Мемлекеттік аппаратта лайықтыларға ғана орын бар

«Ақмола Медиа Орталығында» өткен баспасөз мәслихаты барысында Елбасы  жариялаған бес институционалдық реформаның алғашқысын іске асыру мақсатында қолға алынып жатқан шаралар, мемлекеттік аппаратты жетілдіру жайлы айтылды. Брифингті облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева ашып, жүргізіп отырды.

Жиында сөз алған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, Тәртіптік кеңес төрағасы Қуаныш Жапақов мемлекеттік қызметке келуге ниеттілердің қатарын көбейту мақсатында қолға алынар нақты қадамдарға тоқталып өтті.
Мемлекеттік қызметшілердің жұмысы бұдан былай мүлде жаңаша форматта бағаланады. Балдық шкала енгізіліп, аталған қызметкердің жалпы нәтижеге жетуге қосқан үлесі сараланады. Осылайша, сегіз негізгі талапқа жауап бере білген жауапты тұлға еңбегіне сай ақы алады. Балдық жүйе өте жоғары, жоғары, қанағаттанарлық және қанағаттанарлықсыз деп төрт топқа бөлінеді. Оның әрбірінде еңбекақы  әртүрлі болады.  Алғашқы екеуіне ие бола алғандарға үстемақы төленіп, жұмысы нәтижесіз деп танылған соңғы екеуінің кәсіби біліктілігін жоғарылату жоспары жасалынады. Тіпті, бір лауазымдағылардың да жалақылары әртүрлі болуы мүмкін. Бұл орайда ол қызмет көрсететін жердегі тұрғындар саны, жұмыстың қиындығы мен жауапкершілік деңгейі ескеріледі.
Қуаныш Жапақов облыста мемлекеттік қызмет саласында 700 бос орынның барын айтты. Жұмыссыздар көп десек те, жауапты салаға келетіндер аз. Бұл олардың тиісті межеден өте алмауынан, оның тым қиындығынан емес. Тәртіптік кеңес төрағасы сол тесті тапсырушылардың білім-білігі жеткіліксіз деген пікірде. Себебі, кіл мықтылар жалақы көп төленетін жеке секторға кетеді, не өздері бизнес ашады. Содан қалғандар ғана мемлекеттік қызметке келеді. Кадрлық құрамның әлсіз болатыны да содан.
Департаменттің бөлім меңгерушісі Райхан Братаева  тамыр-танысты лауазымды қызметке тағайындай салу мен командалық ауыз-түйіске жол берілмейтіндігін баса айтты. Мемлекеттік қызметке жаңадан келгендер  үш кезеңді іріктеуден өтеді. Ал, бос орындарды толтыру үшін алдымен мекеменің өз ішінде, мемлекеттік қызметшілер арасында және жалпы конкурс нәтижесінде іріктелгендер ғана жұмысқа алынады. Лауазымды тұлғалардың қызмет бабындағы және күнделікті тұрмыстағы өзін-өзі ұстау стандарттарын Этика кодексі анықтамақ. Кодекс талаптарының орындалуын этика жөніндегі уәкіл бақылайды.
Перизат ӘБІЛҚАСЫМҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар