Ұлт жоспарын орындау – баршаға міндет

 

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары Алексей Цой «100 нақты қадам: Біртектілік және бірлік» тақырыбы аясында ақмолалықтармен кездесіп, ұлт жоспары бағдарламасы бойынша олардың ұсыныс, пікірлерін білді. Кездесуді облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов жүргізді.

 

Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» бағдарламасы бойынша әзірленіп жатқан құжаттар мен жоспарлар жөнінде халықты ақпараттандырып, түсіндіру жұмыстары еліміздің түкпір-түкпірінде басталып кеткендігі белгілі. Осы орайда біздің өңірге ат басын тіреген Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің вице-министрі Алексей Цой «100 нақты қадамның» құндылығы мен маңыздылығына тоқтала келе, бағдарламаны орындау мақсатында арнайы комиссия құрылғандығы туралы хабардар етті.  Бұдан әрі ол аталмыш құжаттың төртінші бағыты – біртектілік пен бірлік бойынша қолға алынып жатқан іс-шараларға нақтылай тоқталды.
– Еліміз үшін өте құнды болып табылатын аталмыш құжаттың «Біртектілік және бірлік» атты төртінші бағыты бойынша бірталай жұмыстар қолға алынып, атқарылып жатыр. Оның алты қадамы бойынша әзірленіп жатқан тұжырымдамалар мен бұрыннан іске асырылып келе жатқан кейбір құжаттар мен заңнамаларға бүгінде толықтырулар мен өзгертулер енгізілуде. Мәселен, өңірлердегі кейбір аймақтық белгілер мен таңбалардың талаптарға сай келмейтіндігін ескере келе, оларды дұрыстау үшін комиссия құрылып, геральдика саласы бо-йынша да арнайы жоспар әзірленуде, – дей келе халық қалаулысы ұлт жоспарындағы «Мәңгілік ел» патриоттық актісіне,  осы бағыттағы келесі қадам – Қазақстан халқы Ассамблеясының «Үлкен ел – үлкен отбасы» кең көлемді жобасына кеңірек тоқталды. Бұл орайда, азаматтық қоғамның бүтіндігін қалыптастыру мақсатында түрлі іс-шаралар жоспарлануда. Ал, «Менің елім» ұлттық жобасы аясында жүйелі түрде қайырымдылық акцияларын ұйымдастыру қолға алынады. Сонымен бірге, мәдени-туристік кластер жүзеге асырылып, Қазақстанның энциклопедиялық Интернет-порталы құрылмақшы. Кездесуде сонымен бірге, «Нұрлы болашақ» ұлттық жобасын әзірлеу мәселесі кеңінен қарастырылды.  
Вице-министрдің баяндамасынан кейін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Қуаныш Жапақов бес институттық реформаның бірінші бағыты бойынша «Кәсіби мемлекеттік аппарат халыққа адал және тиімді қызмет етуге бағытталған» деген тақырыпта баяндама жасады.  Аталмыш баяндамада ол мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар мен олардың атқаратын жұмыстарының нәтижелі болу жолдарын қарастырды. Және мемлекеттік қызметшілердің еңбекақылары мен сыйақыларын тағайындау бойынша да комиссиялар құрылып, әркімнің жұмыс нәтижесі бойынша ақы төленетіндігін жеткізді. Сонымен қатар, шешен өз сөзінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту барысында атқарылатын жұмыстар мен жаңа заң жобалары әзірленетіндігін баса айтты.
Бұдан кейін белгілі аудармашы, қоғам қайраткері, Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-зерттеу кеңесінің мүшесі Ғосман Төлеғұл сөз алып, «Ұлт жос-пары» бағдарламасындағы 100 қадамның арасында мемлекеттік тіл мен ұлттың негізгі тірегі – ауылдар туралы ешқандай да сөз қозғалмағандығы туралы әңгіме өрбітіп, өз ұсыныстарын айтты.  
Көкшетау қаласының құрметті азаматы Виктор Терещук те аталмыш жобаға қатысты өзінің оң пікірін ортаға салды. Еңбек адамын құрметтеу, оларды халық арасында кеңінен насихаттау қажеттігін айтып өтті. «Нұрлы болашақ» ұлттық жобасын іске асыру барысында бұрынғы кеңестік кезеңдегі ұрпақ тәрбиесіне қатысты кейбір бағдарламалар мен жобаларды қолдануға болатындығын атап көрсетті. Сондай-ақ, БАҚ-тарда Қазақ хандығының 550 жылдығы мен мемлекет тарихы туралы мақалалардың көптеп жариялануын қолға алу қажеттігі туралы сөз қозғады.
Көкшетаудың зиялы қауым өкілдерінің арасынан Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры, белгілі айтыскер ақын Құдайберлі Мырзабек  аталмыш конференция барысында сөз алып, «Қазақ елінің өткеннен бүгінге дейін жеткізген және ертеңге апаратын мәңгілік мұраттары» тақырыбында ой қозғады. Бағдарлама аясында ақын ұрпақ тәрбиесін ұлттық болмысқа бағыттау мақсатында балалардың ұлттық ойын орталығын ашу жөнінде әңгіме өрбітті.
– Бұл орталықтың ішінде қазақтың күйі мен әні орындалып, ұлттық тағамдары ұсынылып, салт-дәстүріміз кеңінен насихатталатын болса игі еді. Халық ауыз әдебиетіндегі ертегілеріміздің кейіпкерлері бүлдіршіндерді қарсы алып, олармен түрлі қазақы ойындарды ойнаса, қара домалақтарымыз ғана емес, өзге ұлттың өкілдері де туған елінің мәдениеті мен тарихына сүйсінер еді, – деді ол.
«Ұлт жоспарын» насихаттау және  оны іске асыру барысында халықтың ой-пікірін біліп, ұсыныстарын қабылдау үшін келген Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Алексей Цой  ақмолалықтарға алғысын білдіріп, жұмыс сапары барысында денсаулық сақтау саласының мамандарымен кездесетіндігін мәлімдеді.
Іс-шара соңында облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов конференцияға қатысқан білім, денсаулық сақтау және мәдениет саласының қызметкерлеріне алғысын білдіріп, аудан орталықтарында аталмыш бағдарлама бойынша топ құрылып, насихат жұмыстары жүргізілетіндігін жеткізді.

 

Ырысалды ШАМШИЕВА

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар