Мүгедектер мәселесі бақылауда

Облысымызда мүгедектерге мемлекеттік қызметтің қолжетімділігі, сонымен қатар, жарымжан жандарға көмек-қолдаудың жай-жапсары «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалында өткен  партиялық кураторлар комиссиясы отырысының күн тәртібінде талқыланды. 

Комиссия отырысында бірінші болып облыстық халыққа қызмет көрсету орталығы департаменті директорының орынбасары Нұрбек Қайыржанов мүгедектерге ақпараттың қолжетімділігі, мемлекеттік қызмет көрсету сапасы жайлы баяндап берді. Мекемеде мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсетуге ерекше көңіл бөлінеді. Халыққа қызмет көрсету орталықтарының барлығы пандустармен және шақырту тетіктерімен жарақтандырылған. Биылдан бастап есту және сөйлеу қабілеті нашар жандарға жылдам қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін «Surdo online» сервисі жұмыс істеп тұр.
Осы орайда, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов шалғай ауылдарда тұратын жарымжан жандарды да назардан тыс қалдырмауды айтып, Сандықтау ауданындағы халыққа қызмет көрсету орталығының жөндеуден өткізілу барысын сынға алды. Мемлекеттен бөлінген қыруар қаржыға жөнделіп жатқан ғимараттың пандустары, басқа да жайттар талапқа сай емес. Осы кемшіліктерді түзетуге бір ай уақыт беріп, ал, облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Шолпан Рахматуллинаға мүгедектерді екі-үш айлық емес, қолдан келгенше тұрақты жұмыс орындарына орналастыруды тапсырды.  
Одан кейін Қазақстанда зейнетақы жүйесінің көпдеңгейлі моделін дамыту туралы зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың Ақмола облыстық филиалының директоры Виталий Городецкий, азаматтарға мүгедектікті рәсімдеу жүйесін жетілдіру туралы Ақмола облысы бойынша еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаменті басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Гүлжан Мағзұмова баяндамалар жасады. Соңғы баяндамашы келтіріп өткен мәліметтерге сүйенсек, 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында 1187 адам жаңадан мүгедектік алған.
Айта кетейік, тұрғындардың әлеуметтік аз қамтылған топтарын қолдау және жұмыспен қамту – партияның «Қазақстан 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарының бірі. Комиссия отырысына қатысқан партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов  күн тәртібінде айтылған барлық мәселелер партияның назарында болатынын, түзету орындарындағы мүмкіндігі шектеулі жандарға да барынша жағдай жасалу қажеттігін тиісті мекеме басшыларының есіне салды.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар