Мұрағат – тарих парағы

Облыстық  мемлекеттік мұрағатта «Қазақ тарихында мұрағаттың алар рөлі»  тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.

 

Оған ғалымдар мен жоғары оқу орындарының оқытушылары және  мұрағат  қызметкерлері қатысты. Отырысты облыстық мұрағат және құжаттандыру басқармасының басшысы Мәрзият Тоқаева  ашты.  Жергілікті ғалымдар мен тарихшылар облыстық мұрағат қорында көптеген құжаттарды  тауып,  оны өздерінің ғылыми еңбектеріне пайдаланып, өңір тарихын байытып жатыр. Облыстық мемлекеттік мұрағатының  басшысы Гүлбаршын Салық өз баяндамасында саяси қуғын-сүргінге ұшыраған ұлт зиялыларының   өмірі мен  мұрағатта сақталған құжаттарды  айтып өтті.
Бүгінгі мұрағат қызметі әлемдік стандарттарға сәйкес құжаттардың дұрыс сақталуын қадағалайтын орын.  Бұл жөнінде Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің оқытушысы  Ербол Шайхығалиев өзінің  «Мұрағат құжаттарын  тарихи дерек ретінде пайдалану жолдары» тақырыбындағы  баяндамасында  айтып өтті.  «Ежелгі заманнан бері мұрағат ісі мемлекеттің қамқорлығында болды. Жекеменшік мұрағаттар пайда болған кездің өзінде, олардың құжаттары көбінесе мемлекетпен қарым-қатынастарды және мемлекетаралық байланыстарды реттеу кезінде құқықтық негіз ретінде пайдаланылды» деп  мұрағат құжаттары тек қана ғалымдар мен тарихшылардың еңбектерінде  ғана кездеспейтіндігін,  ол  журналистердің де  танымдық мақалалар жазуы-
на,  бейнебаян түсіріп, радиода жақсы хабар дайындауына  септігін тигізіп жатқандығын тілге тиек етті.  Сонымен қатар, біліп, үйренемін деген ізденімпаз адамдар үшін де мұрағат  құжаттарымен  қазіргі таңда жұмыс істеу  қолжетімді екендігін көпшілікке жеткізді.  Бұдан өзге  мұрағат құжаттары бойынша 1920 жылғы  Көкшетау уезіндегі  мәдени-ағарту  жұмыстары сияқты  бірнеше тақырыптарда баяндамалар жасалды. Айта кетерлігі, конференция  қатысушыларының баяндамалары жинақ болып  алдағы уақытта  басылып шығады.  
Назгүл РАБИЛОВА.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар