Медициналық сақтандыру

қызмет сапасы мен қолжетімділігін арттырады

Медициналық сақтандыру – халықтың арнайы қорға жиналған қаражат есебінен тегін медициналық көмек алуын қамтамасыз ететін жүйе.

Осыған сәйкес сақтандыру жарналарын жұмыс істейтін азаматтардың жұмыс беруші мекемелері төлеп отырады, ал,  жұмыссыздар мен еңбекке жарамсыз адамдар үшін жарна мемлекеттен аударылады. Сондай-ақ, еңбеккер азаматтар өз жалақыларынан мақсатты салымдар аударып отырады. Бұл жүйе халықтың барлық топтары үшін медициналық және дәрі-дәрмектік көмектің тең көлемі мен сапасын қамтамасыз етеді.

Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгеннен кейін азаматтар тегін емделіп, тексеріле алады. Яғни, сақтандыру бойынша амбулаторлық-емханалық көмек, ұзақ мерзімді мейірбикелік күтім және жоғары технологиялық медициналық қызметтер көрсетіледі.Тың бастама медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттырмақшы. Қорға жұмыс берушілер мен мемлекет және өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп отырған азаматтар 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап жарна төлейді.
Бүгінгі таңда мұндай сақтандыру медицинасы көптеген мемлекеттерде бар. Қазақстанда енгізілейін деп отырған медициналық сақтандыру жүйесі үздік халықаралық тәжірибені есепке ала отырып, мемлекет, жұмыс беруші және әрбір адамның ынтымақты жауапкершілігінің негізінде жасалмақшы. Сонымен қатар, мемлекет экономикалық белсенділігі төмен халық үшін, жұмыс берушілер жалдамалы жұмысшылар үшін, ал, қызметкерлер мен салық органдарында тіркелген өзін-өзі қамтыған азаматтар өздері үшін жарна төлейтін болады.
Жұмыс берушілер жарнасы мөлшерлемесінің жалпы көлемі кірістің 5 пайызын құрайтын болады. Аударым 2017 жылы 2 пайызды, 2018 жылы 3 пайызды, 2019 жылы 4 пайызды, 2020 жылы 5 пайызды құрамақшы. Қызметкерлер жарнасының мөлшерлемесі кірістің 2 пайызын құрайтын болады, аударым 2019 жылы 1 пайыз, 2020 жылдан бастап 2 пайыз болмақшы. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жарнасының мөлшерлемесі (жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар, азаматтық-құқықтық негіздегі келісім бойынша кіріс табатын жеке тұлғалар) олардың кірісінің жеті пайызын құрайтын болады. Ол 2017 жылы 2 пайыз, 2018 жылы 3 пайыз, 2019 жылы 5 пайыз, 2020 жылдан бастап 7 пайыз болады.
Жұмыс берушілердің жарнасы корпоративтік табыс салығын есептегенде, ал, қызметкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың жарналары табыс салығын есептеу кезінде шегерілетін болады.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жарнасын төлеуден азаматтардың 15 санаты босатылады, оның 12-сі  халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобы, сонымен қатар, әскери қызметкерлер, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының жұмыскерлері.
Халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобына балалар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, бұрын «Батыр Ана» атағын алғандар, сонымен қатар, I және II дәрежелі  «Ана даңқы» орденімен марапатталған көпбалалы аналар, ҰОС ардагерлері мен мүгедектері, мүгедектер, жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар, интернат мекемелерінде оқытылып, тәрбиеленіп жатқан тұлғалар, техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейін жоғары оқу орындарының күндізгі бөлімдерінде, сонымен қатар, резидентура формасындағы ЖОО-дан кейін білім алып жатқан тұлғалар, бала тууға, бала асырап алуға, 3 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты демалыстағы тұлғалар, жұмыс істемейтін екіқабат әйелдер, іс жүзінде 3 жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған жұмыссыз азаматтар, зейнеткерлер, ең төменгі деңгейдегі қауіпсіздік мекемелерін есептемегенде, сот шешімімен ҚАЖ мекемелерінде айыбын өтеушілер, уақытша ұстау изоляторлары мен тергеу изоляторларындағы азаматтар жатады. Жұмыс берушілер аударымы 2017 жылғы 1 қаңтардан, қордан қаржыландыру 2017 жылғы
1 шілдеден басталады. Жарналардың қажетті көлемде аударылуы салық органдарының құзырында болады. Азаматтың медициналық сақтандырылуын тексеру үшін медициналық ұйым қызметкері оның ЖСН нөмірін бірегей электрондық дерек қорға енгізу арқылы біле алады. Егер жарналары төленіп отырса, онда ол сақтандыру ұсынатын барлық қызметтерді қолдана алады. Олай болмаған жағдайда ол адамға медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында көмек көрсетіліп, басқа шығындарды өз қаражатынан төлейтін болады.
МӘМС аясында көрсетілетін медициналық көмек көлемі қорға енгізілетін жарна сомасына тәуелді емес екенін де атап айту керек. Аударымдар уақытылы төленіп тұрса жеткілікті. Көмек көлемі еңбекақыға байланысты емес. Біреуі ай сайын 5 мың төлесе, енді бірі 25 мың төлеуі мүмкін. Ең бастысы, екеуінің де төлеуші болып табылатыны және ауруханаға түскен жағдайда екеуі де бірдей қызмет түрлерін ала алатындығы маңызды.
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңына сәйкес азаматтарға медициналық қызметтің 2 түрлі пакеті ұсынылады. Біріншісі, республикалық бюджеттен қаржыландырылатын медициналық көмектің мемлекет кепілдендірген көлемін ұсынатын базалық пакет. Ол Қазақстанның барша азаматтары үшін қолжетімді болмақшы. Пакеттің құрамына жедел жәрдем қызметі, санитарлық авиация, әлеуметтік маңызды аурулар барысында, сондай-ақ, төтенше жағдайларда, профилактикалық екпе кезінде көрсетілетін медициналық көмек кіреді.
2020 жылға дейін өзін-өзі өнімсіз жұмыспен қамтыған тұрғындарға республикалық бюджеттің есебінен амбулаторлық-емханалық көмек көрсету қарастырылған.
Екіншісі, жаңадан құрылатын медициналық сақтандыру қоры ұсынатын сақтандыру пакеті. Оған амбулаторлық-емханалық көмек, стационарлық көмек (әлеуметтік мәні бар ауруларды есептемегенде), стационарлық көмекті алмастыратын көмек (әлеуметтік мәні бар ауруларды есептемегенде), қалпына келтіру жөніндегі емдік шаралар, медициналық реабилитация, паллиативтік көмек және мейірбикелік қарау мен жоғары технологиялық көмек кіреді.
Аталмыш пакетті алу құқығы әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушы азаматтарға, Қазақстан Республикасы аумағында тұрақты өмір сүретін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларға беріледі. Жоғарыда аталған пакеттерге қосымша ерікті сақтандыруға қатысқан азаматтар медициналық қызметтерді жеке сақтандыру компанияларымен жасаған келісім-шарт негізінде де алатын болады.
 
Айсұлу МҰҚЫШЕВА,
облыстық «Болашақ» балалар
ауруханасының невропатолог дәрігері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар