Ұлтының болашағын ойлаған

Қазақтың тұңғыш саяси партиясының 100 жылдығына арналған «Алаш қайраткерлері – өлке тарихында» жобасы аясында облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Әділеттің ақ жолынан айнымаған Алаш» атты тақырыпта музей сабағы болып өтті.

Тағылымдық танымы мол Алаш тарихының сабағына Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің студенттері мен Ж.Мусин атындағы Көкшетау қазақ педагогикалық колледжінің, қала мектептерінің оқушылары қатысты. Музей сабағында Алаш партиясының 100 жылдығына орай «Алаш қайраткерлері – өлке тарихында» жобасы аясында өткізілетін іс-шаралар жан-жақты түсіндірілді. Мәселен, алдағы уақытта «Алаш қозғалысының Ақмола, Көкше өңірлерінен шыққан қайраткерлері» тақырыбындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, мемлекеттік мұрағат пен Ресей Федерациясының Омбы облыстық тарихи мұрағатында жұмыс істеу үшін ғылыми іссапарлар ұйымдастырылады деп күтілуде. Жылжымалы көрмелер ұйымдастырылып, «Алаш және Тәуелсіздік» секілді музейден тыс дәрістер, «Көкшетау, Ақмола облыстары ХХ ғасырда» тарих залында «Алаш арыстары» тақырыптық экскурсиясы өткізілмекші. Ғылыми-ізденіс нәтижесінде екі тілде кітапша шығарылып, «Алаштың рухани мұрасы» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылатын болады.

Музей сабағы екі бөлімді қамтыды. Алғашқы бөлімде музей қызметкері Айғаным Зарлықова тарих залындағы экспозициялармен және Алаш қайраткерлерінің туындыларымен таныстырып, шағын экскурсия жасады. Екінші бөлімде Көкше жерінен шыққан Алаш қайраткері, «Айқап» журналының тілшісі, ақын, педагог Мұхамедсәлім Кәшімовтің немересі, Ақмола облыстық оқыту-әдістемелік орталығының оқытушысы Теңдік Мұқышева «Қайта оралған қаршыға» тақырыбында тарихи-танымдық сабақ өткізіп, қазақтың ұлттық намысы мен жігерін жанитын, туған жердің тарихын оқып-білуге бастайтын деректерді келтірді.

Сабаққа қатысқан жастар Алаш азаматтарының бейнелерін сомдаған театрландырылған көрініс көрсетті. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Алаш ұраны», Міржақып Дулатовтың «Кер заман» және тағы да бірқатар қайраткерлердің шығармаларын жатқа оқыды. Сабақ барысында Алаш қайраткерлеріне қатысты сұрақтар қойылып, жастардың ой-пікірлері тыңдалды.

Іс-шара соңында музей директоры Кенжебай Мұқышев жиналғандарға алғысын білдіріп, жастарымыз ұлтымыздың келешегін ойлаған Алаштың тарихын білуі керектігіне тоқталды.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар