Мәселелерді бірлесе шешеміз

 Жуырда ғана ширек ғасырлық мерейтойын атап өткен өкілетті орган –  мәслихаттардың ел дамуындағы орны ерекше. Қарапайым халықтың базынасын билікке жеткізер  көпір ретінде депутаттар  талай маңызды мәселенің оң шешілуіне түрткі болды.

  Өзім жеті жылдан бері қалалық мәслихаттың  хатшысы ретінде қызмет атқарып келемін. Екі шақырылымда ел сенімін арқалап, өкілетті органға  депутат болып сайландым. Соңғы жылдары Мемлекет басшысының, Үкімет пен Парламенттің мұрындық болуымен азаматтық қоғам институттарын дамытып, жергілікті атқарушы органдардың жұмысын жетілдіруге бағытталған заңдар қабылданды.  Осылайша, сол атқарушы биліктің бір тармағы ретіндегі мәслихаттардың  алдына да жыл сайын жаңа міндеттер қойылып, халық қалаулылары оларды орындауға білек сыбана кірісуде.  
Бүгінде депутаттар тек халықтың
идеясын жоғарыға жеткізуші ғана күш емес. Ауылдық округ әкімдерін сайлау да қазір осы институт арқылы жүзеге асырылады. Бұл жанама сайлау тәсілі  олардың өздері таңдаған әкімдері үшін халық алдында тікелей жауапты екендігін көрсетеді. Осы орайда, әрине, депутаттардың жалғыз өздері шешім қабылдай салмайтындығын ескерген абзал. Олар сол елді мекен тұрғындарымен тілдесіп, сайлауға түсіп жатқан  үміткерлердің кандидатураларын талқылайды. Тек содан кейін ғана, жұртшылықтың көңілінен шыққан адамға халықтың атынан дауыс береді. Моноқалаларды дамыту бағдарламасы аясында бөлініп жатқан қыруар қаражат та сол әкімдердің нақты бағыттар бойынша жұмыс атқаруына септесіп отыр. Қазір  аталған бағдарлама шеңберінде  қала қазынасынан елді мекендерге бағытталып жатқан қаржыға кенттерде әлеуметтік маңыздағы  нысандар жөнделіп, жаңғыртылуда. Мәселен, Қарабұлақ орта мектебі мен Ақсудағы мәдениет үйінің шатыры қайта жабылды. Республикалық бюджет қаражаты есебінен Изобильныйдағы ауылдық клубқа да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінде аталған мәдениет ошағында ауыл өміріндегі маңызды шаралар ұйымдастырылып жатыр. Қала маңындағы елді мекендерге де кезең-кезеңмен  жаңа модификациялы
кабинеттер  мен жиһаздар  алынуда. Мұндай оң өзгерістердің орын алуына біздің депутаттардың  да тікелей қатысы бар. Олар жергілікті жерлердегі  түйткілді мәселелерді дер кезінде көтеріп жүреді.
Қалалық мәслихат депутаттардың халық алдында есеп беру кездесулерін өз деңгейінде өткізуге, жеке мәселелері бойынша азаматтарды қабылдауға да көп көңіл бөледі. Мен өзім екінші шағын ауданда тұратын сайлаушыларыммен  жиі жүздесіп, оларды толғандыратын толғақты мәселелерді шешуге атсалысуды тікелей міндетім деп есептеймін. Ал, ол мәселелер сан-қилы болып келеді. Кейбіреулер ескі үйлердің шатырларын жөндеу қажеттігін айтып, ал біреулер  көшедегі иесіз иттерді атуды сұрап келеді. Қаланы абаттандыру жайын қолға алудың өзектілігі де степногорлықтарды мазалайды.
Бұдан басқа, «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалында депутаттар азаматтарды апта сайын қабылдайды. Мәселен, жыл басынан бері біз осындай 22 қабылдау жүргіздік. Соның нәтижесінде  жұмыспен қамту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен бірқатар тұрмыстық мәселелер оң шешілді.  Бұл істе ең бастысы – формализм мен қағазбастылықтан арылу. Есеп үшін емес, адамдарға шынайы қол ұшын созу үшін еңбектенер болсақ, оның өз нәтижесін берері анық.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында біздің өңірімізде міне бес жылдан бері Партиялық бақылау бекеттері жұмыс істеуде. Бұл жұмысты менімен бірге  Владимир Козейчук, Раиса
Сахневич, Сапар Сабыров, Алексей
Смагин, Қажымұрат Шәкенов
сынды қалалық мәслихат депутаттары үйлестіріп отырады. 2020 жылға дейінгі моноқалаларды дамытудың республикалық бағдарламасы шеңберінде  қалаға бөлінген қаражаттың игерілу барысын қадағалау – бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Осы мүмкіндікті пайдалана
отырып, біз автокөлік жолдары,
тротуарлар мен әлеуметтік маңызға ие нысандардың уақытылы жөнделуін назарда ұстап, орын алып жатқан олқылықтарды тиісті органдарға жеткізудеміз. Біздің бұл бағытта атқарар жұмысымыз ұдайы бұқаралық ақпарат құралдары – жергілікті басылымдар мен сайттарда жарияланып тұрады.
Кейінгі жылдары бізде әлеуметтік маңызды мәселелерді жаппай қоғам болып талқылау ісі жолға қойылуда.  Айталық, былтыр қалалық мәслихаттың бастамасымен өткен  осындай қоғамдық талқылаулардың бірінде  қарапайым халықты көп мазалайтын  қалаішілік және қалааралық  маршруттардағы жолақы тарифтері мен қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау жайы қаралып, бірқатар ілкімді бастамалар көтерілді. Депутаттар мүмкіндігі шектеулі жандарды толғандырған мәселелерді де әрдайым назарда ұстайды. Біздің облыстық білім басқармасына жазған ұжымдық хатымыздан кейін қалалық емханаға жаңа заманауи лифт сатып алынды. Бұдан басқа, пандустар қойылып, қала көшелері мүгедектер қозғалысына икемделуде.  Мұның барлығы да мәслихат депутаттарымен қатар, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімінің тікелей қадағалауында.
Біздің халық қалаулылары қалалық ауруханаға 14 миллион теңге мөлшеріндегі қаражаттың бөлінуіне ықпал етті. Бұл облыстық бюджет қаржысына аталған денсаулық мекемесіндегі су жүйелері жөнделді. Енді стационарды  автоматтандырылған өртке қарсы дабылмен жабдықтау көзделуде.  Бұл мәселенің де өңірден сайланған облыстық мәслихат депутаттары  Жанболат Камелидинов пен Анатолий Томиловтың арқасында оң шешілетіндігіне сенімдіміз. Депутаттарымыз жыл сайынғы «Мектепке жол» акциясына белсене қатысып, әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасылардың балаларына мектеп формалары мен кеңсе тауарларын алуға жәрдемдеседі. Халық қалаулылары балалар үйіне де барып, көздері жәудіреген жетімдерді сыйлықтарымен бір қуантып қайтуды да өз парыздары санайды.
Қалалық мәслихат сайлаушылар алдында депутаттық  корпус жұмысының ашықтығын және қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында  аймақта алғашқылардың бірі болып жеке
сайтын жасады.  Барлық степногорлықтар аталған ғаламтор ресурсынан жергілікті атқарушы органның жұмысы туралы толық ақпаратты ала алады. Сайтта өткізілген шаралардың суреттерінен басқа, нормативтік-құқықтық құжаттар, мәслихаттың шешімдері мен алда қабылданар шешімдердің жобалары да бар.  Сайлаушылар аталған құжаттармен танысып, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізуге ықпал ете алады. Ал,
«Степногорск мәслихатына 20 жыл» бөлімінде өкілетті органның 1994 жылдан басталатын тарихы жазылған.
Бүгінде біз қаладағы денсаулық сақтау жүйесінің жұмысы қаралар келесі сессияға дайындықты бастап кеттік. Алдағы уақытта тариф мәселелері мен пәтер иелері кооперативтерінің жұмысын қарауды жоспарлап отырмыз. Ендеше, біз, депутаттар мен қарапайым тұрғындар бәріміз бірігіп өзекті мәселелерді шешуге атсалысамыз деген ойдамыз.

Ғалия КӨПЕЕВА,
Степногорск қалалық мәслихатының хатшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар