Ұлтына арналған ғұмыр

Заманымыздың біртуар оқымыстысы, тау тұлғалы Тұрсынбек Кәкішев ағамыздың көзі жұмылғалы да байқатпай екі жылдың жүзі өте шығыпты. Ол да бір өз-өзіне сенімі ғой, тоқсанға келемін дейді екен, қайрат-қарымның қажымас қара нары.

Екі-ақ жыл жетпей қалғаны өкінішті-ақ. Енді міне, өзі жоқ, тамыздың 15-і – туған күні сол тоқсаны да келіп жетті. Жақсылар қашанда халқының жадында ғой. Соны растағандай, Астанада дәл сол күні тоқсан жылдық мерейтойының жылы рәуішті алғашқы жиыны да  басталып кетті.

Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасын тұңғыш көруіміз. Ілім-білімнің алтын бастауы, ен игілігі. Баспалдағын да толқып басқандайсың. Сәулетті сыпатына көңілің тойып, үстіңгі қабаттағы Тұрсынбек Кәкішевтің есімі берілген Ғалым залына асығасың. Жан-жағың жан азығы, тіршілік бағдары – кітапқа толы, сонысымен де зәу тұлғаның көзіндей болып ішкі әлеміңді өзіне қаратып алатынын айтсаңшы. Әдемілік, әсемдік пен талғампаздық, ұлт мұраты мен ой қазынасы қоса діттелген дәмді үйлесімділік. Бұл – зал туралы ойымыз. Төрде көзге оттай басылған Тұрсекең портреті. Жалпы, бұл зал осындағы ең үлкен залдардың бірі көрінеді. Нелер бір тұңғиық сырды, тарих, әдебиет тылсымдарын ішіне бүккен ғалымның өз  жеке кітапханасы енді  осы басты кітапханаға келіп орын тепкен. Бұл дегеніңіз бір шеті сонау Уфадан бері тартумен болған сирек әдебиеттер қазынасы, латын әрпімен әр тапқан отызыншы жылдардың жаһұт жәдігерлері…
Осындай киелі залды бір ғажабы, басы Шәкір Ыбыраев болып, ағамыздың өз шәкірттері, таланты мен тәліміне, дарыны мен даралығына бас иген өзге тілеулестері өздері-ақ бүгінгідей келісті түрге келтіріп берген. Әрине, бұл арада кітапхана директоры Үмітхан Дәуренбекқызының да еңбегін атай кеткен жөн. Кітапханаға келушілерден ұлағат іздеп, білім қуып, ең көп аялдаушылар да осы зал екен. Яғни, оқу, ғылым жолындағы бүгінгінің үлкен-кішісін ұлт ұйтқысы, азаматтықтың Аспантауы, әдебиеттің ерені Тұрсекең феномені өзіне тартады да тұрады деген сөз бұл.
Бұл жағы әйгілі ғалымның 90 жылдық мерейтойының ел жүрегі – Астанада бастау алған алғашқы іс-жоралғысынан да жақсы аңғарыла түсті. «Ғалым. Ұстаз. Қайраткер» деп тақырыбының өзі  тауып қойылған дөңгелек үстелге елге аты мәлім академик, профессорлардан бастап, небір белгілі тұлғалардың, ақын-жазушылардың көптеп қатысуы да Тұрсынбек ағамыздың ғылым мен қоғамдағы орнының зәуде бөлектігі дер едік.
Әдебиеттанушы ғалым ретінде қазақ сөз өнеріне сіңіріп кеткен өлшеусіз еңбегін бойына дара біткен шыншылдығы, асқан ұлтжандылығы қапысыз толықтыра түсетін дарабоз саңлақтың бүгінгі тағылымды кешін аша келе, шәкірті, профессор Шәкір Ыбыраев:
– Көзімізден жырақ кеткенімен, көңіліміз оған барғызбайтын әр қимасымызды кейде мына жүрдек уақыттың өзімен қарастырған, өзімен бағалаған да жөн сияқты. Бұл орайда, арда ұстазымыздың азаматтық бейнесінің өзі кеткелі тіпті, ірілене түскенін байқаймыз. Мына тұрлаулы-тұрлаусыз тірлікте бірегей тұлға өте сирек. Мұның өзі шынайы болмысыңды, айтар сөзіңді қаншалықты деңгейде ұстай аласың, сабақтай аласың, осыған да байланысты. Осы тұрғыдан келгенде, Тұрсекең ғылымда да, күнделікті өмірде де бәрімізден көш ілгері болды. Себебі, әдебиеттегі әр ісі арлылықпен, жанкештілікпен ұштасып жатты, қандай жағдайда, қайда болсын, өзінің ой-пікірін ашық білдіріп отырды. Сондықтан да, елі сүйген, елі қолдаған нағыз тұлғаға бір айналса, осы адамның айналуы заңды еді, – дегені де тектен-тек емес.
Осы темірқазық ойды белгілі қаламгер Сұлтан Оразалиннің де әдемі, әсерлі өрбіткенінің бір негізі мынада болса керек. «Ел тарихын құнттауды, үлкен-кішіні сыйлап, құрметтей білуді осы кісіден үйрендім» дейді Сұлтекең. Қалай? Шалғайға ат сабылтып, осы жазушының туған жеріндегі 60 жасқа толған мерейтойына барғанында, «ағаң болып, сенің алпыс жылдығыңа алты адам келмесек, ертең жетпіс жасқа толғаныңда жеті інің қалай келер?» деген ғой қайран ғалым көрегенділікпен. Бірде олай, бірде былай шыға келетін біздің қазаққа айта жүрер нағыз ұлағат осы емес пе, шіркін?!.
Міне, өзінің мол тұлғасындай Тұрсекең кеңдігі, Тұрсекең парасаты деген осы. Өзгелерге, өзінен кейінгілерге елдің бірлігін, қарапайым кісілікті осылай дендетумен болған. Әрі қарай да осы Сұлтан ағамыздың:
– Қазақ әдебиетінің тарихы мен сынын қалыптастыруда Мұхаметжан Қаратаев, Есмағамбет  Ысмайылов, Белгібай Шалабаевтар бірінші толқын болды, олар кәдімгідей осы саланың соны соқпағын тартып, ізін салды, ал, Серік Қирабаев, Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішев бастаған екінші толқын соны әрі жалғастырып, қыруар жұмысты жасап берді,  – деген сөзі де әр жүрекке жылы ұялай түскені ақиқат.
Белгілі қаламгер, сәкентанушы Амантай Кәкенді де әйдік ғалыммен табыстырған ортақ мақсат, бір мүдде жолындағы жанкешті еңбек екені даусыз.
–Сәкентану ғылымы бар саналы ғұмырының басты мәніне айналған Тұрсекең халқымыздың осы біртуар перзенті туралы оннан астам кітап жазса, мен де сол кісінің отты жігеріне сүйеніп, төрт кітап жаздым, – дейді  жазушы аға рухы алдында үлкен ізетпен. – Тұла бойы керемет еңбекқорлықтан тұратын. Барлық шығармаларын бұлтартпас  дерекпен,  дәйекпен сөйлетуші еді. Өйткені, архивтердегі ізденісінің өзі бір бөлек, өзгеше еді ғой. Асыл ағамыз бар өмірін сарп еткен бұл тақырып әлі де толық зерттеліп бітті деп айта алмаймыз. Сондықтан, оны Тұрсекеңе тән қайраткерлікпен, ыждаһаттылық, құштарлықпен одан әрі де жалғастыра түсуіміз керек. Бұл тұрғыда,  Астанадағы Сәкен музейі көп жұмыс істеп жатқаны қуантады.
Рас сөз. Бұл музей өзі жебеушісі болып отырған дауылпаз ақынға да, өмір бойы Сәкен деп өткен Тұрсынбек ағамызға да адал. Аз уақытта «Сырсандық» сериясымен көркем де құнды екі қомақты кітап шығарып үлгерді. Оның «Сәкенге өмірін арнаған саңлақ» деп аталатын соңғы екінші томы атақты ғалым туралы замандастары мен шәкірттерінің, ақын-жазушылардың әсерлі естеліктерінен тұрады. Музей директоры, қазақтың көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы бүгінгі  шараның да бел ортасынан көрініп, тебірене жыр оқыды. Онда да – тереңнен тартқан Тұлға болмысы, халқымен  біте қайнасқан қайраткер қасиеті.
Дөңгелек үстелде көпті ұйытқан уәжді сөздің бірін Ұлттық ғылым академиясының академигі, танымал әдебиеттанушы ғалым Дихан Қамзебекұлы  өрбітті.
–Бұл үлкен тағылымды шараның Астанада өтуі  біз, шәкірттері үшін әрі қуанышты, әрі орынды. Қазіргі жастар осы ұлыларымыздың ісін, ой-мүддесін солардай ілгері апара ала ма?! Кеше ғана биылғы мектеп түлектері 40 баллмен әдебиетші мамандығына қалай оқуға түскен деп қайран қалдым. Әйтеуір, кейін жағдай ептеп бері қарады. Мүйізі қарағайдай үлкен академиктеріміздің өзі қазір лайықты шәкірттер жоқ деп қынжылады. Ал, өзіміз айрықша ұстаз тұтқан Тұрсынбек ағамызға келсек, ол кісінікі ұлтқа, ақтаңдақтарға арналған жалынды ғұмыр. Адамгершілік бітім-болмысы, жастарға деген ықылас-пейілі ерекше еді. Сол кезде министрлікке дейін барып, шәкірттерін Алматыға алып қалған ерлігі ұлттық кадрларды қалаға қалдырудың баянды бастамасы болатын. Астанада да рухымыздың өсуіне Тұрсекеңдей бір абызымыз сөзсіз қажет еді. Бірақ, бұл жаққа келе алмады. Жастарды, әдебиетшілерімізді біз енді осындай үлкен тұлғалардың үлгі-өнегесімен тәрбиелеуіміз керек,–деген сөздің өзі-ақ түсінген жанға бәрін айтып тұрған жоқ па?!.
Шәкірті Шәкір Ыбыраевтың ағынан жарылуынша, сол жылдары Тұрсекең  20-ға тарта болашақ ғылым докторына, кәдімгідей қолынан жетектеп жүріп, Алматыдан жұмыс тауып берген екен. Соның ішінде өзі де бірбеткей Әди Шәріповке кіріп, орын жоқ Тіл институтына Қазақстанның әр түкпіріне мұғалім болып аттанайын деп тұрған 6 студентін бір мезгілде ғылыми қызметкердің ассистенті етіп жұмысқа алып қалған. Солардың бәрі кейін қазақ әдебиетінің ауыр жүгін өрге сүйрескен бір-бір белгілі ғалым болып шықты. Міне, сізге ештеңеге қарамай, еш еңбегін сатпай, «осыдан бір нәрсе шығады-ау» деген ұлтымыздың әр баласын елжірей бауырына тартқан Тұрсынбек Кәкішұлының ұлы адамгершілігі!
Ғалымның, елінің сенімін ақтап, нарқын арттырған ондай шәкірттері біздің өңірден де баршылық. Олар Серік Негимов, Жарылғасын Әбішев, Баянғали Әлімжанов, тағы басқалары.
Әрине, осы дөңгелек үстел басында сөз алған туған інісі Жақия ағамыз, медицина ғылымдарының докторы, профессор Мақсұт Темірбаев, көрнекті ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серік Тұрғынбек, Қарағандыдан келген шәкірті, филология ғылымдарының докторы Жандос Смағұлов, белгілі кәсіпкер, меценат Марат Нәбиев, тағысын тағыларының тау тұлға туралы кесек ойларының бір-бір үзігін ғана әрі қарай тарқатқанның өзінде әңгіме ұзап кетері хақ. Соның бәрінен тағы бір мықтап тұрып көңілге түйгеніміз, туған халқының маңдайына Кәкішевтей әдебиеттану сардарын, ер мінезді ел тірегін, ұлт рухының қорғанын Алла өзі бір олқысын толтырсын деп біліп бергендей. Шынтуайтында, ар-намыс, ұлт қамы, талант-тағылым, білім-білік тұрғысынан ба, қай жағынан алсаң да, қамшы салдырмайтын қазақтың осындай сойларымен бір емес, сан кем-кетігіміз бүтінделіп, сан асуларымыз алынғаны тағы аян ғой.
Осы ретте, тектілік пен ірілік үн қатып, елдігіміз мен мұндалаған мұндай игілікті  шарадан ақмолалықтар да абыроймен көрініп жатса, нұр үстіне нұр. Алты Алаштың бағы Тұрсынбек Кәкішев бүкіл исі қазаққа ортақ тұлға болғанымен, бойына бөлек жаратылысты сыйлаған туған топырағы – тұғырлы Ақмола мен Көкшетау. Сондықтан, осынау алқалы жиынға облыс делегациясын бастап барған Ерейментау ауданының әкімі, елжанды азамат Ермек Нұғымановтың облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің атынан кесек сөйлеп қана қоймай, рет-ретімен сый-сияпатын табыстауы мәнді мәжілістің сүйкімін одан бетер асырып жібергенін айтпай болмайды.
Бұл күнде көрнекті ғалымның соңында қалған мол әдеби мұрасының да шашау шығарылмай, бір қолда ұстала түсуін, аяулы есімін ел есінде қалдыру тұрғысында да біраз шаруаның қолға алынып жатқанын ескерсек, осының бәріне мың алғысты  ағамыздың зайыбы, өмірдегі сүйеніші, филология ғылымдарының докторы, профессор Күләш Садыққызына арнауымыз керек. Арада жылжып өткен уақыт ғалымның екінші өшпес ғұмырының да баянды боларын дәйектеп отыр. Оған бүгінгі біз сүйсініп шыққан Ғалым залы, қайраткер Кәкішев рухын аялап, тербетумен болған ажарлы бас қосу, шалқар әңгіме айғақ.
Осы бір көңіл тоқтығымен дөңгелек үстелге қатысқан зиялы қауым бұл игі шарадан енді дара тұлғаның алдағы қазан айында қарт Алатаудың баурайында, Алматыда өтетін үлкен тойында қауышайық деп емен-жарқын, қуанышты тарқасты.  

Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар