Мейірімге толы жүрекпен

12 мамырда елімізде  Халықаралық медбикелер күні аталып өтті

 

Зәуреш Құрманғожина  облыстық  балалар ауруханасының  хирургия бөлімшесінің табалдырығын  осыдан 30 жыл бұрын жас маман болып аттаған. Ол кезде ол Көкшетау  медициналық  училищесі, қазіргі жоғары медициналық колледжді   тәмамдап, медбике болып  жұмысқа  орналасқан. Небары 18 жастағы жас қыз еді.  Осы бір қиын,  адамдарға  денсаулық сыйлайтын мамандыққа кездейсоқ келмеген-ді.
Зерлі Зеренді  өңіріндегі Ұялы ауылында дүние есігін ашқан Зәуреш  бар ғұмырын  жас ұрпақтың  саулығы үшін  аянбай еңбек етуге арнап келеді.  Жүзінен мейірім, әр сөзінен парасат-пайымы сезілген  ол өз  ортасына сыйлы, абырой биігінен көрініп жүрген жан.  Кезінде оқу орнын  бітірген соң, білімін тәжірибемен ұштастырып,  қиындығы мен жауапкершілігі  зор  қызметінде  алғысқа бөлене білді.   Жақсы медбике болу  үшін ұқыптылық, жауапкершілік деген қасиеттер аздық етеді.  Ол үшін  күнделікті тәжірибе керек дейді өзі.
– Біздер тек қана кішкентай балалармен емес, сонымен қатар,  ата-аналармен де  жұмыс істейміз. Себебі, ересек адам қай жерінің ауырып тұрғанын айта алса, балалар ауыратын жерін айта  алмайды.  Яғни, мұндайда медбике ең біріншіден, жақсы психолог болу қажет, – дейді.
Кейіпкеріміз дәрі-дәрмек қана емдеп емес, сондай-ақ, әр жан үшін жылы сөздің өзі ем екендігін алға тартты.  Сол себепті,  жан-жағындағыларға мейірімнің шуағын себезгілеп жүретін Зәуреш Құрманғожина  өзінің күш-жігеріне, біліміне сеніп,  әр баланың сырқатынан  жарасы жазылса екен  деп тілеп, барынша көмектесуге тырысады.  
Зәуреш медбикелік  қызметінде   өзге біреулер жұмысымды көрсін деген көзбояушылықтан аулақ. Оған дәлел, оның  қызметтік жолында бірде-бір рет  медбикелер арасындағы  байқауларға қатыспағандығы. Неге  деген сауалымызға ол: «Менің  атқарып  жүрген жұмысым күнделікті  көзге көрініп жүр. Маған баға беретін балалар. Ал, бала деген  періште.  Солардың ақ алғысын алсам   мен үшін одан артық атақ жоқ», – дейді. Дегенмен, жоғары санатты медбике атанып, ұжымда сыйлы жан бола білді.  Ал, қазір  ауруханаға оқуларын енді  аяқтаған жас мамандар   келуде.  Сол жастарды көріп, кешегі өзінің 18 жастағы кезін елестетіп, оларға аналық ақылын  айтуды  парызы   санайды.  
Елімізде медицинаның қаншалықты дамып келе жатқандығын Зәуреш  Қайкелекқызы жақсы біледі. Себебі, ол 1987 жылы жас маман болып жұмысқа орналасқан уақытта қазіргідей жаңа технологиялар  болмаған.  Бүгінгідей әр жерде дәріханалар болған жоқ.  Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ақшасыз қалған, азық-түліктің өзі тапшы болған  сындарлы шақтың біреуінде де балалар ауруханасынан кетемін, басқа  мамандық иесі атанамын деп ойламаған екен. Себебі, өзі таңдаған мамандықты риясыз жақсы көріп,  медбике болу тағдырым деп бар ғұмырын ұрпақ саулығына арнауды жөн санады.  
Адам екі жолдан адаспауы керек деп айтып жатады үлкендер. Біріншісі, мамандық, екіншісі,  жар таңдағанда.  Зәуреш Құрманғожина  осы екі жолды да адаспай тапқан жандардың қатарына жатқызады өзін.  Кейіпкеріміздің  көз қуанышы  –  оның отбасы.   Балаларының жарқын болашағына сеніп, ұл мен қызынан зор үміт күтеді.  Олар   қандай мамандық таңдаса да адамдықтың ақ туын жықпай, жаны жақсылыққа толы, ізгі жан болса деп тілейді.  Осылайша балаларының  шат күлкісіне мәз болып,   таңертең  үйінен жұмысқа     күліп барса,   жұмыстан да  үйіне дәл  сондай көңіл-күймен қайтады.  Бақыт деген өзі осы шығар бәлкім,  түсінгенге…

Назгүл Рабилова.

Суретте: жоғары  санатты медбике Зәуреш Құрманғожина.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар