Мәліметтерді жаңғырту не үшін қажет?

2016 жылдан бастап Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдары арнайы құрылған ҮЕҰ-ның деректер қорына өздерінің қызметі туралы есеп тапсыратын болды.

Өткен жылы олар бірінші рет ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті орган –  Мәдениет және спорт министрлігіне есеп тапсырды. Бұл орайда, түсінбестіктер де орын алды. Кейбір үкіметтік емес ұйымдар арасында есептерді тапсырудың жаңа формасына қатысты түсінбейтін жайлар бар болса, кейбірі  қойылған жаңа талаптардың бар екенінен хабардар болмай шықты. Қазіргі уақытта үкіметтік емес ұйымдардың басшылары тарапынан әлі де дерекқорға есеп тапсыруға қатысты түрлі сұрақтар туындауда. Осы жайында танымал заңгер, Еуразиялық құқық және адам құқығы сараптамалық институтының директоры Марат Башимов баяндап береді. 

 

– Марат Советұлы, ең алдымен ҮЕҰ-ның дерекқоры  туралы түсіндіріп берсеңіз. Ол не үшін керек және одан қандай нәтижелер күтуге болады?
– «Үкіметтік емес ұйымдардың деректер қоры» туралы түсінік 2015 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Республикасының заңнамасы шеңберінде енгізілді. Бұл үкіметтік емес ұйымдар туралы мәліметтері бар, атап айтқанда, ҮЕҰ-ның қызметі, іске асырылған және іске асырылып жатқан жобалары туралы, оның құрылтайшылары, мүлкінің құрамы, қаржыны қалыптастыру көздері және оны жұмсауға бағытталған ақпараттары жөніндегі деректер қоры. Бұл жерде заң жобасын әзірлеуге менің де тікелей қатысым бар. Бұл қор ҮЕҰ-ның қызметі туралы ақпараттарға қоғам өкілдерінің қолжетімділігін, ұйымдардың ашықтығы мен мөлдірлігін қамтамасыз ету үшін жасалған. ҮЕҰ-ның дерекқоры арқылы көмек-қолдауды қажет ететін азаматтар үшін өздерін қызықтырған үкіметтік емес сектор туралы ақпаратты алуға мүмкіндік туса, ҮЕҰ мен донорлары өздеріне қажетті әлеуетті серіктестерді таңдай алады. Мұның тағы бір жағымды аспектісі ҮЕҰ дерекқоры «үшінші» сектордың мемлекет тарапынан қаржыландырылуының толық жағдайын көруге мүмкіндік береді. Яғни, қоғамның әрбір мүшесі қандай ҮЕҰ толық жұмыс істеп жатқандығын, мемлекет қаржысының қоғамға қандай пайда әкеліп жүргендігін, сондай-ақ, қайсыбір ҮЕҰ-ның тек конкурстарға қатысып, мемлекет қаржысын ұтып алу үшін құрылғандығын анық көруге болады. Бұдан соң «біркүндік» ҮЕҰ мен оларды құрушылар тізімнен шығарылады. Бұл жұмыстарды мемлекет қаржысына қоғамдық бақылау жасайтын ұйымдар жасайтын болады.
– Енді ҮЕҰ дерекқорына мәліметтерді ұсыну тәртібіне тоқтала кетсеңіз.
– ҮЕҰ дерекқорына мәліметтерді ұсынудың тәртібі ҚР «Коммерциялық ұйымдар туралы» Заңына сай жүргізіледі, сонымен бірге «Үкіметтік емес ұйымдарымен өз қызметі жөніндегі мәліметтерін ұсыну және олар туралы дерекқорды қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы» Мәдениет және спорт министрінің бұйрығымен реттеледі. Айта кететін жайт, ағымдағы жылдың 31 наурызында ҮЕҰ үшін кезекті есептік кезең аяқталады. Енді ҮЕҰ өздерінің қызметі туралы мәліметтерді Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне жолдаулары тиіс. Себебі, ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл саласындағы Мәдениет және спорт министрлігінің уәкілетті қызметі жоғарыда аталған министрлікке ауыстырылды. Аталған министрліктің сайтынан толық ақпарат алуға болады.
– Үкіметтік емес ұйымдар дерекқорына
қандай ұйымдар өз мәліметтерін ұсынулары тиіс?
– ҚР «Коммерциялық ұйымдар туралы» Заңының 41- бабының 5-тармағында бұл ұйымдардың тізімі анық көрсетілген. Атап айтсақ, дерекқорға мәліметтерді мекемелер, қоғамдық бірлестіктер, қорлар, заңды тұлғалар бірлестіктері, акционерлік қоғамдар түрінде құрылған коммерциялық емес ұйымдар, сондай-ақ, кей жағдайда аталған заңның 17-бабында көрсетілмеген ұйымдастырушылық-құқықтық формадағы ұйымдар ұсынулары тиіс. 17-бапты түсіндіре кетсем, білім беретін автономды ұйымдар, автономды кластерлік қорлар, нотариалды палаталар, адвокаттар алқасы, ұлттық кәсіпкерлер палатасы, жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы, кәсіби аудиторлық ұйымдар, жеке пәтерлер кооперативтері мен басқа да заңнамалық актілермен реттелетін коммерциялық емес ұйымдар жатады. Уәкілетті органға мәліметтерді сонымен бірге, халықаралық және шетелдік коммерциялық емес ұйымдардың өкілеттіліктері мен филиалдары ұсынулары тиіс.
– Үкіметтік емес ұйымдар дерекқорға мәліметтерді қалай ұсына алады?
– Дерекқорға мәліметтер жыл сайын 31 наурызға дейін есептік кезеңге, өткен жылғы жұмыстар бо-йынша тапсырылуы тиіс.   Есептік кезеңге күнтізбелік жыл кіреді. Мысалы, 2017 жылы 2016 жылға арналған есептер тапсырылады. Ағымдағы жылдың 9 ақпанынан бастап, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің өкілдері онлайн түрінде барлық аймақтардағы ҮЕҰ үшін бейнеконференция өткізді. Конференцияда олар ҮЕҰ-ның дерекқорға мәліметтерді қалай ұсыну қажеттігін бүге-шігесіне дейін толық түсіндіріп, аймақтардан қойылған сауалдарға жауап берді. Министрліктің мәліметтеріне сүйенетін болсақ, қазіргі таңда ҮЕҰ өздері туралы мәліметтерді Қазпошта және басқа да пошта қызметтері арқылы жібере алады. Министрлік өкілдері сонымен бірге, ҮЕҰ дерекқоры үшін http//infonpo.kz. интернет-порталының әзірленіп, оның 1 наурыздан іске қосылғандығы туралы айтты. Ал, бұл порталдың қалай жұмыс істейтіндігіне тоқталсам, оған тіркелуге авторизация жасау үшін ХҚКО-да берілетін ЭЦҚ қажет, Интернет-порталға кіргеннен кейін қолданушылар басшылығымен таныса алады, онда жарияланған өздерінің қызметтеріне қатысты бейнероликтерді көріп, ақпарат ала алады. Бұл порталға тіркелген соң ҮЕҰ емін-еркін оған кіріп, кез келген талап етілген мәліметтерді сонда жібере беруге мүмкіндік алады. Егер мәліметтерін портал арқылы жіберетін болса, онда қағаз түрінде тапсыру талап етілмейді.
– Есеп беру нысандарын толтыру кезінде қандай да бір ұсыныстар жасала ма? ҮЕҰ есептерді толтыру барысында туындаған сұрақтарға жауаптарды қалай алады?
– Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі ҮЕҰ қызметі туралы мәліметтерді ұсыну бойынша әдістемелік ұсыныстар әзірлеп қойды. Аталған министрлік сайтының басты бетінде  «ҮЕҰ дерекқоры туралы» деген қосымша бет бар. Сонымен бірге, сайтта егер қандай да бір сұрақтар туындайтын болса, «жедел желі»: 8(7172) 74-04-28, 74-04-47 телефонына қоңырау шалу арқылы алуға болады. Не болмаса,
74-04-28@mail.ru электрондық мекен-жайына өз сұрағын жолдауға мүмкіндік бар.
– Егер ҮЕҰ  өз  мәліметтерін тапсырмайтын болса, олар жауапқа тартыла ма?
– Әрине, жауапқа тартылады. ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодексінің 489-1 бабы бо-йынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Егер ҮЕҰ бір рет есеп тапсырмаса, онда оған ескерту жарияланады. Бұдан кейін ағымдағы жыл ішінде есеп тапсырылмайтын болса, айыппұл салынады немесе ұйымның қызметі тоқтатылды.
– Бүгінге дейін аталған бап бойынша жауапқа тартылғандар бар ма?
– Әзірге әкімшілік жауапқа тартылды деген мәліметтер жоқ. Министрліктің айтуынша, жергілікті жерлердегі әкімдіктермен бірлесіп, ҮЕҰ көшбасшыларымен түсіндірмелік жұмыстар жүргізілуде. Алдағы уақытта әкімшілік жауапкершілікке тарту тәртібі қатаң қолданылатын болады. Сондықтан, осы орайда ҮЕҰ дерекқоры туралы естімеген ұйымдар болса, бұл жа-
йында толық ақпарат алып, өздері жайлы ақпараттарды жіберулері қажет.
– Деректер қорына енгізілмеген ҮЕҰ мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарға, гранттарды ұтып алуға қатыса ма, әлде қатыспай ма?
– Егер ҮЕҰ-ның дерекқорына енбеген болса, ол ұйым қойылған талаптарға сай мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жеңіп ала алмайды деп ойлаймын. Байқаудың талаптары бойынша балдық жүйе қарастырылған. Ал, дерекқорға ену негізгі балдық жүйені құрайды, жалпы ұпайға әсер етеді. Сол тәрізді гранттарды ұтып алу конкурстарына да деректер қорына енген ҮЕҰ ғана қатыса алады. Бұл байқаулар мен гранттар ҚР «мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар мен сыйақылар туралы  Заңының негізінде жүзеге асырылады.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбатты жүргізген
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар