Өлке өрісін өнерінен таниды

Ақмола, Көкше жері ежелден ән мен жырдың алтын бесігі саналған. Кешегі Біржан сал мен Ақан сері, Үкілі Ыбырай мен Балуан Шолақ Оқжетпестің биігіне ән  байлап, Сарыарқада сал-серілік құрып, өнері асқақтаған, өнерпазын ардақтаған киелі жер бұл.

Сол себепті де, біз ел жүрегі Астанаға ат арытып барғанда, ән мен жырдан, шалқыған биден, күмбірлеген күйден шашу шашып, астаналықтар мен қала тұрғындарының көңілдерін бір серпілтіп қайтсақ деп отырмыз.
29 қазан күні таңғы сағат 10.00-де «Хан шатыр» сауда орталығының алдында «Көкшетау» мәдениет сарайының  өнерпаздары мерекелік театрландырылған қойылымды көрермендер назарына ұсынып, өз өнерлерін ортаға салады. Облысымыздың 19 ауданынан сайдың тасындай іріктеліп алынған кіл жүйріктер өнер көрсетеді.
Тоғызқұмалақ, кір көтеру, асық ату, салмақ көтеру, армрестлинг, датс ойындарынан бұқаралық спорттық шаралар ұйымдастырылады.
Астана қаласының тұрғындары мен меймандары Ұлттық академиялық кітапханада «Тәуелсіз елдің азат ақындары» атты ток-шоуды тамашалау мүмкіндігіне ие бола алады. Бұл шарада Ақмола облысының жас ақындары өз шығармашылықтарымен жақынырақ таныстырады. Мерген Тоқсанбай, Оюлы Қуаныш, Бахытбек Бекмұратұлы есімді жас таланттардың өлеңдері бүгінде оқырмандар арасында жақсы танымал. Осыны ескеріп, біз жас дарын иелерін осындай айтулы шараға арнайы апарып, олардың өнерлеріне өріс ашуды мақсат тұттық.    
29 қазан күні сағат 14.00-де Бейбітшілік және келісім сарайында ақын, жазушы Құдайберлі Мырзабектің «Жанымның мәңгі көктемі»  шығармашылық кеші болады. Әдеби кеш барысында ақынның өлеңдері мен соңғы жылдары жазылған «Науан Хазірет», «Батырлық жолы» пьесаларынан үзінділерді Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының әртістері сахналайды. Сондай-ақ, Құдайберлі Мырзабектің бірнеше әндерін облысымыздың айтулы әншілері атап айтсақ, Кенжебай Мұқышев, Сәрсенбай Хасенов, Аслан Мұхамедияровтар орындайды.Осы күні сағат 19.00-де   көрермендер Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық-драма театрында Мұхтар Шахановтың «Шыңғыс хан» қойылымын тамашалай алады.
Қыран құстар мен жүйрік тазылардың, төбеттердің көрмесі де көпшіліктің назарына ұсынылады. Сондай-ақ, ұлттық тағамдарды дәріптеу де назардан тыс қалған жоқ.
Қазан айының 30-ы күні күндізгі  сағат 11.00-де Бейбітшілік және келісім сара-йында Ақмола облысының тәуелсіздіктің 25 жылдығы ішінде әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы қол жеткізген жетістіктерді айшықтайтын 12 бағытты қамтыған көрме ұйымдастырылады.  Өрнекті өлкенің өнеріне тәнті болыңыз, ағайын!

Сәуле БӨРІБАЕВА,
Ақмола облыстық мәдениет басқармасының басшысы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *