Мереке Жүсіпов атындағы турнир мәреге жетті

Көкшетау қаласының іргесіндегі Краснояр селосында халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мереке Жүсіповтің құрметіне бокстан жасөспірімдер арасында республикалық турнир болып өтті.

Аталмыш селода он алтыншы мәрте өткізілген бұл турнирде Қазақстан мен Ресейдің екі жүзге жуық былғары қолғап шеберлері өзара күш сынасты. Ақмола облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Әсет Бүкібаев өз сөзінде бұл турнирдің негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, белгілі былғары қолғап шебері Мереке Жүсіповті үлгі-өнеге ете отырып, боксты насихаттау, жас боксшылардың спорттық шеберлігін ұштау екенін айтып өтті.
–Жасөспірімдер арасынан лайықты спортшылар шығып, мықтылары жеңіске жетеді деген үміттеміз,–деді ол. Төрешілер төрт күн бойы жас боксшылардың деңгейін бағалады. Жекпе-жекте барлық боксшылар өздерін нық ұстап, жеңіске деген жігерлерін көрсетті. Командалық сынақта ринг иелері үстем болып, үздік атанды. Сөйтіп, жиырма салмақ дәрежесінен 14 алтын медаль жеңіп алды. 2002-2003 жылы туған қыздар арасынан красноярлық Сабина Ерденова мен Меруерт Берікова, 2004-2005 жылы туған жасөспірімдер арасында атбасарлық Есләм Тұрсынбеков, Павел Токарев, Аят Қыпшақбай турнир жеңімпазы атанды. Сондай-ақ, өз салмақ дәрежелерінде Дауыл Әкімбеков, Виктор Литвинов, Әділ Айтышев, Никита Свинцов сияқты жерлестеріміздің мерейі үстем болды. 2000-2001 жылы туған жастар арасында көкшетаулық Тимур Қабдешов, Ғалым Мырзатаев, Ерназ Рахметулин, Сұлтан Мусинов және Шәмил Жармедетов бірінші орыннан көрінді. Қостанай мен Омбы қалалары командаларының әрқайсысы екі алтын медаль иемденді. Астана мен Жезқазған қалаларының өкілдеріне де бір-бір алтын медаль бұйырды.
–Өз салмақ дәрежем бойынша мықты былғары қолғап шеберлерімен жұдырықтастым. Жеңіске деген жігерімді қайрай білдім. Нәтижесінде бас жүлдеге ие болдым,–дейді 60 келі салмақ дәрежесіндегі чемпион Сұлтан Мусинов бізбен әңгімесінде.
Атақты боксшымыз Мереке Жүсіпов 1987 жылы КСРО кубогының, 1991 жылы КСРО чемпионатының, 1991 жылы КСРО кубогының,1991 жылы КСРО халықтары спартакиадасының, 1992 жылы ТМД чемпионатының, 1992 жылы ТМД кубогының күміс жүлдегері, 1990 жылы КСРО чемпионатының, 1990 жылы КСРО кубогының қола жүлдегері. Финляндия, Тунис, Алматы, Бішкек, Екатеринбургтегі халықаралық турнирлерінің чемпио-
ны. Болгариядағы достық әскері спартакиадасының жүлдегері, кикбокстан ТМД чемпионы болғанын атап өткен ләзім. Ол 2007 жылдан бері қол ұрысы бойынша Қазақстан Ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы.

Махаббат БОЛЬШИНА,
Ақмола облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының
баспасөз қызметі.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *