Мемлекеттік қызмет сапасы жақсаруда

Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте Ұлт жоспары – «100 нақты қадамның» бірінші институционалдық бағытының жүзеге асырылу барысы туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері жан-жақты айтып берді.

Брифингке ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Дархан Хайруллин мен  аталмыш департаменттің мемлекеттік қызмет істері басқармасының басшысы Райхан Братаева қатысты. Олар Ұлт жоспарының кәсіби мемлекеттік аппарат құру бағытында белгіленген 15 қадам  бойынша облыста атқарылып жатқан жұмыстардың мән-жайын баяндады.
Ағымдағы жылдың 1 шілдесіндегі мәліметтерге сүйенетін болсақ, облыста мемлекеттік саясатты жүзеге асырып жүрген алты мыңға жуық мемлекеттік қызметші бар. Олардың орташа жас көрсеткіші 39-ды құрайды. Мемлекеттік қызметшілердің 63 пайызы нәзік жанды әйелдер қауымынан. Орташа еңбек өтілінің көрсеткіші 10 жылды құраса, нақты қазіргі уақытта отырған қызметтеріндегі еңбек өтілі 3 жарым жылдың шамасында екен.
–Мемлекеттік қызметке қабылдау рәсімдерін жаңғырту бойынша жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілуде. Азаматтарды мемлекеттік қызметке қабылдау кезінде оларды сапалы түрде іріктеп алып, конкурстарды нәтижелі өткізу мамандардың өз орындарында тұрақты жұмыс істеуімен айқындалуда. Соңғы үш жылдағы мемлекеттік қызметшілердің орын ауыстырушылығын салыстырып қарайтын болсақ, үш есеге дейін төмендеген. Мәселен, 2014 жылы – 1203, 2015 жылы – 768, 2016 жылы – 341 адам жұмыс орнын ауыстырған. Сонымен бірге, жұмыс орындарына вакансиялық конкурстар жариялау да біршама азайды. Жас мамандардың мемлекеттік қызметке орналасуға ынтасы артқандығы байқалады. Мемлекеттік қызметке бірінші рет орналасқалы отырған үміткерлерді іріктеудің үш сатылы жүйесі де өзінің нәтижесін беруде. Тест тапсыруға өтініш бергендердің арасында жауапкершілікпен дайындалып келіп, одан өтушілердің саны артты, –деді мемлекеттік қызмет істері басқармасының басшысы Райхан Братаева.
Міндетті сынақ мерзімінен өту жас мамандардың жұмысына дағдыланып, үйреніп кетуіне септігін тигізеді. Сынақ мерзімі кезінде олар тәлімгерлердің арқасында жұмыста кез болатын мәселелерді шешудің жолдарын үйреніп, алдағы уақытқа тәжірибе жинайды. Ағымдағы жылы 316 маман сынақ мерзімінен өтіп, олардың 206-сы жұмысқа қабылданып, өз міндеттеріне кірісіп кеткен. 110 адам әлі де сынақтан өтуде. 222 адам мемлекеттік қызметке бірінші рет қабылданып отырғандар, олардың барлығы да тәлімгерлермен қамтылыпты.  
10-қадамға сай мемлекеттік қызметшілерді мансаптық жоғарылату конкурстық негізде «Б» корпусының жоғары лауазымдарына төменгі лауазымдағы қызметшілер меритократия қағидасы шеңберінде жылжытылады. Биылғы жарты жылдың ішінде мемлекеттік органдардың ішкі конкурстарының нәтижесінде 57 төменгі лауазымдағы қызметшілер жоғары лауазымдарға тағайындалды. Ал, 15-ші қадам шеңберінде өткізілген кешенді аттестаттаудан 4 мыңнан астам мемлекеттік қызметші сынақтан өтті. Оның нәтижесі бойынша мемлекеттік қызметшілердің 90 пайызы өз лауазымына сай екендігін дәлелдеді. Ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейінгі көрсеткіштер бойынша 33 мемлекеттік қызметші жоғары лауазымдарға жоғарылатылды.
Сонымен бірге, департамент өкілдері жоғары лауазымды мемлекеттік қызметшілердің өздерінің қызметін пайдаланып, заң нормаларын бұзғандары үшін жауапқа тартылғандығы туралы бейнесюжеттер көрсетті. Іс-шара соңында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар