Әлібек Жүсіп: «Орман халықтың қазынасы»

Бүгінгі таңда жер аумағы бойынша әлемде алдыңғы ондыққа кіретін елімізде орман-тоғайдың үлес салмағы жағынан біздің облысымыз  жетекші орындардың бірінде тұр. Өңірде  қолда бар ағаш қорын сақтап қана қоймай, оның көлемін арттыру бағытында мақсатты жұмыстар жүргізіліп келеді.

Осы орайда, газет тілшісі облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аймақтар бөлімінің басшысы Әлібек Жүсіппен тілдесіп, осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар жайында сұрап білген еді.

– Әлібек Есмағзамұлы, облысымызда орман алқабының көлемі қанша және оны күтіп, баптау, қорғау жайы қалай? Əңгімемізді осы бағытта өрбітсек.
– Облысымыздағы орман қорының жалпы көлемі 1 миллион гектардан асады. Оның ішінде орманды аумақтар 382 014 гектарды құрайды. Орманды күтіп, баптау, қорғау бағытында орман шаруашылығының 13 мемлекеттік мекемесі жұмыс істейді. Олардың күтіміндегі орман қорының көлемі 405 376 гектар болса, орманы бар жерлер
222 327 гектарды құрайды. Орман мекемелері 6 аудандық және 2 қалалық әкімшілік аумағында орналасқан. Онда 516 адам жұмыс істейді.
– Осыдан он бес-жиырма жыл бұрынғы кезбен салыстырғанда орман алқаптарының көлемі едәуір артқан екен. Ал, орман қорын ұлғайту барысында қандай жұмыстар жүзеге асырылды және қазір нендей іс-шаралар жүргізіліп жатыр?
– Негізгілеріне тоқталып өтейін. Жалпы, ормандарды қалпына келтіру – орман секторының басты басымдықтарының бірі болып саналады. «Қазақстан-2030» Стратегиясында және Мемлекет басшысының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауларында осы мәселелерге ерекше басымдық беріліп келеді. Атап өтуге тиіспін, оның ішінде біздің облысымыздың аумағын экологиялық жағынан жақсарту бойынша ынталандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Осы бағытта облысымызда 11 питомник жұмыс істейді. Олардың арасында Ақкөл, Кіші Түкті, Маралды орман шаруашылығындағы питомниктер бар. Питомниктердің жалпы көлемі 163 гектарды құрайды. Оның 108 гектары суармалы. Жыл сайын осы питомниктерде 10 гектарға дейінгі алқапта қылқанды және жапырақты ағаш түрлерінің тұқымдары себіледі. Облыс елді мекендерін көгалдандыру мақсатында қарағай, шыршаның жапырақты және бұтақты түрлері өсіріледі.
Соңғы 2012-2017 жылдары 8820 гектар алқапта ағаш көшеттерін отырғызу жүргізілді. Ағымдағы 2017 жылы мемлекеттік орман қорының аумағында орман шаруашылығының 13 мекемесі 1305 гектар ағаш отырғызды. Оның 825 гектары облыстық бюджет қаражаты есебінен, 89 гектары мекемелердің ақылы қызметтерін іске асыру қаражаты есебінен және 391 гектары орманды пайдаланушылар есебінен жүзеге асырылып отыр.
– Орман-тоғайдың бірінші жауы – өрт. Орман өрттері көктем мен күз маусымында көп. Осыған байланысты биылғы жылғы өртке қарсы қандай шаралар жүзеге асырылуда?
– «2017 жылға арналған Ақмола облысы мемлекеттік орман қорының аумағында орман өрттерінің алдын алу және олармен күресу жөніндегі шаралар туралы» облыс әкімдігінің қаулысы қабылданған болатын. Осыған сәйкес, аудан әкімдіктерімен және төтенше жағдайлар департаментінің өртке қарсы қызметімен бірлесіп жасалған орман шаруашылығы мекемелері бойынша хабарлау сызбасы және орман өрттерімен күресу жоспары бекітілді. Ағымдағы жылдың қаңтар айында орманды өрттен қорғау теориясы мәселелері бойынша орман шаруашылығы мамандары оқытылды. Биыл облыстық бюджеттен бөлінген 42,1 миллион теңгеге Степногорск және Куйбышев орман шаруашылығы мекемесіне «Соболь» патрульдік машинасы мен ГАЗ – 3308 АЦ-3-40 базасындағы 2 өрт автокөлігі, Үлкен Түкті орман шаруашылығына 3 мобильді және
7 тасымалданатын радиостанция сатып алынды.
Бүгінгі таңда 347 аншлаг орнатылды. 4253 дана өртке қарсы тақырыпқа арналған үнпарақтар таратылды. Оған қоса, 256 дәріс, әңгіме және семинар өткізілді. Газеттерде 80 мақала жарияланды, теледидар бойынша 2 сұхбат өткізілді. Облыстың орман шаруашылығы мекемелері бойынша 1754 рейд және тексеру жүргізілді. 2017 жылы ормандарда өрт қауіпсіздігі ережесін бұзғаны үшін сомасы 102,0 мың теңгеге 3 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Келтірілген шығын толық өтелді.
– Астана-Щучинск тас жолының бо-
йын көгалдандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып өтсеңіз.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, «Астана-Щучинск» автожолының бойымен Шортанды ауылынан бастап, Щучинск қаласына дейінгі аралықты орманды алқапқа айналдыру жұмысы жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар 2009 жылдан бастап қолға алынған еді. Ағаш көшеттерін отырғызу Шортанды, Ақкөл, Бұланды және Бурабай аудандарында жүргізілді. Жобаға сәйкес, қылқан жапырақты және жапырақ тұқымдас ағаштарды, атап айтқанда қарағай, қайың, терек, тал, үйеңкі, шегіршін, шие, ырғай тәрізді ағаш түрлері отырғызылды.
Жалпы, «Астана-Щучинск» автожолының бойына ағаш отырғызу үшін барлығы 1,9 миллиард теңге бөлініп, толық игерілді.
– Орманды ұзақ мерзімге пайдалану барысында сүрек даярлау бойынша орман пайдаланушыға қандай талаптар қойылады. Осы туралы айта кетсеңіз.
– Орман пайдаланушы да ағашты даярлауды жүзеге асыру үшін қаражаты мен өндірістік қуаттары және тиісті біліктілігі бар мамандар болуы керек. Бұл жекеменшік құқығындағы материалдық-техникалық базаның, өрт жабдықтары мен өрт сөндіру құралдарының, инженерлік-техникалық қызметкерлері мен ағаш дайындау бойынша өндіру жұмыстары үшін арнайы оқытылған персоналдың, сүрек дайындау және қайта өңдеу жұмыстарын ұйымдастыру бойынша қаржыландыру көздері көрсетілген перспективалық жоспары болуы қажет.
– Соңғы кездері ағаш кесудің көлемін азайту үрдісі байқалуда. Мұның себебі неде?
– Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығына сәйкес, мемлекеттік орман қорының аумағында ағаш кесу жасы қылқан жапырақты ағаштар үшін 121-140 жыл, қарағай мен қайың ағаштарына 61-70 жыл бекітілген. Екпелердің қажетсіз ағаштарын алып тас-
тау үшін және ағаштардың өсуіне қолайлы жағдайлар жасау мақсатында 60-80 жастағы ағаштарды баптап кесу жұмыстары жүргізіледі. Орманның өсу процесінде көп ағаштар қурап қалады, сондықтан, ағаш кесудің міндеті – орманды сауықтыру.
– Əңгімеңізге рахмет.

Сұхбатты жүргізген арнаулы тілшіміз Аслан ОСПАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар