Ұлы нәубет: қасіреті мен тағылымы

Өткен ғасырдың 30-шы жылдарында болған ашаршылық пен саяси қуғын-сүргіннен қазақ халқы зор зардап шекті.

Миллиондаған жан аштықтан көз жұмып, мыңдаған адамдар жазықсыз жазықты болып атылды және жер аударылды. Кеңес дәуірінде орын алған қазақ халқының тарихында қара әріптермен жазылып қалған осы нәубеттің себебі неде, ол қаншалықты  зардабын тигізді және бұндай сұмдықты болдырмау үшін не істеу қажет деген мәселелер төңірегінде редакциямызда Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Қадіржан Әбуев, осы оқу орнының профессоры, медицина ғылымдарының докторы Жәмшит Темірбеков, облыс прокурорының аға көмекшісі Ибрагим Кленов, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің оқытушысы Қуандық Бекішев және облыстық мұрағаттың мұрағатшысы Талапкер Уәлиев өз ойларымен бөлісті.

Тілші:1930-шы жылдардағы ашаршылық пен саяси қуғын-сүргіннен қазақ халқы үштен бірінен айырылды деген дерек бар. Бұның себебі неде, саяси қателік пе, әлде қасақана қазақ халқына қарсы жасалған коммунистік партия көсемдерінің  зұлымдығы ма?
Қадіржан ӘБУЕВ: Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын мақаласы бүгінгі күннің қажеттілігін дөп басқан дүние. Шынында да жаңа заманның келбетін қалыптастыратын жас толқын рухани жағынан жаңғырып, санасы түлеп, сапасы жақсарып, озық ойлы азамат болулары керек. Міне, сол азаматтар өткеннен сабақ алса тіптен тамаша. Ал, Алаш баласының сабақ алатын, сабақ болғанда да ащы сабақ болатын тұстары аз емес. Оның барлығы өткен тарихымызда тұнып тұр. Бүгін облыстық «Арқа ажары» газеті көтеріп отырған мәселе қазақ баласы үшін аса қажетті тақырып. Біз кешегі кеңес заманында еріксіз тілімізді тістеп, бұл тақырыпты ашып айта алмай келдік. Сондықтан, көптеген жастар бейхабар болып өсті. Рас саяси қуғын-сүргінді көрген көнекөз қариялардың сыбырлап айтқан сырынан сыр ұққандар да аз емес. Қазақтың басына төнген қасірет «жығылғанға жұдырық» дегендей бірнеше рет қайталанып келіп отырды. Нәубеттің алғашқы жантүршіктірер зобалаңы 1921-1922 жылдары орын алғанын білеміз. Ал, 1930-1931 жылдары  кейбір деректерге қарағанда бір миллионнан астам адам алапат аштықтан қырылған. Бұл жайлы тарихи деректерді Омбының, Санкт-Петербургтің мұрағаттарынан кездестіруге болады.
Тілші: Осы арада айта кетіңізші, қазақ баласының басына қасіреттің қара бұлты болып үйірілген нәубеттің орын алуына не себеп болды?
Қадіржан ӘБУЕВ: Мұның бәрі қазан төңкерісінен кейін орын алғандығын көруге болады. Лениннің тікелей нұсқауымен концлагерьлерді құру қолға алынған. Оның ар жағында, біріншіден, адамдарды қорқытып, үркіту үшін, жазықсыз қырылған қаншама адамның сүйегінің үстіне құрылған мемлекеттің темір шеңгелінен босап кетпей, биліктің айтқанына бағыну үшін деген пиғыл тұрды. Міне, осы алмағайып кезеңде Арқаның төсін жайлаған арда қазақ төрткүл дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылып, сары қарын жас баланың қамы үшін ат жалына қонып үдере көшті. Бұл төңірек жергілікті жерде «іш жақ» деп аталатын Омбы, Түменге қоныс аударды. Мұнда қалғаны айдалды, атылды, асылды. 1937 жылы әбден күшіне еніп, қорқыныш лебі бет қаратпай тұрған саяси қуғын-сүргін кезінде, әп еткен алғашқы бетте 110 мың адам атылды. Ол кезде қазақтың саны 6 миллион шамасында болатын. Кейбір тарихи деректерде 25 мың адамның «үштіктің» үкімімен өлім жазасына кесілгендігі айтылады және осы мыңдаған адамдар халқымыздың ішіндегі қалаулысы, сүттің бетіне шығатын қаймағы еді. Былайша айтқанда, ұлттың сапалы құрамын құрайтын, өз заманының озық ойлы, білімді тұлғалары. Олар шын мәнінде өз ұлтының болашағы үшін басын құрбандыққа шалғандар.
Тілші: Бүгінгі дөңгелек үстелге саяси қуғын-сүргіннің қасіретін тартқан адамдар да қатысып отыр. Біздің ортамызда отырған ғылым докторы Жәмшит ағаның да көрген теперіші аз емес екен.
Жәмшит Темірбеков: Мен саяси қуғын-сүргін тақсыретін тартқан адамның бірімін. Құбыжықтың көлеңкесі бертінге, 1970 жылға дейін басқан ізімнен қалмай көлеңке құсап еріп жүрді. Осы тақсыреттің кесірінен ғылыми жұмысымды өрістетіп, зерттеулерімді кеңейте де алмадым, өйткені, менің шетелге шығуыма тыйым салды. Жалғыз мен емес, жалпақ жұрт, Алаш баласы қайғы-қасіретін тілмен айтып жеткізгісіз шекті ғой. Қазір ойлап қарасам, қуғын-сүргіннің құрбаны болған, дәл қазақтай қасірет шеккен ұлт жоқ екен. Ұлт басына төнген қасіреттің кесірінен заманында өсіп-өнген Темірбек әулетінен жалғыз қалдым. Осы шындықтың түбінде бір айтылатынына сенімді едім. Содан болар менің көкірегімде кеңес саясатына деген тарқамас өкпе қалды. 1964 жылы партиядан бас тарттым. Сол кезде өзім жұмыс істеп жүрген ғылыми институттың директоры маған ендігі арада жұмыс істеуге болмайды деді. Қуған жоқ, қамқорлығын көрсетті, мені шын жүрегімен түсінетіндігін білдірді. Қазақстанда докторлық қорғай алмайтынымды ашық айтып, Мәскеуге барып қорғауды ұсынды. Сөйтіп, мен докторлық диссертациямды Мәскеуде қорғадым. Зарап Темірбековтың «үштіктің» үкімімен нақақтан жала жабылып, атылып кеткенін білесіздер. Сондағы таққан айыбы, Сәкен Сейфуллиннің көмекшісі болды дейді. Бай-кулактарды кәмпескелеуге қарсы шықтың дейді. Тіпті, сау адамның ойына кірмейтін айыптар да тағылған. Мәселен, жапонның тыңшысы деген. Оқыған, көзі ашық адам болса бір сәрі, Сарыарқаның бір қиырында қойын құрттап, айранын ұрттап жүрген қаймана қазақ. Жапонның тыңшысы болмақ түгіл мынау жарық дүниеде жапон жұртының бар екендігін, Жапония деген елдің барлығын білмейтін адам. Әйтеуір, жала жабу керек болған соң, «жақтым жала» деп аққа қараны жаға берген ғой. Темірбек әулетінен алты адам тұтқындалды. Мен бала едім. Сонда да халық жауының ұрпағы деген адам жаны түршігетін бір айып сәби көңілдің құлыншағын шырқыратып тұратын. 1951 жылы тоғызыншы класта оқып жүрген кезімде мектеп директоры шақырады деген хабар жетті. Барсам үш адам отыр екен. Сен Зарапты білесің бе деп сұрады біреуі. Әрине, білемін дедім мен. Ел ішінде сен Зараптың тәрбиесінде болған екенсің деген әңгіме айтылып жатыр. Халық жауының тәрбиесі қалай саған тәрбие болмақшы деп сұрақ қойды. Содан соң мектеп директорынан мен менің қаншалықты оқып білім алып жатқанымды сұрады. Шынын айтқанда, мен Зарап ұсталып кеткенде бар болғаны бір жарым жастағы баламын. Ағамыз неше жерден тәрбиелесе де, менің бойыма жұға қояр ма екен. Енді тәрбиесінде болмағаным туралы анықтама қағаз әкелуге тиісті болдым. Ауылға барсам, ауылдық кеңестің төрайымы, әйел адам әлгі анықтаманы бергісі келмейді. Осы жайдан құлақтанған ауыл ақсақалдары жиналып әуел баста осы Ақан ауылын ұйымдастыруға, алғашқы қазығын қағуға мұрындық болған ағамыз екенін айтып көндірді-ау. Міне, осындай ақылға сыймайтын дүниелерді де бастан кешірдік қой. Сол мектеп қабырғасынан бері әлеуметтік қауіпті
адам болған соң үнемі шеттетіліп жүрдім.
 Талапкер Уәлиев: Қазақ ұлтының қасіретті көп тартуы ұлт болып ұйыса қоймағандығынан шығар бәлкім. Шынтуайтында біз Еуропа халқы сияқты қалыптасқан жоқпыз. Олар жүріп өткен жолмен жүрген жоқпыз. Алаш баласы қынадай қырылып жатқанда қанаттас жайылған, қоңсы отырған өзге жұрттың бізге жаны ашыса ашыған шығар, бірақ, ара түсуге қауқары жоқ еді. Әркім өз басымен ала қайғы болған бір заман. Кім білсін, ұлтшылдық уына уланғандардың қуануы да мүмкін. Әлгі бір сөз бар ғой «көршінің сиыры арам қатты, шығыны аз болғанымен, көңілді демдейді» дейтін. Бәлкім, солай да болған шығар.
Ибрагим Кленов: Жоқ, бұл нәубетте өзіміз кінәлі едік. Жұқартып айтқанда алаауыздығымыздан, қазақтың өз бойындағы бірін-бірі көре алмаушылықтан. Әйтпесе сол қуғын-сүргін кезінде «саяси сенімсіз» немесе «бай-кулактың ұрпағы» деп көрсеткен 4 миллион домалақ арыз кімнен түсті? Әрине, қазақтың өзінен. Ал, өзге жұрт дәл біздей қасірет шегіп, қырыла қойған жоқ.   
Қадіржан Әбуев: Бәлкім, жаңа үкімет үшін ілкіден келе жатқан «бөліп ал да, билей бер» дейтін қағидамен жүру қажет болды ма? Олар үшін ат үстінде күн кешкен, ғасырлар бойы ешкімге бас имей азат жұрт атанған халықты тізгіндеу үшін осылай қаймағын қалқып алып, рухани жағынан жүдетіп, тізерлету қажет болған шығар.
Жәмшит Темірбеков: Мен осы кеңес өкіметінің ұзаққа бармайтындығын баяғыда білгенмін десем, біреу сеніп, біреу сенбейді. Он сегіз мың ғаламда таразының басын тең басып, тепе-теңдікте тұрған ештеңе жоқ. Олар құлды жинап бас қылмақшы, құмды жинап тас қылмақшы болды. Меніңше, ең басты қателік осы жерде. Ал, ұлт зиялыларына бағытталған, тереңнен ойластырылған нәубет, қолдан жасалған аштық бұл шын мәнінде теңдесі жоқ қиянат болатын. Қазір осы дәуірге нақты саяси бағасын бере алмай жүрміз. Ана украиндықтар қолдан жасалған аштық деп ашықтан-ашық жариялап жүр ғой және өздері айдалада мал баққан қазақты қырып тастаудың оңай жолын тапқан. Өйткені, атам қазақ ежелден мал сүмесімен күн көрген. Егер қолындағы төрт түлік малды сыпырып, сиырып алса, басқа күнкөріс көзі жоқ байғұс халық аштан қататынын білген ғой. Сондықтан да, бұны қолдан ұйымдастырылған, халықты қыруды мақсат еткен науқан деп бағалағанымыз абзал. Турасын айтқанда солай емес пе.
Қадіржан Әбуев: Қазір бұқаралық ақпарат құралдарында патша дәуіріндегі санақ кезінде біздің іргедегі өзбек жұртынан әлдеқайда көп болғанымыз туралы айтылып жүр. Бірнеше жылға жалғасқан ашаршылық пен саяси қуғын-сүргіннен кейін Алаш баласы ойсырай азайып, кеміп қалса, дәл біздей қасірет шекпеген өзбектің саны бізден екі есеге жуық өсіп, отыз миллионға жетіп отыр. Егер тарихтың осы бір тар соқпағынан аман өткенде, қазіргі қазақтың саны қанша болар еді. Саны ғана емес, ұлтымыздың озық ойлы, талантты ұрпағынан тараған қаншама жеткіншек жер басып жүрмес пе еді. Тек соған жеткізбеді ғой.  
Жәмшит Темірбеков: Кеңес өкіметінің астыртын саясаты күшті болды. Ол жүйе ұлттық интеллегенцияны шөптей қырқа шауып, тіпті, тамырына дейін отап құртып отырды. Өйткені, өзгеше ой, тың пікір айтып, ел ұйытқысы саналатын, ұлт болашағын ойлайтын арыстарымыздан құтылуға тырысты. Бүгінгі күні біз сол ел үшін құрбан болған, жанын қиған арыстарымызды лайықты бағалай алып жүрміз бе? Олардың есімдерін кейінгі жас ұрпақтың жадында қалайтындай етіп, асыл мұраттарын, ізгі армандарын өнеге, мысалға айналдыра алдық па? Шынтуайтында елі мен жерін,
Отанын сүйе білудің нақты мысалы осы емес пе. Қазір облыс орталығында империялық саясаттың жендеті Капцевичтің атында көше бар. Ал, Алаш үшін құрбан болған Ахмет Байтұрсыновтың көшесі қандай деп бір адам ойланды ма екен. Қамыс пен қурай басқан, жолы тозып біткен шолақ көше. Тіпті, оның қай жерде орналасқанын қала тұрғындарының көпшілігі біле бермейді. Аруағынан ұят тіпті. Есесіне Көкшетау қаласында бар болғаны жол-жөнекей қырық минут қана болған Валерьян Куйбышевтың көшесін қараңыз. Міне, осындай сорақылықты ойлағанда жаның түршігеді. Сонда біздің намысымыз қайда? Тіпті, күні кешеге дейін «Мырзажан» деп әлпештеп, Мирзоянды да құрметтедік-ау. Тарихтың ақтаңдақтары ашылған кезде қын түбінде жатпайтын ащы шындық мен мұндалап бас көтерді. Қазіргі күні сол Мирзоянның Қазақстанда халық жауларын көбірек табу үшін қосымша жоспар сұрағаны белгілі болып отыр. Қанқұйлы кеңес өкіметі адамдарды атуды да жоспарлы түрде жүргізген екен ғой. Біз осы қуғын-сүргіннің қасіретін безбендеп, нақты саяси бағасын бере алмай келеміз.
Тілші: Жазықсыз жала жабылып, саяси қуғын-сүргінге түскендерді ақтау мәселесі қалай шешілуде?
Ибрагим Кленов: Мен облыстық прокуратурада біраз жылдардан бері қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселесімен айналысып келемін. Алғашқы жылдарда ақталу жөніндегі құжат алу үшін өтініш берушілер қатары өте көп болатын. Қазір азайды. Оның өзіндік себептері бар. Көп адамдар ақталды, енді біразы жастары келіп қайтыс болды және шет елдерге кетіп жатқандар бар. Биылғы жылы ақталу мәселесімен арызданып келгендер саны  80-ге тарта адам болды.
Негізінен ақталу туралы өтінішпен келетіндер – поляктар, шешендер мен ингуштар, немістер, тағы да басқа кеңес заманында Қазақстанға күштеп жер аударылған ұлттардың өкілдері. Ал, өз тәжірибемде қазақтардың ақталу үшін арыз жазып келген жағдайы болмапты. Бұның себебі неде? Меніңше, бұның бірнеше себебі бар. Алдымен, саяси қуғын-сүргін құрбаны атанып, ақталу үшін жер аударылғаны немесе түрмеге қамағаны туралы құжат көшірмесі болуы қажет. Ал, қазақтарды жер аударғанда Сібірге, яғни, басқа өңірлерге жіберді және олардың  балалары ағайын-туыстың қолында қалғандықтан, қамқоршысыз болмады. Тағы бір себеп, сол қиын-қыстау заманда «халық жауының» баласы, не туысы атанбас үшін тектерін өзгертіп алатындар да аз болмады. Осындай себептерден болуы керек, бізге ақталу туралы арызданып келіп жатқан қазақтар жоқ. Бұған осындай-ақ, «өткен өтіп кетті, қазіргі күнімізге шүкірлік етейік» дейтін қазақы түсінік те себеп болып отырған сияқты. Қуғын-сүргінге ұшыраған қазақтардың ұрпақтары мұрағаттардан іздеп, ата-бабалары туралы мәліметтер жинап, олар ақталды ма, жоқ па, ақталмаса ақталу үшін не істеу қажет деген жайлармен айналысуға  құлықсыздық танытып отырғандай.
30-шы жылдардың басындағы ашаршылықтан қаншама қазақтар қайтыс болды, қаншасы басқа жаққа жер ауып кетті. Өкінішке орай, сол уақытта бұл туралы құжаттама жүргізілмеген және ешқандай мәліметтер сақталмаған.
Аштықтан қанша адам  қаза тапқаны әлі күнге дейін нақты белгісіз болып қалып отыр.
Талапкер Уәлиев: Әлихан Бөкейханов 1989 жылы ғана ақталды ғой. Өзгелер де солай. Шындығын айтқанда Алаш мұрасы әлі күнге дейін көлеңкеде жатыр. Уақыт ұзамай тұрғанда ашылуы керек еді. Бірақ, оған тоталитарлық жүйе мүмкіндік бермеді. Ұлт мұратын ойлаған ұлылардың ұлағаты кейінгі жер басып жүргендер үшін, жасампаз мысал болуы үшін әлі де ізденуге тиісті.
Тілші: Бүгінде соғыс ардагерлерін есте сақтау үшін шығарылып жатқан «Зерде» кітабы сияқты, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын есте сақтауға арналған, олардың аты-жөні мен қысқаша өмірдерегі берілген көп томдық жинақ шығарсақ жөн болар ма еді? Осы жайында не айтасыздар?
Қуандық Бекішев: Иә, бұл өте құптарлық іс болар еді деп ойлаймын. Өкінішке орай, бүгінгі күні миллиондаған адамды шарпыған өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық тарихымызда  жалпылама өлі цифрлармен ғана беріліп жүр. Әлгінде Ибрагим бауырым айтып кеткендей, жазықсыз сотты болып атылған, жер аударылған  тұлғаларымыз бен аштықтан қаза тапқандардың аты-жөндері, кім екендіктері  жайында әлі күнге дейін толыққанды мәліметтер жоқ. Біздің білетіндеріміз, Жәмшит ағаның  бауыры  Зарап Темірбеков сияқты алашқа танымал белгілі тұлғалар ғана. Ал, мыңдаған, миллиондаған қарапайым адамдардың есімдерін де, өмірдеректерін де білмейміз. Бұның өзі арнайы зерттеуді, көп еңбектенуді, мұрағаттарды ақтаруды қажет етеді. Бұған ең алдымен, әрине қаржы қажеттігі түсінікті. Үкімет осы мәселені қолға алса, қаржы бөліп, осы іспен айналысатын мамандарды тартса, ол шешімін табар еді.
Осы арада тағы бір назар аударарлық жай, саяси қуғынға түскендердің бәрі дерлік оқыған-тоқыған, көкірек көздері ашық, түрлі қоғамдық істер атқарып жүрген зиялы қауым өкілдері болды. Оларды көре алмаушылықпен, іштарлықпен сыртынан арыз жазып, ұстатты. Бұндай іштарлық, көре алмаушылық барлық халықта бар, десек те, қазақтарда ол өте күшті болды. Содан болар, қуғын-сүргіннен өзге халықтарға қарағанда қазақтар көбірек зардап шекті. Сол тұста біз бас көтерер ұлттық зиялыларымыздан түгелге жуық айырылып қалдық. Осы орайда, Елбасымыздың биылғы жылғы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көтерілген жайлар өте маңызды дер едім. Онда ұлттық бірегейлік, өткеннен қалған жаман әдеттерден арылу, озық елдердің жақсы қасиеттерін бойға сіңіру сияқты маңызды мәселелер көтерілген. Сол 30-шы жылдардың нәубеті қайталанбасын десек, онда ұлттық бірегейлігімізді сақтап, таланттарымыз бен іскерлерімізді көтеріп, бір-бірімізге іштарлықпен қарамай, керісінше жақсымызды қуана қолдап отыруымыз қажет.
Жәмшит Темірбеков: Бұл өте дұрыс мәселе екен. Ұлт болып, барша ел болып қолға алса, жинауға әбден болады. Керек екендігінде сөз жоқ. Өйткені, олардың арттарында да бір белгі қалуы керек қой. Сонда аруақтары разы болады. Он екіде бір гүлі ашылмай опат болған қаншама жастардың, бір түйір жазығы жоқ қаншама жанның есімдері қайта тірілер еді. Бұл кейінгі ұрпаққа өнеге болуы үшін де керек.
Қадіржан Әбуев: Газет қызметкерлері көтеріп отырған осы бір орынды мәселе оңынан оңғарыла қалса ел тарихымыздың ақтаңдақ беттері ашылып, толыса түсетін дүние болар еді. Бұл әрине, бір адамның қолынан келетін жұмыс емес. Ал, айтылып отырған ойды жүзеге асыру баршаның міндеті. Сондықтан өзіміздегі, оған қоса іргедегі Омбы мен Қорғанның, әрідегі үлкен қалалардың мұрағаттарын ақтарса, қаншама мәліметтер тұнып тұр-ау. Міне, осының барлығы жиналып келген Қазақстандағы саяси қуғын-сүргіннің анық, нақты бейнесін көрсетіп берер еді.
Талапкер Уәлиев: Осы ойды одан әрі жалғастырсам деймін. Саяси қуғын-сүргінге алғашқылардың қатарында ұшыраған Алаш ардақтыларының бәрі сол тұста кеңестік тоталитарлық жүйеге оның қазақ халқына үлкен залал тигізетінін біліп қарсы шыққан еді. Олар алғашқы кезде қару алып, ашық қарсыласса, кейін мақалалар, кітаптар жазып, халыққа түсіндіруге ұмтылды. Дегенмен, күш алып кеткен коммунистер Алаш ардақтыларын қуғынға ұшыратып, өз дегендеріне жетті.  
Бүгінгі күні Алаш ардақтылары армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Енді өткен өтті, оны қайта қазбалаудың қажеті жоқ деуге болар еді, десе де, тарихты білмей алға жылжудың мүмкін еместігін, өткен қателіктерден сабақ алу қажеттігін, азаттық үшін алысқан ардақтыларымызды ел есінде сақтау керектігін естен шығармағанымыз жөн. Алаш көсемдерінің  есімдері әлі күнге дейін толық ардақталды деп айта алмаймыз.
Сондай-ақ, қоғамымыз әлі күнге дейін кеңестік тоталитарлық жүйенің ескі дағдыларынан арыла алмай келеді. Мәселен, қағазбастылық, бюрократтық дейтін кесапаттар бүгін де бар. Кеңес заманынан қалған қағазбастылықтан мұғалімдеріміз бүгінгі күнге дейін құтыла алмай келеді. Күнтізбелік жос-пар, күнделікті сабақ жоспары дейді, әйтеуір мұғалім бар уақытын қағаз толтыруға жұмсап, бала тәрбиесі мен білім беруге шығармашылық ізденіске уақыт таппайды. Кеңес заманынан қалған осы дағды Ресей мен Қазақстанда ғана сақталып отыр.  
Кеңес заманынан қалған бүгінгі қоғамымызға да залалын тигізіп отырған тағы бір жаман әдет – адамның жеке тұлғалығын жою, басу құбылыстары. Адам мұндай қоғамда мемлекет деп аталатын үлкен машинаның кішкентай тетігіне айналады. Өзінше ойлай алмайтын, жеке пікірі, көзқарасы жоқ, ұлы Абай айтқандай «көп айтса көнді, жұрт айтса болдымен» жүретін тұлғасыз адамдардың қалыптасуы. Бұның қаншалықты қауіпті екендігін өткен ғасырдың 30-шы  жылдарында жүргізілген саяси қуғын-сүргін анық дәлелдеп бергендей. Әлгінде Ибрагим ағамыз айтып өткендей, құзырлы органға жазылған 4 миллиондай арыздың тасасында ойсыз, сезімсіз мемлекеттік машинаның тетіктері тұр. Сондықтан, бұндай жағдай енді ешқашан қайталанбасын десек, онда адамдарды жансыз тетікке емес, ойлы, сезімді, өз көзқарасы бар білімді де білікті жеке тұлғаға айналдыруға бағдар ұстауымыз қажет. Елбасымыздың мақаласында көтерілген мәселенің мәні де осында деп білемін.
Мәселен, Алаш ардақтыларын алайық, олардың бәрі жеке тұлғалар болды. Өз ойлары, көзқарастары бар, сол тұстағы кеңестік біртекті қалыпқа сыймайтын азаматтар еді. Міне, сондықтан да, олар коммунистік жүйенің халыққа игілік емес, бақытсыздық әкелетінін біліп қарсы шықты. Олар қазақ елінің тәуелсіз әлемдік қауымдастықта өз орны бар, өркениетті мемлекет бол-уын аңсады. Елбасымыздың мақаласында көтеріліп отырған заманауи озық технологияны меңгерген, білімді, үш тілде еркін сөйлейтін, компьютер тілін жетік меңгерген тұлғалар ғана елімізді әлемнің озық елдері санатына қосуға қабілетті болады.
Қадіржан Әбуев: Газет қызметкерлері көтеріп отырған осы бір орынды мәселе оңынан оңғарыла қалса ел тарихымыздың ақтаңдақ беттері ашылып, толыса түсетін дүние болар еді. Бұл әрине, бір адамның қолынан келетін жұмыс емес. Ал, айтылып отырған ойды жүзеге асыру баршаның міндеті. Сондықтан өзіміздегі, оған қоса іргедегі Омбы мен Қорғанның, әрідегі үлкен қалалардың мұрағаттарын ақтарса, қаншама мәліметтер тұнып тұр-ау. Міне, осының барлығы жиналып келгенде Қазақстандағы саяси қуғын-сүргіннің анық, нақты бейнесін көрсетіп берер еді.
Тілші: Атбасардың шетінде ашаршылық кезінде қаза тапқандардың зираты бар. Сырты қоршалмаған, аяқ асты болып жатыр. Осындай ашаршылық құрбандарының қорымдары жер-жерде кездеседі. Соларды анықтап, сыртын қоршап, ашаршылық құрбандары жатыр деп ескерткіш тақта орнатса дұрыс болар еді. Осы жөнінде не айтар едіңіздер?
Жәмшит Темірбеков: Ашаршылық жылдарында 1,8 миллион адам қаза тапқан деп әлгінде Қадіржан ағамыз айтып кетті. Бұл әрине, нақты цифр емес, одан көп немесе аздау болуы да мүмкін. Бірақ, әйтеуір қазақ халқы сол жылдарда аштықтан миллиондап қаза тапқаны бұл тарихи шындық. Ал, қаза тапқан адамдар қайда кетті? Әрине, жер қойнында. Шамасы жеткен жандар өлгендерді көміп, бетін жасыратыны белгілі. Елді мекендердің жанында сондай жерге көме салған, үстіне белгі орнатылмаған зираттар аз болмаса керек. Ендігі міндет: сондай зираттарды тауып, сыртын қоршап, ескерткіш тақта орнату. Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің сүйектерін тауып, аты-жөндерін анықтап жатыр. Оларда аты-жөндері жазылған темір тақталар болған. Ал, аштықтан өлгендердің есімдерін анықтау мүмкін емес. Сондықтан, тым болмаса осындай  тақтаға аштықта қаза тапқандар деп жазып, ескерткіш белгі орнатсақ, бұл болашақта сондай оқиғалардың қайталанбауына ықпалын тигізер еді.
Қуандық Бекішев: Қорғалжын ауылында тұратын бір таныс ақсақал ертеде ашаршылық кезінде сол ауылдан көп адамдардың қаза тапқанын айтып отыратын. Әсіресе, кішкентай балаларға қиын болыпты. Оларды алдау үшін қазанға тас салып, соны суға қайнатады екен. Қазір ет піседі деп алдаусыратып, аштыққа шыдамай жылаған балаларын жұбатыпты. Өлген адамдарды ауыл сыртына апарып  кішкене шұқыр қазып, бетін жасырады екен. Яғни, сол Қорғалжынның шетінде белгісі жоқ үлкен зират бар деп айтуға болады. Бұны анықтау үшін арнайы зерттеу жүргізу қажет. Адам сүйектері табылып жатса, сол маңайды қоршап, ескерткіш орнатуға болады. Бұны әрине, жергілікті атқарушы органдар жасауы керек деп ойлаймын. Қазақ «өлі риза болмай, тірі байымайды» демей ме. Ендеше, сол бір ауыр жылдарда қаза тапқан ата-бабаларымыздың басын көтеріп, ескерткіш орнату бүгінгі ұрпақтың парызы десек, артық айтқандық болмас.
Тілші: Өткен ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы орын алған, миллиондаған адамдардың өмірін қиып, қуғын-сүргінге ұшыратқан  нәубет енді ешқашан қайталанбауы үшін не істеу қажет?
Қадіржан Әбуев: Мұндай саяси қателік енді қайталанбасын десек, үкімет әр нәрсені халықпен ақылдасып, кеңесіп шешуі керек. Өткен жылғы жер мәселесін алайық. Үкімет тарапынан жіберілген кемшіліктің салдарынан халық арасында түсінбеушілік, наразылық туып кете жаздады. Дегенмен, Елбасы асығыс жасалған жер туралы заңға мораторий жариялап, соның арқасында бұл  шиеленіс шешімін тапты. Алдағы уақытта да осындай маңызды мәселелерді шешкенде билік халықтың пікірін ескеріп, есептесіп отырса, ондай  қателіктер орын алмайды деп ойлаймын.
Жәмшит Темірбеков: Кеңестік жүйенің озбыр саясатынан зардап шеккен адамдар аз болмағандығын айтып жатырмыз. Ең бастысы, сондай қателіктер енді қайталануына жол бермеуіміз қажет. Ол үшін тарихтағы ақтаңдақтарды ашып айтып, жазып, жастарымыздың санасына сіңіргеніміз жөн.
Жастар  –  еліміздің болашағы. Олар коммунистік  жүйе адамзатқа қаншалықты залал әкелді, оның себебі мен салдары қандай болды деген  мәселелерді толық біліп, түсінулері  керек. Сонда болашақта мұндай сұмдықтар ешқашан қайталанбайтын болады деп білемін.
Талапкер Уәлиев: Қателеспейтін адам бол-
майды, бірақ қателігінен сабақ алып, ондайды алдағы уақытта қайталамауға тырысатын адам ақылды деген сөз бар. Кеңес заманында жол берілген осындай солақай қате саясат алдағы уақытта қайталанбасын десек, жоғарыда айтып кеткендей, тарихымызды әсіресе, жас ұрпаққа шынайы оқытып, түсіндіруіміз қажет. Сондай-ақ, сол саяси қуғын-сүргін құрбандарын жылына бір күн – 31 мамырда ғана еске алып қоймай, мүмкіндігінше құрметпен еске алып, есімдерін ел есінде сақтау шараларын жасау қажет деп ойлаймын.

Дөңгелек үстел басындағы әңгімені жазып алғандар:
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
Қалкөз ЖҮСІП.

 

 

 

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *