі – оператор.  Думанды дүние, ғұмыр дария көз алдарында ағып өтіп жатыр. Жалғыз екеуі ғана емес, демалыс паркіндегі орындықта сырлы сезімнің тиегін ағытып отырғандар да, мамыражай шақта масайрап жүргендер де бар. Ілкіден жалғасып келе жатқан ұлы өнердің бүгінгі көрінісі де елес береді. Елес емес, нақты көрініс. Көзбен көріп, қолмен ұстағандай жанды тұлға. Ол әлбетте, ойлы өлеңдерімен, жарқын жырларымен әдебиет сүйетін қауымды мойындатқан – ақын Алмас Темірбай!
Сөз арасында Алмастың бірнеше жыр жинақтарын шығарғандығын айта кетсек артық болмас. Ақын «Шөп те өлең, шөңге де өлең» дейтін әлдебіреу тәрізді емес, сүзгіден өткізілген, ойлы жырларымен белгілі. Сондықтан да болар, ол халықаралық «Шабыт» конкурсының екі мәрте лауреаты атанып, Гран-приін жеңіп алған. Халықаралық «Түрік поэзиясы» фестивалінде лауреат атанған. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті атындағы жүлдені де иеленген. Жастардың мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар және Журналистер
одақтарының мүшесі.
Өлең сөздің патшасы – поэзия пырағының жалынан мықтап ұстаған ақын Алмастың өлеңдеріне көптеген әндер де жазылып жүр. Сол әндерді қазір Қазақстан эстрадасының жарық жұлдыздары орындауда.
Қойылым барысында Алмастың қаламынан туған «Аллажар», «Автопортрет», «Жұмақ жұрт» жинақтарына енген өлеңдері оқылды. Сахнаға шығып оқи салған жоқ, әр шығармадағы рухани күш, мөлдір де нәзік махаббат өлең тілімен өріліп, күй тәрізді күмбірлеп, көкіректен көкірекке құйылып жатты.  Қойылымның композициясы өзіндік өрнегімен өрлеп, шырқау шегіне жеткенде кештің түйіні, өміршең өлеңнің дәні тәрізді көрермен назарына ұсынылған шағын қойылым ойға ой үстемелеп, мазмұнға мазмұн қосып, мағынасын үстей түсті.   
Өлең оқылудан қалған, сөз қадірі бөз қадіріне астар бола алмайтын шаққа жеткенде театрдың жас көрермендеріне өлең қуатын ұқтыру, поэзия тұңғиығына бойлату үшін жасалған қадам дұрыс шешім болды ма деп те қаласың. Өлеңнің өрісін кеңейтуге бағытталған идеяны театр директоры Мұратбек Оспанов ұсынған екен. Ақын Алмас құп алыпты. Ақыр соңында бүгінгідей әсерлі әдеби-музыкалық композиция дүниеге келді. Олжасы да аз емес.  

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар