Мәселе оңтайлы шешілді

Астана қаласының Алматы ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының көлік салығын төлетудегі қателігі астрахандық кәсіпкер Хамза Есжановқа қымбатқа түсті.

  Өйткені, мұндай автокөлік сол жылы фермердің атына мүлдем тіркелмеген. Ол көлік салығына қарыз екенін кездейсоқ біледі. Кәсіпкер көлік сатып алу үшін ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы несие алуға өтінім береді. «Петровка-1» ауыл шаруашылығы кооперативінің басшысы Хамза Есжанов күніне 1 тоннаға дейін сүт қабылдайтын орын ашуды жоспарлаған. Бұл бағытта сүт таситын арнайы көлік сатып алу қажет болды. Оның өтінімін қаржы институты кері қайтарғанда таң қалды. Фермердің көлік салығы бойынша 52 мың теңге қарызы бар екені анықталған. Астана қаласының Алматы ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына жолыққан кезде қарыздың 2012 жылы есептелгені белгілі болды. Ал, Есжанов болса, 2015 жылы «Volkswagen-golf» автокөлігін сатып алып, сол жылдың наурызында сатып жіберген.
– Бұл келеңсіз жағдайға біз де таң қалдық. Фермер автокөлік иеленген кезде қарызы болған жоқ. Астаналық салықшылардың Астраханка селосының тұрғынына шот ашуы мүлдем түсініксіз жағдай. Салық кодексінің 369-бабына сәйкес, жеке тұлғалар салықты тұратын орны бойынша төлейді,– дейді облыстық кәсіпкерлер палатасы Астрахан филиалының директоры Асхат Бейсенбенов. Аталмыш филиал мен мемлекеттік кірістер басқармасы арасындағы жағдайды анықтау жұмысы жарты айға созылды. Нәтижесінде басқармадан бүгінгі таңда фермердің қарызы жоқ деген жауап келді. Ал, кәсіпкер болса, уақытын жоғалтты. Тасымалдаушылармен жасаған келісім-шарты жарамсыз болып қалды. Фермердің айтуынша, жағдай оңынан шешілген. Ол несие алып, Ресейдің Нижний Новгород қаласынан жүк көлігін сатып алуға тапсырыс берді. Жақын арада сүт қабылдайтын орын ашпақшы.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Астрахан ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар