Үлкеннен – өнеге, кішіден – құрмет

Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин музейінде «Үлкеннен – өнеге, кішіден – құрмет» атты тағылымы мол кеш өтті.

Ол экономика ғылымдарының докторы, профессор Қасымхан Құсайыновтың өмірі мен еңбек жолына арналды. Бұл шырайлы жүздесуге батыр атындағы №3 орта мектептің оқушылары да келді.
Қасымхан Құдайбергенұлы 1946 жылы Зеренді ауданының Қошқарбай ауылында дүниеге келген. 1968 жылы Алматы мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының экономика факультетін тәмамдайды.
– Облыс орталығындағы бұл қазақ мектебінде мен де сіздер сияқты білім алдым, бүгінгі күні немерелерім де сонда оқиды. Кеңес Одағының Батыры, жазушы, ғалым Мәлік Ғабдуллин аталарыңның мектебінде оқығаннан кейін сендерден болашақта үлкен үміт күтеміз. Еңбек жолымды Қарабұлақ ауылында экономист болып бастадым. 1970-1977 жылдар аралығында бұрынғы Көкшетау облысы Рузаев ауданының «Уәлиханов» кеңшарында бас экономист болып қызмет атқардым. Ол кезде жергілікті ұлт өкілдері арасында экономистер аз болатын, – дей келе, Қасымхан аға жастарға еңбек жолында кездескен қиын да қызғылықты жайлар  туралы кеңінен баяндап берді.
Өзінің саналы ғұмырында осы экономистен Көкшетау облысы әкімшілігі басшысының орынбасарлығына дейінгі қызмет жолынан өткен ағамыз облыс орталығы Петропавл қаласына ірге аударған кезде ғылыми-педагогикалық қызметке ауысыпты. Бүгінде ғалым-педагог 65 ғылыми мақаланың,
1 монографияның, 3 оқулықтың авторы. Қазіргі уақытта Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті экономика факультетінің магистрларына дәріс оқиды.  
Сонымен қатар, әдебиетке, өлеңге де икемі бар ардақты ақсақал жиналған қауымға өзінің отбасы туралы да әңгімелеп берді. Оқушылар ардагерге өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Мемлекеттік тілді құрметтеп, оның қолданылу аясын кеңейтуге жастардың үлес қосуы керектігі де атап өтілді. Қазіргі таңда Қасымхан ағаның алдын көріп, білім мен тәрбие алған жастар еліміздің түкпір-түкпірінде экономика, қаржы, банк  саласында жемісті еңбек етіп жүр.
– Әртүрлі жиындарда «бүгінгі күннің жастарына көңіліңіз тола ма?» деген сұрақ маған да жиі қойылады. Елдің болашағы, бетке ұстар азаматтары осы жастар. Оларға әрине, көңілім толады. Бүгінде жастардың таным-түсінігі жоғары, ой-өрісі дамыған, техниканың тілін меңгерген, кейбіреуі бірнеше тіл біледі. Егер араларында теріс жолға түсіп, ерсі қылықтарға ергендері болса, оның барлығына ата-анасы мен тәрбие берген ортасы кінәлі. Ел болу үшін қоғам, барша қауым болып, жастарды жақсы жолға тәрбиелеуіміз керек. Бұл орайда, барлығын өзімізден бастаған жөн. Орысша шүлдірлейді деп кінә тағамыз, оған да өзіміз кінәліміз. Оларды бірінші сыныпқа басқа емес, өзіміз апарамыз ғой, демек, сондайда дұрыс таңдау жасауымыз керек, – деген ардагер сөзі де көкейге қонымды.
Кездесуде музей директоры, белгілі айтыс ақыны Құдайберлі Мырзабек Қасымхан аға туралы жылы лебізін білдірді, балаларға оның өнегелі өмірінен мысалдар келтіріп, адамгершілігі мен азаматтық қасиеттеріне тоқталды. Іс-шара соңында жиналған қауым ол кісінің өмір жолына арналған көрмені және арнайы ұйымдастырылған концерттік бағдарламаны тамашалады.

Ырысалды ШАМШИЕВА.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар