Масленица мерекесі көңілден шықты

Арқаның арайлы ақ таңымен ілесіп жеткен шаттықтың шырайлы шуағына шомылып, облыс орталығының тұрғындары Достық үйіне қарай ағылды.   Алаңда асқақтала шырқалған әсем әндер әр жүрекке нұр болып құйылып, күн болып көңілдерді жадыратты.  Орыс халқы үшін қызықты мерекенің бірі осы масленица мерекесі.

 

Бұл мейрам славян халықтары арасында он алтыншы ғасырдан бері тойланып келеді екен. Көкшетауда да аталмыш шара бар сән-салтанатымен атап өтілді.  Қыс мезгілін шығарып салып, көктемді қарсы алуға арналған мерекенің басты қағидасы жиналғандарға құймақ пен тәттілер таратылып, ән мен күйден шашу шашып, жақсы көңіл-күй сыйлау болып табылады.Аспаны ән-күйге бөленген қаланың тұрғындары мен қонақтары бұл жолы да естен кетпес қызықтың куәсі болды.  Орталық алаңға жиналған халықта есеп жоқ. Жүректерді ән мен әуездің сиқырлы сазы тербеген салтанатты шара барысында «Ақмола облысының русская община»  қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Александр Артеменко сөз сөйлеп, жиналған жұртшылықты айтулы мерекемен құттықтай келе, егеменді еліміздің өркендеп өсуі Елбасының сарабдал саясатының арқасында екендігін баса атап көрсетті. Ол одан әрі:
– Бүгінде экономикамыз дамыған этносаралық татулығымыз жарасқан елміз. Осының барлығы  ұлттық қарым-қатынасымыз, ел бірлігі үшін, келешек ұрпақтар үшін үлкен жетістік. Тәуелсіз елімізді мекендеп отырған барлық ұлттар мен ұлыстар арасындағы достық пен ынтымақты, ұлтаралық келісімді жарастыра білген, соны бүгінгі және келер ұрпаққа аманат етіп келе жатқан Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясаты біздің әрқайсымызды қанағат сезімге бөлейді,–дей келіп, жиналғандарды масленица мейрамымен құттықтады. Салтанатты шараның ажарын ашқан қызғалдақ биші қыздар от болып алаулаған жастық пен жаз өмірдің жарасымды үйлесіміндей көз суырады. Ал, шалқыған көңіл әуезді әнмен Көкшенің ән көгінде қалықтап барады… Масленицаға отбасын ерте келген Марина Кайданович:
– Ыстық құймақтан дәм татқызу үшін балаларымды да ала келдім, – дейді ол. –  Мереке өте жақсы ұйымдастырылған. Спорттық ойындарды тамашалағанның өзі бір ғанибет. Жүздеген ұлт пен ұлысқа құтты қоныс болған Қазақстанда тұратыныма өзімді бақытты санаймын. Қолөнер шеберлерінің ерекше туындылары қойылған көрмелер мен жәрмеңкелер де ел көңілінен шықты. Сондай-ақ, шара барысында өткізілген түрлі спорттық жарысқа қатысқан қала тұрғындарына арнайы сыйлықтар табыс етілді.     
Мереке соңында орыс халқының әдет-ғұрпына сәйкес қыс мезгілін шығарып салу  мақсатында   масленица тұлыбын жағу рәсімі жасалды.

 «Арқа ажарының»  өз ақпараты.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар