Мемлекеттік қызметшілер қазақша сөйледі

 Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрында аймақтардағы  мемлекеттік қызмет істері департаменттерінің арасында  «Тіл мәртебесі – ел мәртебесі» атты республикалық байқау өтті.

  Аталмыш додаға  өңіріміздегі департамент командасынан басқа, Астана қаласы мен  Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарының құрамалары қатысты.  Сайыстың ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, Тәртіптік кеңес төрағасы Қуаныш Жапақов құттықтау сөз сөйлеп, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
Алғашқы кезең – «Сәлемдесуде» еліміздің жүрегі, өсіп-өркендеу, кемелденуіміздің жарқын бейнесіне айналған елордадан келген департаменттің «Бәйтерегі», «Ана тілің – арың бұл, Ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте!» деген ұранды ұстанған теріскейлік «Қызылжар» да жүлделі орыннан үмітті екендіктерін ә дегеннен байқатты. Ал, ақмолалықтар «Біздің міндет – халыққа қызмет!» дей келе,  қызметтік жүктемелерден басқа, мемлекеттік қызметшінің басты міндетінің мемлекеттік тілді білу екендігін жеткізді. Құрамадағы Ербаян Сүлейменов Ата Заңның қашанда үстемдік құруы қажеттігін, Мемлекеттік басқару академиясының түлегі Ақерке Бекахметова кәсіби, білімді, жан-жақты мемлекеттік қызметшілер ғана халыққа тиісті деңгейде қызмет ете алатындығын айтты. Нұрбол Шәкенов, Әсем Әренова мен Анар Мағауова да берген анттарына адал болуға тырысып жүр.
Топ әріптестерін байтақ жерде бақытты өмір сүру үшін «Қазақстан – 2050» Стратегиясы мен «100 қадам» атты Ұлт жоспарын жүзеге асыруға шын жанашырлықпен атсалысуға үндеді. Елі текті, топырағы киелі Сырбай Мәулен, Ғафу Қайырбеков сынды дарынды ұлдарды қазаққа сыйлаған Қостанайдың командасы да осал болған жоқ.
Екінші кезеңде  әр топ өз департаменттерінің жұмысы жайлы бейнероликтер көрсетті. Соның ішінде Астананың «Бәйтерегі» мен солтүстіктің «Қызылжарының» жасаған бейнебаяндарының құр сипаттаудан ғана емес, тартымды сюжеттік желіден тұрғандығын атап өткен абзал.
Салт-дәстүрден үзінді көрсету сайысында астаналық команда баланы бесікке салу салтын сахналады. Құдайы қонаққа ат қойғызу, бата беру, бесікті аластау, бесікке бөлеу, бесік жырын айту сияқты жоралғының бәрі де шағын қойылымға сыйып кеткен. Күйеу күтіп, қыз ұзатқан теріскейліктер дәстүрлі қазақ қоғамындағы жеңге мен қайын сіңлінің арасындағы сырластық, қимастықты көрерменге жеткізе білді. Сыңсу, жар-жар айтылды, домбырамен «Шашбаулым» шырқалды. Бәрі ойдағыдай болды дегенімізбен, аталған топ мүшелерінің қазақшасында акценттің бары айқын сезіліп тұрды.  
Халқымыздың ежелгі дәстүрі  – шолпы тағуды көрсеткен жерлестеріміз осы кезеңде әсіресе, көрермен ықыласына бөленді. «Тулат мына өмірде ғұмыр-дария толқынды, Бес күндік бұл жалғанда тағып жүрші шолпыңды!», – деп күмістен жасалған шолпының тек әсемдік пен әдеміліктің ғана емес, ар мен абыройдың қорғаны екендігін әжесі мен жеңгелерінің балиғат жасына толған қызғалдақтай қызына айтуын, ата-әже, бала-келін, жеңге-немере арасындағы сыйластықтың ерекше үйлесімін топ шебер әртістерден кем сахналаған жоқ.  Департаменттің бөлім басшысы Ақерке Бекахметова домбырамен дәстүрлі әнді құйқылжыта шырқап, мемлекеттік қызметшілердің де біз ойлағандай тым қағазбасты емес, жан дүниесі бай, баба салтын бойына сіңірген жандар екендігіне көзімізді жеткізді. Қостанайлықтар болса, балаға азан шақыртып ат қойғызды.
Келесі кезеңде командалар патриоттық әндерді шырқап, залдағы жұртшылықтың рухын көтерді. «Жүзден жүйрік» сайысындағы дебат барысында бір тарап тәрбиенің отбасынан басталатындығын, екінші жақ оған қоғамның әсерінің мол екендігін дәлелдеуге тырысты. Әрқайсысы өз шешендіктері мен көсемдіктерін көрсетті.
Байқау қорытындысы бойынша астаналық департамент ынталандыру сыйлығын місе тұтса, қостанайлықтар мен теріскейліктер екінші, үшінші орындарды өзара бөлісті. Ал, бірінші орын бар сайыста тыңғылықты дайындығы, ұтқырлығымен көзге түскен ақмолалық командаға бұйырды.
Жеңімпаздарға дипломдар мен арнайы сыйлықтар табыс етілді. Қалай десек те, бұл байқау тілі төрде болған елдің туының қашанда өрде болатынын тағы бір рет дәлелдей түскендей. Қуантарлығы сол, мемлекеттік қызметшілер осыны бар жүрегімен сезініп, түсіне, түйсіне білуде.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар