Мүгедектер тілегі неге дұрыс ескерілмейді?..

Бразилияда өткен Паралимпиада ойын-дарында қазақстандық спортшылар бір алтын, бір күміс медальді жеңіп алып, жанкүйерлерін үлкен қуанышқа бөледі. Тағдыр тауқыметімен мүгедектер арбасына таңылса да мойымай, спортпен айналысып, бойларынан сондай биіктерге жетуге қайрат тапқан бұл спортшыларымыздың жанқиярлығына бас иесің.

 

Десек те, қазіргідей нарық билеген ауыр заманда ешкімге алақан жаймай, еңбек етіп, ел қатарлы тірлік кешіп жатқан мүгедектерге заң жүзінде қарастырылған міндеттемелерін орындамайтындар да кездесіп жатады. Олар бірлі-жарым болса «жә, ештеңе етпес» деп қоя салуға болар еді, бірақ, ондайлар көп.
Заң бойынша халық көп жүретін дүкендер, сауда үйлері, қызмет көрсету орындарының ғимараттарында арбаға таңылған мүгедектерге арналған пандус (көлбеу баспалдақ) болуы тиіс. Дегенмен, бұл заң талабын көп кәсіпкерлер мен мекеме, кәсіпорын басшылары ескере бермейді. Қаланың орталық көшелерімен бір жүріп өтсеңіз, бұған көзіңізді айқын жеткізуіңізге болады. Көкшетаудың орталығындағы Куйбышев көшесінің бойындағы 50-ші үйдің бірінші қабатында орналасқан «Курьер компаниясы» деген мекеменің пандусына қарап, көз алдаудың керемет үлгісі осы ма дейсің. Сәл ғана көлбеу тайғақ темірмен қапталған пандус-пен арбаға таңылған мүгедек түгілі, қол-аяғы балғадай жас адам да шыға алмастай. Осы көшенің бойындағы «Здоровье» деп аталатын дәріхананың пандусы  «соқырға қарағанда қылилау» десек те, онымен де мүгедектер арбасымен көтерілу  мүмкін емес. Көз алдау үшін осындай «пандус-тар» орнатқан дүкендер мен қызмет көрсету орындары жетерлік. Ал, көптеген мекемелерде осының өзі  жоқ. Мәселен, халық ең көп баратын «Алтын ғасыр» (бұрынғы ЦУМ) және оның жанындағы «Сәтті» сауда үйлерінде пандус деген атымен қарастырылмаған. Яғни, бұл сауда үйлерінің қожайындары мүгедектерді мүлдем естерінен шығарған сияқты.
Еліміз алдына  әлемнің дамыған отыз елінің қатарына қосыламыз деген биік мақсат қойып отыр. Ал, сол дамыған елдердің бәрінде мүгедектерге өте жақсы жағдайлар жасалғанын БАҚ айтып, жазып та жатады. Батыс елдерінде, тіпті, мүгедектерге арналған таксилер мен автобустар қызмет көрсетеді екен. Ал, бізде заңмен бекітілген пандустардың өзін орнатуға құлық болмай тұр. Әйтпесе, миллиондап ақша тауып жатқан «Алтын ғасыр» сияқты сауда үйлеріне пандус салуға қажетті тиын-тебен табу қиын болып па?!.
Мүгедектердің құқығын аяқ асты етіп жатқан кәсіпкерлер мен мекеме басшыларын заң шеңберінде тәртіп тезіне салатын қадағалаушы органдар бұл мәселеге неге жіті назар аудармайды дейсің осындайда.  

Қалкөз ЖҮСІП.
Суреттерде: халық жиі баратын «Сәтті» сауда орнында да пандус жоқ; мына тік пандуспен жоғары көтерілудің өзі бір қиямет.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар