Мемлекеттік қызметшілерге қазақ тілін білу талабы күшейтілуі керек

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын талқылауға арналған Бірыңғай республикалық тақырыптық күн аясында Достық үйінде дөңгелек үстел өтті.

Онда мақалаға қатысты ой-пікірлермен қоса, облыста су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға  қайырымдылық көмек көрсету жолдары да талқыланды. Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының белсенділері мен құрылымдары, ғылыми-сараптық топ, облыстық Қоғамдық келісім, Аналар кеңестері, этно-мәдени орталықтардың өкілдері қатысқан дөңгелек үстелге ҚХАА-ның хатшысы Марал Жақыпова төрағалық етіп, жүргізіп отырды. Ол Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы конституциялық реформаны, үшінші жаңғыру жолындағы экономикалық өзгерістерді шектеулі түрде толықтыратын және мәні жағынан Қазақстанды сәтті дамытудың жаңа идеологиялық платформасы болып табылатын Елбасының Жолдауын да жоғары рухпен қабылдағанын айта келе, мақалада көтерілген негізгі мәселе – жергілікті ұлтқа қатысты екендігін, құлдық санадан арылу қажеттігін, ұлттық рух, ұлттық тәрбиенің мәні мен латын әліпбиіне көшудің  маңыздылығына ерекше тоқталды.
Сонымен бірге, елімізде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдеріне де өздерінің салт-дәстүрі мен ана тілдерін құрметтеуге, бағдарламалық мақалада айтылған «Туған жер», «Жүз жаңа есім», «Жүз оқулық» мәселелері жайында түсіндірді. Бұдан әрі Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық  ғылыми-әмбебап кітапханасы директорының орынбасары Галина Савенкова кітапханада мақала тармақтарында айтылған ұлттық тәрбие, туған ел тарихын сүю, отансүйгіштікті қалыптастыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар турасында баяндады. Енді туған жер тарихын насихаттау, тың деректер жинау, оларды жас ұрпаққа жеткізу мақсатында
«Ауылдар энциклопедиясының» қолға алынғаны, оның туған ел тарихын қалыптастырудағы рөліне тоқталды. Сонымен бірге, «Жүз жаңа есім» аясында «Тұлғалар тарихы» жобасы жүзеге асырылғалы отырғандығын айтып берді.
Бүгінде халық арасында екі жақты пікір қалыптастырып, үлкен талқылауға түсіп жатқан латын әліпбиіне көшу жайы да отырыста кеңінен қамтылды. Белгілі ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың латын әліпбиіне көшу жайында жазған мақаласындағы «ертең зиялы қауым өкілдерінен бастап, екі жаққа бөлініп кетпейміз бе» деген пікірі төңірегінде де орынды ойлар келтірілді.  
– Қазір біздің орталық мемлекеттік қызметшілерге бұрынғыдай қазақ тілін ғана оқытып қоймайды, ағылшын тілін де үйретуде, –дей келе облыстық тілдерді оқыту орталығының директоры Қаратай Төлекеев облыстағы 5800-дей мемлекеттік қызметшіге қолда  бар оқыту орталықтары аздық ететіндігін, осы орайда, мектептер мен орта арнаулы және жоғары оқу орындарының базасынан ағылшын тілін оқыту курстарын ашу, Көкшетау қаласының картасын үш тілде шығару, қоғамдық көліктерде аялдамаларды үш тілде жариялау, мемлекеттік қызметшілерге арналған үш тілде құрастырылған тілашар кітапшаларын көптеп шығару жайында ұсыныстарын білдірді.
– Мемлекеттік қызметшілерге де мемлекеттік тілге деген талапты күшейту керек, – деді Аналар кеңесінің төрайымы Зере Қиықова. Дөңгелек үстелге қатысушы бір топ азаматтар да өздерінің мақаладан кейінгі әсерлерімен, оның бүгінгі таңдағы маңыздылығына қатысты ойларымен және пікірлерімен бөлісті.   Дөңгелек үстелдің екінші кезеңінде облыстағы су тасқынынан зардап шеккендерге материалдық көмек көрсету мақсатында қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып жатқандығы туралы айтылды. Қайырымдылық шараларын «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы, іскер әйелдер қауымдастығы белсенді жүргізуде. Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы Қоғамдық келісім кеңесі де облыста су тасқынынан зардап шеккендерге ақшалай қаражат аударуға арналған KZ77998JTB0000364839 арнайы шот ашылды.  Сондай-ақ, Достық үйінде материалдық көмек жинау орны да ұйымдастырылып, жұмыс істеуде. Зардап шеккен аймақтардың тұрғындарына киім-кешек, азық-түлікпен көмек көрсетушілер осы бөлімшеге апарып тапсыруға болады.

Ырысалды Шамшиева.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар