Мұндай оқу орнын мақтан тұтуға болады

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің  депутаттары, қорғаныс және мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің мүшесі  Жанат Жарасов пен Михаил Чирков Көкшетау техникалық институтында болып, оқытушылар мен курсанттардың тыныс-тіршілігімен танысты.    

Кездесу барысында Мәжіліс депутаттарын оқу орнының бүгінгі аяқ алысымен таныстырып, қол жеткізген табыстарын жан-жақты тарқатып айтып берген институт басшысы, азаматтық қорғаныс полковнигі Сырым Шәріпханов алдағы ауқымды міндеттерді де саралап берді. Айта кету керек, Көкшетау техникалық институты Қазақстандағы өрт қауіпсіздігі саласында білікті маман-кадрлық офицерлер даярлайтын жалғыз арнайы оқу орны болып табылады.
1997 жылы ашылған институттың материалдық- техникалық базасы жыл санап артып келеді. Қазіргі таңда оқу орнының заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген екі оқу-лабораториялық ғимараты, бес қабатты жайлы жатақханасы, 400 орындық асханасы бар. Курсанттарға білім алуға барлық жағдай жасалған. Заман талабына сай жарақталған 18 оқу-техникалық кабинет, 200 орындық акт залы, 2 компьютер сыныбы, 2 кітапхана, спорт залы қызмет көрсетеді.
Бүгінгі күні оқу орнында 500-ге жуық курсант оқып, білім алуда.   
Көкшетау техникалық институтын бітіріп шыққан түлектердің арасында өздері оқыған оқу орнының атын шығарып жүрген білікті мамандар, қызмет баспалдағымен биіктерге көтерілген басшылар көп. Бұның бәрі еліміздің тәуелсіздігінің арқасында құрылған жаңа оқу орнының жүргізіп келе жатқан жақсы жұмыстарының нәтижесі десек, артық айтқандық емес.   Жалпы, аталған жоғары оқу орнының  курсанттары өрт қауіпсіздігі саласы бойынша төрт жыл білім алған соң офицер атанып, еліміздің кез-келген жеріндегі өртке қарсы қызметке орналаса алады. Институт жұмысымен жақынырақ танысқан халық қалаулылары еліміздің болашақ өрт сөндірушілерін тәрбиелеуде аталған білім ордасының рөлі жоғары екендігін атап өтті. Білім ордасының материалдық-техникалық базасымен танысқаннан кейін, кездесу салтанат залында жалғасты. Бұл жерде халық қалаулылары облысқа келген басты мақсаттарын тілге тиек етіп, өздері атқарып жатқан заң шығарушылық жұмыстардың жайымен жұртшылықты хабардар етті.

Ұлмекен Тыныштыққызы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар