«Үлкен ел – үлкен отбасы» жобасының берері мол

Облыстық ішкі саясат басқармасы жанындағы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 86-қадамын жүзеге асырудың барысы мен «Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасы сөз болып, соған орай, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы мен «Қоғамдық келісім» мекемесінің және Қоғамдық кеңестердің атқарып жатқан жұмыстары талқыланды.

 

Брифингке Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының мүшелері, облыстық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл,   Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы төрағасының орынбасары Александр Суховецкий және «Қоғамдық келісім» мекемесінің қоғамдық іс-шараларды ұйымдастыру бөлімінің басшысы Ирина Панасюра қатысты.
Күн тәртібіне сай Александр Суховецкий Ассамблеяның маңызы мен қоғамдағы рөлі, ұлтаралық келісім мен сыйластық, бейбітшілік пен достық жайында айта келіп, Ақмола ассамблеясының бастамасымен өткізілген қайырымдылық шараларына тоқталды.
–  «Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасы – бүгінде белсенді түрде іске аса бастаған, Елбасы ұсынысымен қолға алынған тың бастаманың бірі. Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамымыздағы беделін арттыра отырып, еліміздегі ұлт, ұлыстардың ауызбіршілігін нығайтуды бас-ты мақсаты еткен бұл жобаның берері мол. Қоғамдық-бұқаралық, қайырымдылық, ғылыми-танымдық сипаттарда кешенді түрде жүргізілетін жоба нақтылы кезеңде қызу талқыланып, көпшілік тарапынан қолдау табуда. Ассамблея мүшелерімен қатар, барлық қоғамдық ұйымдар мен жалпы халықтың ерекше ықыласына ие болған бастама, айналып келгенде, Елбасы ұсынған «100 нақты қадамды» іске асыруға бағытталып отыр, –деді ол.
 «Қоғамдық келісім»  мекемесі облыстық әкімдік жанынан құрылып, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының құрылымдарымен, жүзден астам этномәдени орталықтармен тығыз байланыс орнатып, Елбасының бастамасымен қолға алынған «Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасы аясында түрлі іс-шаралар ұйымдастыруда. Мекемеде халықтық және қолданбалы өнер шеберлерінің қауымдастығы, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанынан ашылған Аналар кеңесі және «Шаңырақ» тілдерді оқыту орталықтары да жұмыс істейді.
Өткен жылы «Қоғамдық келісім» мекемесі Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутаттармен, Премьер-Министрдің  орынбасары Дариға Назарбаевамен, республикалық акция шеңберінде ұйымдастырылған «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы делегаттармен кездесулер өткізіп, Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен кеңейтілген отырыс ұйымдастырды.  
«Қоғамдық келісім» мекемесінде этномәдени орталықтардың шығармашылық ұжымдары өздерінің ұлттық өнерлерін жаңғыртуда. Сонымен бірге, мекеменің хореографиялық залдарында «Мөлдір» және «Этно» би ұжымдары тұрақты жұмыс істейді. Өткен жылдың маусым айында «Этно» би ұжымы Алматы қаласында өткен халықаралық форумнан «Үздік би ұжымы» аталымын жеңіп алып, облыс мерейін үстем етті. Желтоқсан айында бұл топ Астана қаласына барып, этномәдени орталықтардың «Бейбітшілік пен келісімге 25 жыл!» атты республикалық форумының хореографиялық қойылымына қатысыпты.  
Қоғамдық іс-шараларды ұйымдастыру бөлімінің басшысы Ирина Панасюраның мәлімдеуінше, мекемеде облыстың жоғары оқу орындарының жетекші ғалымдарынан құралған ғылыми-сараптамалық топ та жұмыс істейді екен.
Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының жанынан құрылған Аналар кеңесі «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» жобасын жүзеге асыруда. Кеңестің басты мақсаты – қыздарды болашақ ана ретінде тәрбиелеп, олардың бойларына рухани, адамгершілік қасиеттерді, қазақстандық патриотизмді сіңіру. Аналар кеңесі өткен жылы қайырымдылық керуені республикалық жалпыұлттық акциясы шеңберінде 4 рет қайырымдылық аукционын өткізді. Онда сал ауруымен ауыратын бес балаға еліміздің және шет елдердің ауруханаларында ем қабылдауына қаражат жинады. Жалпы қайырымдылық аукциондарынан 5 миллион теңге көлемінде ақша жиналып, балалардың ата-аналарына тең бөлініп тапсырылды. Сондай-ақ, мекемедегі басқа да ұжымдар қайырымдылық шараларын жүзеге асырып отырады. Өткен жылы «Қоғамдық келісім» мекемесінің жүргізген мониторингі бойынша облыс-та мұқтаж жандарға 71 миллион теңге шамасында қайырымдылық жасалыпты. Бөлім басшысының айтуынша, жыл сайын
мұқтаж жандарға қамқорлық жасап, қолдау көрсетушілер саны көбейіп келеді. Былтыр Жарқайың ауданында бір меценат үш оралманға үй алып беріпті.
Облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі Ғосман Төлеғұл өз кезегінде елді мекендердегі Қоғамдық кеңестердің атқарып жатқан жұмыстары, медиация мәселелері туралы айтып берді. Бүгінде облыста 114 медиация кабинеті халыққа қызмет көрсетуде. Оларда жұмыс істеп жатқан медиаторлардың жиырмасы ғана кәсіби мамандар, ал 141-і кәсіби емес. Өткен жылы олар 213 мәселе қарап, 22 отырыс өткізген. «Қоғамдық келісім» мекемесінде де медиация кабинеті жұмыс істейді, онда екі кәсіби медиатор халыққа қызмет көрсетуде.
Ырысалды ШАМШИЕВА.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар