Мерейлі міндет жүктеледі

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 10 қаңтар күнгі Жолдауында Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріндегі өзгерістерге бейімделуіміз бен алда тұрған міндеттер үдесінен көріне білуіміздің жолдарын көрсетіп берді.

Мемлекет басшысы еліміздің бас-ты құндылығы және әлеуметтік-экономикалық дамуымыздың алғы шарты азаматтық қоғам, ұлтаралық және конфессияаралық түсіністікте екендігіне ерекше назар аударды. Мұның өзі үздік денсаулық сақтау қызметі мен дені сау ұлт қалыптастыруды көздейтін жетінші міндетте нақты атап өтілді. Мемлекет пен азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген қолжетімді және сапалы денсаулық сақтау ісі мемлекеттік саясаттың басты арқауы саналады. Елбасы салалық қызметтің тиімділігін қамтамасыз етуде қымбатқа түсетін стационарлық емнің үлесін азайтып, алдын алу шараларына, қоғамдық денсаулық қызметін жүйелі басқару мен саламатты өмір салтын насихаттауға мейлінше көңіл бөлуді тапсырды. Яғни, халықтың өмір сүру ұзақтығының өсуіне және медициналық технологиялардың дамуына байланысты медициналық қызмет көрсетуге деген сұраныс арта түсетін болады.
Еліміздің өзге аймақтарындағыдай, Зеренді ауданында да ауруды ерте диагностикалаудың және қатерлі ісікті емдеудің өскелең талаптары бірінші кезекке шығарылуда. Былтыр ауданымыздың 7904 тұрғыны скринингтік тексерістен өткізілді. Мұның 1926-сы онкоскринингтік сипатта. Алдын алуға бағытталған шара нәтижесінде 154 адамның кеселге шалдыққаны анықталды. Олар диспансерлік бақылауға алынып, ем қабылдауда, ота жасатқандары да бар.
Қолданылған шаралардың нәтижесінде 2017 жылы қатерлі ісіктен көз жұмғандар саны 20,8 пайызға азайды. Атап айтқанда 2016 жылғы 113,5-тен 87,9-ды құрады. Жергілікті атқарушы органдардың шешімімен қатерлі ісікке шалдыққан 70 адамға бір мезеттік әлеуметтік көмек көрсетілуде. Бұл мақсатқа өткен жылы 2,1 миллион теңге жұмсалса, биыл қаржы көлемі 2,6 миллион теңгеге өсті.
Аудандық аурухана Қазақстан
республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «қағаз қолданбайтын
аурухана» қанатқақты жобасын қолдануда. Жолдауда атап көрсетілгеніндей, басты мақсат – ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильдік цифрлық қосымшаларды пайдалану, электрондық денсаулық пас-портын енгізу арқылы медициналық қызметтің қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету. Бұл үшін дәрігерлер мен орта буын медициналық қызметкерлер арнайы оқуға қатыстырылса, «Астанателеком» арқылы 9 желі тартылып, 79 жұмыс орны автоматтандырылды. Техникалық жабдықталуымыз бен интернет желісін ұлғайту одан әрі қуаттандыру ісі жоспарлануда.
Өткен жылдың желтоқсан айында Зеренді ауылында заманауи медициналық жабдықтармен қамтылған, ауысым сайын 250 адамды қабылдай алатын жаңа емхана пайдалануға берілді. Емдеу мекемесі аудан тұрғындарына сапалы және қолжетімді қызмет көрсете алады. Мамандар мен ем қабылдауға келген кісілерге барлық қолайлы жағдайлар жасалған. Сондай-ақ, жаңа ғимараттың бой көтеруі қосымша учаскелік кабинеттерді ашуға, осы арқылы жалпы практика дәрігерлерінің жүктемесін азайтуға мүмкіндік берді.
Медицина кадрларының жетіспеушілігі де біртіндеп шешімін тауып келеді. Соңғы үш жыл қатарынан медициналық жоғары оқу орындарында аудандық бюджет есебінен 10 студент білім алуда. Бұл мақсатқа 9,5 миллион теңге қаржы бөлінген.
Мемлекет ұзақ мерзімді мақсаттарын сақтай отырып, Президент Жолдаулары арқылы қоғам мүшелерінің, бала-шағамыздың жарқын болашағын қамтамасыз етудің жолдарын нақтылап, баршамызды әлемдік талаптардағы іргелі істерге жұмылдыруда. Зеренді ауданының медициналық қызметкерлері де Елбасымыздың биылғы Жолдауында және «Денсаулық» бағдарламасында белгіленген міндеттерді орындауға білімі мен біліктілігін сарқа жұмсайтын болады.

Банұржан ЖАНҒАЛОВ,
Зеренді аудандық ауруханасының бас дәрігері.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *