Әлемнің әйгілі скрипкашысы Марат Бисенғалиев Көкшетауда өнер көрсетті

Облыстық филармонияның 70 жылдық мерекесіне орай, осы өнер ордасының өз симфониялық оркестрі мен Алматы қаласы оркестрінің бірлескен концертінде жерлестеріміз есімі әлемге танымал әйгілі скрипкашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Марат Бисенғалиевтің өнерін тамашалады. Зал толы көрермендерді хас шеберлігімен тәнті еткен өнер жұлдызына облыс әкімінің атынан ықылас гүл шоқтары табыс етілді.

Шынайы өнердің бағасын білетін талғампаз көкшелік өнерсүйер қауым симфониялық концертті тамашалауға көптеп жиналды. Залда ине шаншар орын жоқ болды десек артық айтқандық емес. Концерт шымылдығы «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының оркестрінің дирижері Руслан Баймурзиннің сүйемелдеуімен Абылайханның «Қара жорға» шығармасымен ашылды.
Ізінше сахнаға атақты маэстро көтеріліп, жиналғандарды жан дүниеңді тебірентіп, жүрегіңді сөзсіз сұлулыққа жетелейтін сиқырлы скрипка үнімен баурап әкетті. Скрипкадан сыңғырлап төгілген сырлы әуен көңіл пернесін дөп басты. Шығарманың сәтті орындалғаны соншалық,  көрермен дуылдата қол соғып хас шеберге барынша ықыластарын танытты.     
Концерттік бағдарламада Крейслердің  «Прелюдию и аллегро», А.Серкебаевтың «Старая  Алматы», Баццинидің «Хоровод гномов», П.Чайковскийдің «Струнная серенадасы», Э.Эльгардың «Салют дэ амор», Альбенистің «Астуриас» сияқты тағы басқа классикалық туындылар орындалды.  «Абай» және «Шәкәрім» сюиталарының авторы  британдық композитор Карл Дженкинс. Ағылшын маэстросы бұл туындыларды жазар алдында қолға алмақ ісіне өте жоғары жауапкершілікпен қарап, көшпенділердің өмірімен, мәдениетімен танысу үшін, қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарымен танысу үшін елімізге арнайы келгені баршаға мәлім. Марат Бисенғалиевтің орындауындағы шығармалар жазылған үнтаспалар үлкен сұранысқа ие.
Руслан Баймурзиннің дирижерлік етуімен әлемнің үздік музыканты Карл Дженкинстің «Сары қыз» сиютасы орындалды. Жас та болса талантымен көпті тәнті еткен дирижердің өнеріне риза көңілден маэстроның өзі қолын қысып, ризашылығын білдірді.
Концерт барысында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Шолпан Дүкенбаева, халықаралық байқаулардың лауреаты Махаббат Мұхамеджанова, Валерия Болиевалар өнер көрсетіп, тыңдаушысын тәнті етті. Марат Бисенғалиевпен бірге скрипкада ойнаған халықаралық конкурстардың лауреаты Динара Базарбаеваның талабы таудай талантты дарын иесі екендігі көрініп тұрды.
Әсіресе, Махаббат Мұхамеджанова мен Медет Хамзиннің орындауындағы  Джоаккинно Россиннидің «Мысықтар дуэті» өте сәтті шығып, көрермен көңілін көкке өрлетіп, бір серпілтіп тастады. Кеш соңында мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева  сахна төріне көтеріліп, дарабоз дарын иесіне зор алғысын білдіре келіп, облыс әкімінің атынан құттықтау хатты оқып, табыс етті.
Үш сағат бойы адам жанын  мөлдір сұлулыққа бөлеп, жүректі нұрға шомылдырған концертті көрермен халық бір демде, ұйып тыңдады. Сиқырлы скрипка сазы сұлулыққа іңкәр көңілді өнер көгінде қалықтатты!..

Ұлмекен ШАМЕНОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар