Мал індетін болдырмау және оларды жою басты міндетіміз

Ақмола облысында ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Бүгінгі таңда облыс аумағындағы мал басы аса қауіпті жұқпалы аурулардан дін аман. Эпизоотикалық жақсы жағдай мал шаруашылығы саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға және облыс аумағында өндірілетін өнім мен шикізатты шетелге еркін шығаруға мүмкіндік береді.

Бұл жағдайды сақтау мақсатында облыс аумағында вакцинацияның 19 түрі, малдың аса қауіпті ауруларына қарсы аллергиялық зерттеу және диагностикалық зерттеудің 48 түрі бо-
йынша жоспарлы шаралар жүргізілуде. Бұл шараларға биылғы жылы бюджет қаржысынан 713 миллионнан астам теңге бөлінді. Бұл қаржы жоспарлы түрде игерілуде.
Қолда бар ветеринарлық дәрі-дәрмектер бойынша малды егудің ветеринарлық алдын алу шараларының жоспары толық орындалды. Мал ауруының таралмауына қол жеткізу үшін бруцеллезге қарсы шаралар жоспарлы түрде жүргізілуде. Жыл басынан бері малдарды диагностикалық зерттеудің нәтижесі жаман емес. Бруцеллезді жұқтыру деңгейі өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, облыс бойынша ірі қара арасында 0,3 пайызға, қой мен ешкі арасында 0,3 пайызға төмендеген. Ауру малдарды санитарлық союға уақытында тапсыруға тұрақты бақылау жасалады. Ауруға қарсы қолданған шараларға қарамастан, облыстағы ауыл шаруашылығы малының бруцеллез бо-
йынша жағдайы көңіл көншітпейді.
Қорғалжын, Жарқайың, Ақкөл мен Сандықтау аудандарында ірі қараның бруцеллезге шалдығуы облыстық орташа көрсеткіштен асып кетті. Ал, қой мен ешкінің бруцеллезге көп шалдыққаны Еңбекшілдер, Атбасар және Ерейментау аудандарында анықталды. Облыстың ветеринарлық қызметі шектеу шараларын жүргізіп, ауыл шаруашылығы құрылымдары мен жеке шаруашылықтардағы жұқпалы мал ауруының ошақтарын жоюда. Биылғы жылы 11 шаруашылықта бруцеллез ауруы анықталды. Бұл шаруашылықтарда сауықтыру шаралары жүргізілді.
Нәтижесінде үш шаруашылықтың бруцеллез бойынша шектеуі алынып тасталды. Бүгінгі таңда облыстың төрт шаруашылығында сауықтыру шаралары жүргізілуде. Бұл бағытта да өзекті мәселе бар. Мәселен, мал иелері әкелген малдары жөнінде ескертпейді. Сөйтіп, ауру малдар уақытында оқшауланбайды. Ал, екінші біреулері ауру малын санитарлық союға тапсырмай, бейтаныс адамға сатып жібереді. Мұндайда мал иесіне әкімшілік шара қолдануға тура келеді. Өкінішке орай, жергілікті атқарушы органға қарасты мемлекеттік ветеринарлық бөлімшенің құқығы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Респуб-
ликасы Кодексінде қарастырылмаған. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органның мал дәрігерлері бұзылған заңнамаға шара қолдану үшін инспекцияға материалдар беруге мәжбүр. Ал, Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық бөлімшелерінің инспекторлары кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тартпай отырғандығы алаңдатады. Биылғы жылы бруцеллезбен ауырған малды санитарлық союға тапсырған мал иелерінің шығынын жабуға 172 миллион 138 мың теңге қарастырылған. Бұл жұмыс қаржыландыру жоспарына сәйкес жүргізілуде. Ауру малдарын союға тапсырған тұрғындардың шығынын жабуға бөлінген трансферттің жеткіліксіздігіне байланысты бүгінгі күні қарыз қордаланғанын атап өткен жөн.
Негізгі міндеттердің бірі – порталдық режимде ауыл шаруашылығы малын сәйкестендіру базасына енгізіп, мал басына есеп жүргізу. Жыл басынан бері қолда бар бирка қоры облыстағы ірі қараны сәйкестендірудің жылдық жоспарын 51 пайызға орындауды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Облыс аумағында сібір жарасы ауруымен ауырған малдар көмілетін 221 стационарлық орын тіркелген. Бұл орындардың 65-і белгілі болса, 185-і белгісіз. Мұндай ауру малдар көмілген жерлер қоршалып, белгілер орнатылған. Осындай 56 орында жерге орналастыру жұмысы жүргізілді. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жер кадастры жүйесін автоматтандырылған ақпараттандыруға сәйкес, сібір жарасымен ауырған малдар көмілген 56 орын туралы мәлімет енгізілген. Ал, мұндай тоғыз ошақтың жекеменшік қарамағында болуына байланысты қауіпсіздендіру шарасын жүргізуге мүмкіндік болмай отыр. Мұндай қауіпті мал ауруы ошақтарының қоршаулары мен белгілері болуы қажет.
Зеренді ауданындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда көмілген ауру мал жөніндегі мәліметтерді «Казгеодезия» серіктестігінің мамандары Қазақстан Республикасы топографиялық картасына енгізу жөнінде жұмыс жүргізді. Аудандық әкімдік мұндай көмбелерде жер қазу жұмысын жүргізбеу жөнінде «Көкшетау» ұлттық табиғи паркімен меморандум жасады. Жергілікті атқарушы органдардың мамандары жыл сайын тиісті министрліктер мен комитеттердің аумақтық бөлімшелерімен бірге сібір жарасы ауруы көмбелеріне зерттеу мониторингісін жүргізеді.
Топырақтағы жұқпалы ауруды мониторингтік зерттеу теріс нәтиже берді. 2015-2016 жылдары тәжірибелік және әдістемелік көмек көрсету үшін ғылыми қызметкерлер тартылып, экспедициялық жұмыс жүргізілді. Бірақ, олар сібір жарасы ауруымен ауырған малдар көмілген 185 орынды таба алмады. Ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін сібір жарасы ауруының анықталмаған көмбелерін міндетті түрде табу қажет. Жыл сайын малдарға сібір жарасы ауруына қарсы вакцинация жүргізіп, тиісті қызметтер топырақ үлгілерін мониторингтік зерттеуден өткізулері керек. Мұндай қауіпті аумақта жер қазу жұмысын Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық бөлімшелерімен, жергілікті атқарушы органның тиісті бөлімімен келісіп, ветеринарлық зерттеуден кейін жүргізген жөн. «Сақтансаң сақтайды» демекші, малдың жұқпалы ауруының алдын алу негізгі міндеттердің бірі болуы тиіс.

Базарбай БҰЛАШЕВ,
Ақмола облыстық ветеринария басқармасының басшысы

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *