Майданда ерлік көрсетіп, сотта төрелік айтқан

Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында Қазақстан Республикасы судьяларының VII съезі делегаттарымен өткізілген кездесуде отставкадағы судья Мейрам Ғибаділовтың «Отан үшін отқа түскен судьялар» атты кітабының тұсаукесері болып өтті.

Кездесуді кіріспе сөзбен ашқан облыстық сот төрағасының міндетін атқарушы Ерлан Жанәділов аталмыш шараны өткізуге қолдау көрсеткені үшін облыс әкімі Сергей Кулагинге, облыстық ішкі
саясат басқармасы және кітапхана басшыларына ризашылығын білдіре келіп, 7 қазан күні Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткізілетін судьялардың VII съезі жайлы айтып өтті. Ол өз сөзінде судьялар съезі мемлекетіміздің судьялар қауымдастығының басты форумы болып табылатындығын, оған әділсот жүйесін реформалау мен жетілдірудің өзекті мәселелері, сондай-ақ, Елбасы алға қойған басым бағыттарды жүзеге асыру мәселелері енгізілгенін тілге тиек ете келе, сот жүйесі саласындағы жетістіктерге тоқталып өтті. Одан кейін сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Судьялар одағы Ақмола филиалының төрағасы Бауыржан Баймырзин съезде судьялардың жаңа Әдеп кодексі қабылданатындығын, онда олардың мінез-құлқының негізгі әдептік стандарттары белгіленетіндігін атап өтті.
Ақмола облыстық ардагер-судьялар кеңесінің төрағасы Мейрам Ғибаділов «Отан үшін отқа түскен судьялар» атты кітаптың жазылу тарихы жайлы айтып, ондағы кейіпкерлердің өміріне қысқаша тоқталып өтті. Аталмыш жинақ әр жылдары Ақмола мен Көкшетау облыстарының сот жүйесінде қызмет атқарған майдангер судьялардың өмір және еңбек жолдарынан сыр шертеді. Бұл азаматтар еліміз үшін небір қиын-қыстау кезеңдерде өздері таңдаған еңбек жолдарына адал болған, оның үстіне бәрі де Ұлы Отан соғысының қанды қасап жолдарынан өтіп, зұлым жауға қарсы шайқаста ерлік пен батылдықтың үлгісін көрсеткен аға ұрпақтың нағыз мақтан тұтар өкілдері. Өкінішке орай, сол майдангер-судьялардың біреуі ғана ортамызда тірі жүр. Ол 1956-1962 жылдары Ақмола облыстық сотының төрағасы болған Александр Торкин. Ардагер қазір 97 жаста, Астана қаласында тұрады. Мейрам Мырзахметұлы жиналған қауымға Ұлы Отан соғысына өз еріктерімен аттанған сол судьялардың кездесуге арнайы келген туған-туыстарын таныстырып өтті. Олардың кейбіреулері қазіргі уақытта аталары мен әкелерінің жарқын істерін жалғастырып, еліміздің құқық қорғау органдарында абыройлы қызмет атқаруда. Кездесуде Ұлы Отан соғысына қатысқан осы судьялар жайлы түсірілген  бейнефильм де көпшіліктің көңілінен
шықты. Бұдан әрі кітапхана директоры Жансұлу Мұқатаева мен бөлім меңгерушісі Нәзира Рамазанова тағылымды кездесулердің өскелең ұрпақ үшін маңызы зор екендігін айтып, бүгінгі таныстырылған кітаптың да кітапхана қоры үшін аса құнды дүние екендігін ерекше атап өтті. Жиынға қатысушылар майдангер судьяларға арналған жылжымалы фотокөрмені тамашалап, естелік суретке түсті.
Сөз соңында біз де көнерген деректерді жинап, бір жүйеге келтіру оңай еместігіне қарамастан, осындай бағалы кітапты өмірге әкеліп, аға ұрпақ ісіне адалдық танытқан Мейрам Ғибаділов ағамызға оқырмандар атынан рахметімізді айтып, өнегелі ісіңіз ұзағынан сүйіндірсін дейміз.

Жанат СӘБИТОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар