Мұраттың ізгі мұраты

Облыс орталығындағы «Тыныс» акционерлік қоғамы бас директорының орынбасары Мұрат Бекеновтың көкірегін желтоқсан айы туған сайын бір беймәлім сезім баурайтыны бар. Әлде өміріне күрт өзгеріс енгізіп, тағдырдың тәлкегіне түскендіктен бе екен.

Қазір тіпті есіне алғысы да келмейді. Есіне алса көкірегін мұң тұмшалап, өзегін өкініш өртейтін тәрізді. Желтоқсанның сол бір аязды суық кезі жан дүниесін жауратып, тоңдыратын тәрізді ме қалай. Сол жылы Мұрат Балапанұлы Алматы қаласындағы Ленин атындағы политехникалық институтының бірінші курсында оқып жүрген. 18-ге толған шағы. Зерлі Зерендінің баурайындағы табиғаты тамаша Қошқарбай тауының етегінде дүниеге келіп, қаймағы бұзылмаған қазақы ортада өскен, Зерендідегі мектеп-интернатта оқып білім алған Мұраттың қазақылығы басым болатын. Кейін Алматыдағы республикалық физика-математика мектебінде білім  алды.  
Қазақстан Орталық партия комитетінің пленумы өткен күн онсыз да ширығып жүрген, шырпының оты тисе лап ете түскелі тұрған жастық жалынға сұмдық әсер етті. Алғашқы күн гу-гу әңгіме, сан қилы пікір. Бұлар оқитын институттың корпусынан бір топ студент шықты. Бір қызығы араларында жалғыз болса да бір орыс баласы бар. Алматыда кім көп, студент жастар көп. Осындағы мектеп-интернатта оқыған, тумысынан жақсыға жаттығы жоқ Мұраттың жүзтаныстары көп еді. Құшақтасып амандасып жатыр. Пікірлерін білдіріп жатыр. Алғашқы бетте бәрі бейбіт сипатта болатын. Тәртіп бұзайық деген ешқайсы жоқ. Лениннің ұлт саясаты туралы айтуда. Әр халықтың, әр ұлттың өз көсемі болуы керек деседі. Тіпті орыс болса да, Қазақстандікі болу керек. Жиналған жастар түске дейін тұрып, кейбіреулері қайта бастаған. Дәл осы кезде шырықты милиция жасақтары бұзды. Әуелі біреулері сендер кімсіңдер, неге жиналып тұрсыңдар дескен. Бейбіт шеру бейбіт тараған. Осы күні ойлап қараса, ұлттық намыс, ұлт мұраты дәл сол кезде өрістей қойды деу қиын екен. Келесі күні жатақханада отырып бару керек деп шешкен. Жалғыз өзі ғана емес, курстас достарының басын қосып. Жігіттермен тілдесіп көрді, құптағандары көп, сақтанғандар да бар. Тәртіп бұзылса, іс насырға шапса, оқуымыздан шығарады, қудалайды дескендер де табылды. Ақыры жалғыз кеткен. Бұл келсе, қаптаған милиция. Алаңның қызуы көтеріліп, қызуы көтергеніңіз не жалыны аспанға шапшып тұр екен. Іле төбелес басталған. Құтты жасанған жауға қарсы аттанған Кенесары жасағының әскері сияқты.  Олардың қолында сойыл, шоқпары болды ғой, бұлардың қолында дым жоқ. Кеуделерінде намыс қана бар. Ал, солдаттар болса аямай жосылды. Қойға тиген аш қасқыр тәрізді. Жігіттен қыз өжет екен. Қазақтың қыздарының қайсарлығына таң қалған, намысына тәнті болған. Небір жігіттер арыстанша арпалысып қыздарды қорғады, жас жігіттерді қорғады.  Өз кеуделерін оққа тосты. Алдыңғы қатарда тұрған қаракөз қарындастар аузын арандай ашып ұмтылған иттен де, иттен де зәрлі, қорқынышты солдаттардан да қаймыққан жоқ. Қалың топ лықси шетінеп, сай-саланы қуалай аққан көктемдегі қызыл судай көбесі сөгіле бастаған. Жоғары курстың студенттері бұны «Макаревич» деп атайтын. Лақап аты. Қоршауда қалыңқырап бара жатқан бұны арашалап алып шыққан. Тағы да толқу. Оң мен солын адам ажыратып болмастай.
Ымырт үйіріле күн күрт суытты. Үй-үйдің арасымен жортып жүріп жатақханаға қайтқан. Таңертең институтқа келсе гу-гу әңгіме. Әншейінде қарасын көп көрсете бермейтін факультет декандары, қилы-қилы қоғамдық ұйымдардың басшылары жиналып қалыпты. Жастарды сабырға шақырып жатыр. Бұл жатақханаға қайтып оралып, киініп алып қайта барған. Дәл сол күні «Метель» операциясы басталды. Нағыз қырғынды енді көрді. Тәртіп сақшыларынан емес, зауыттың жұмысшыларынан. Қолдарында темір таяқ. Қазақтың жастарында жеті атасының кегі бардай желпініп жүр. Таудай-таудай машиналар су атып жатыр. Халық теңіздей толқиды. Әп-сәтте үсті-басы мұз сауытқа айналған. Әуелі жұрт сабырлы еді, сұмдық кейін басталды. Іргесі сөгілген көппен бірге қашқан, қолдарына жұмыр темір ұстаған екі жұмысшы қуып берді. Сәтпаев көшесінің бойындағы арыққа көлденеңдей құлағаны есінде. Қуған екеуі темір таяқтарымен сабап жатыр. Бір соққы басына тиген. Есеңгіреп кетіпті. Есін бір жиса, жан ұшырып ұмтылып келе жатқан қазақ жігіттерін көрді. Медицина институтында оқитын Серік деген жігіт екен, қасында бір топ жолдас-тары. Екі жұмысшыға тап берген. Өздерінен зор шыққан соң жалы жығылған олар амалсыз шегіне берді. Басы мең-зең, қан саулап тұрса да қашқан топтың соңынан ере берген. Телерадио кешенінің тұсына келгенде жарыла бытырады. Қоршаудың арғы бетіне қарғып түскенде әлдене былқ еткендей болды. Жұп-жұмсақ бірдеңе. Сөйтсе қансырап жатқан қаншама жұрт. Әлгілерден амандық-саулық сұрасып, танысып жатыр. Осы жерде қансыраған жігіттердің жарасын қыздар таңып берді. Өздерінің көйлектерін жыртып. Сол бір сурет мәңгілік есінде.
Кейінгі таусылып бітпес тергеу, сұрақ-жауап. Ел көрген қиындықты бұл да көрді. Төзді, сенді. Желтоқсанда елге қорған болған жастардың үміті ақталып, туған ел тәуелсіздік алды. Қазір Мұрат Бекенов өткен өмірдің сол бір қиын қыстау күндерін еске алғанда ең алдымен Алаштың аруларының қайсарлығына тәнті болады.
Біз бүгін желтоқсаншы Мұрат Бекеновтың жан сырының жарым парағын ғана жаза алдық. Әйтсе де,  біз сабақтаған сөздің астарындағы уытынан-ақ ұлағатын ұғуға болатын шығар.
         Байқал ҚАЙЫРЛЫҰЛЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар